«МЕДИЦИНА – ТЕК КӘСІП ЕМЕС, ӨМІРІМНІҢ БӨЛШЕГІ»

Дәрігер деген – кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі – Ахметов Бауыржан Сұрашұлы. Бауыржан Сұрашұлы – Ақмола облыстық хирургия бөлімінің біліктілігі жоғары санатты дәрігері. Көп жылғы адал еңбегі үшін ол «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» мемлекеттік наградасымен, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапатталған. «Мамандыққа адалдығы үшін» ҚР медалін иеленген, Ақмола облысының жетекші колопроктологы.

Интерннен бөлім меңгерушісіне дейін

Кейіпкеріміз дәрігер болуды бала кезден-ақ ой-дәптердің бір түкпіріне түртіп қойған екен. Ал медицина факультетінің хирург мамандығына соңғы жылдары бет бұрған. «Әйтеуір, не де болса оң жамбасқа түскен сала осы болды. Медицина жолындағы алғашқы қадамдарды әскерден келе сала Целиноград медицина институтының дайындық курсына түсуден бастадым. Көп ұзамай ондағылар мені оқуға қабылдап, алты жылда маман болып шыға келдім», – дейді Бауыржан Сұрашұлы. Еңбек жолын Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасында интерн болып бастап, тәжірибеден өткен жас маман уақыт өте келе, білікті хирургқа айналды. Ұзақ жылдар бойы жиған тәжірибе мен білім нәтижесінде хирургия бөлімінің меңгерушісі лауазымына ие болды. Бұл қызметті 11 жыл абыроймен атқарып, бүгінде зейнет жасына жеткен соң, орнын жастарға босатып беріп, қатардағы хирург болып еңбек етіп жүр.

Отаның оңайы жоқ

Күрделілігіне қарай кез келген операцияны жасау қолдан келеді. Оның үстіне қазіргі заман технологиялары біраз процесті оңтайландырды. Тәжірибелі дәрігер өзінің 40 жылдық еңбек жолында көбіне бүйрекке, тоқ ішекке, тік ішекке қатысты оталарды жиі жасапты. «Осы тұста республика бойынша біздің бағытта елімізде белгілі технологияның бәрін ауруханамызға енгізе алдық деп ауыз толтырып айта аламын. Отаның оңайы жоқ, әрқайсысының өзіндік қиындығы мен күрделілігі бар. Өйткені сенің қолында адамның өмірі мен болашағы тұр. Сол үшін де әр операцияға кірісер алдында өзімізді де, науқастарды да тыңғылықты дайындаймыз. Науқастың шағымдарына құлақ асып, анализ нәтижелерін тыңғылықты қарап, күмәнді деректерді қайта тексеріп, бөлімшедегі әріптестермен кеңесе отыра, операциялық бөлмеге кіреміз», – деп бөлісті дәрігер. Әйтсе де, Бауыржан Сұрашұлы еңбек жолындағы ең бір қиын тиген операция – ауруы асқынған тоқ ішек отасы екенін есіне алды. Айтуынша, пациент өте нашар халде түскен. «Науқасты аяққа тұрғызу үшін арасына интервал салып, 4-5 ота жасауға мәжбүр болдық. Амалсыздан зақымданған тоқ ішек пен аш ішекті кескен едік. Десе де, бәрі сәтті аяқталды. Науқас қазір ауруынан толық айыққан. Ара-тұра бөлімшеге келіп, алғысын айтып кетеді», – дейді өткен күндерді ой елегінен өткізген маман. Сондай-ақ хирургия саласында ота барысында да және отадан кейін де неше түрлі жағдайлардың ара-тұра болса да орын алып тұратынын тілге тиек етті. Әсіресе, ота барысында асқыну, қан кету сияқты қиындықтар кезігетінін айтады. Тіпті қатерлі ісіктің өзге орындарды да зақымдағаны анықталғанда, шұғыл операция барысын қайта қарауға тура келетін жайттар болатынын да жасырмады.

Пышақсыз-ақ дертке дауа табуға мүмкіндік бар

Кәсіби дағдыларын енді ұштай бастаған жас Бауыржан ота қанша күрделі болса да, білек сыбана кірісетін. Кей оталар өте күрделі болды. Қазір сол уақыттарды еске алса, еріксіз бір жымиып алады. «Бұрындары ауруханаға бүйрегін тас бітеп, күзгі жапырақтай сарғайып түскен науқасты іш құрылысын ақтарып қана емдей алсақ, қазір денеге пышақ тигізбей, дертке дауа табуға мүмкіндік бар. Жаңа заман құралдары медицинадағы бірсыпыра мәселерді шешеді. Солардың ішінде негізгі үш пунктті атап өтуге болады. Біріншіден, операцияның жеңіл өтуі, екіншіден, оңалту процесінің жеделдеуі, үшіншіден косметикалық тиімділігі. Яғни, науқасты пышаққа іліндірмей-ақ емдеп шығаруға мүмкіндік мол», – дейді көпті көрген тәжірибелі маман. Дәрігердің сөзінше, соңғы кездері семіздік дерті дендеген. Науқастың ауруын жеңілдету үшін күрделі ота қажет. Қарыштап дамыған технология бұл дүниені де қалыпты процедураға айналдыратынына сенімді.

Операция ерке бикеш секілді

«Бауыржан Сұрашұлы алдымен ауруханаға соғады, содан кейін ғана үйіне кетеді» деп әріптестер жиі қағытады. Байқап тұрса, расында да, осынау жарты ғасырға жуық еңбек жолында демалыс, мереке күндеріне аса бір назар аудармаған екен. Ауруханаға әрқашан ерте келіп, кейде ауыр науқастармен түнеп қалып қоятын сәттер де қалыпты жағдайға айналған. Аурухана басшылығы жыл сайын қызметкерлерге түрлі демалыс жоспарын даярлайды. Әсіресе, ұжымдастар балық аулау, аң аулау, табиғат аясында серуендеу сияқты демалыс түрлерін жақсы көреді. Әйтсе де, Бауыржан Сұрашұлы әркез «менің пациентім бар, бос емеспін» деп мұндай жиындарға қатыса алмай қалады. Әріптестеріне келесі демалыстарда бірге болуға сөз бергенмен, ол уәдеде тұра алмайтын сәттері көп. Ұжымдастарының әзілдеп айтқан «Сіз ешқашан өзгермейсіз» деген сөзіне Баукең де «Мені өзгерте алмайсыздар» деп қалжыңмен жауап қайтарады. «Сүйікті жұмыс өміріңді ұзартады. Жұмысыма деген адалдығым кез келген аргументтерден асып түседі. Әсіресе, «операция дегеніңің ерке бикеш іспеттес, егер онымен кездесуге кешігіп қалсаң, өзара екі жақты дұрыс қарым-қатынасқа түсе алмайсың және жолыңыз болмай қалады» деген сөзді жиі айтамын», – дейді кейіпкерім.

Жандауа

Отаға қорықпай кіретін жан болмас. Науқас операция алдында ішкі арпалысқа түсіп, психологиялық күйзеліске ұшырайды. Осындай сәтте психологтың көмегі ауадай қажет. Науқастың ішкі жағдайына селқос қарауға болмайды. Алайда ауруханадағы жалғыз психолог кімге жетсін? Бір өзі шамасы жеткенше пациенттермен тілдесіп, моральдық тұрғыда көмек көрсетеді. Дегенмен хирургтар да мұндай сәтте қол қусырып отыра алмайды. Қажет жерде олар да психолог боп кетеді. Хирургия – медицинадағы ауыр мамандықтардың бірі. Операция үстеліне жатпас бұрын науқасқа қандай көмек керек болса, отаны аяқтаған хирургқа да сондай қолдау қажет. Бауыржан Сұрашұлы өз жұмысының нәтижесінен ләззат алады. Үйдегі жарының қолдауынан қанаттанады. Жұмыстан шаршап келгенде мойнына асылған немерелерінің иісінен шаршағанын ұмытады. Өмірде одан асқан байлық бар ма?!.

Жастарға кеңес: қорықпаңдар!

«Кез келген аурухананың беделін ең алдымен хирургиялық бөлімнің қызметі қалыптастырады» деген сөзді әрдайым есте ұстайды. Мамандыққа адалдық – Бауыржан Сұрашұлы үшін ең басты құндылық. Өйткені медицина – тек кәсіп қана емес, өмірінің елеулі бір бөлшегі. «Дәрігер болу көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Біз пациенттер өзімізге толық сенім арта алатындай жұмыс жасауымыз керек. Адамдар алдындағы осындай жауапкершілік сезімі жұмыс істеуге күш пен мотивация береді. Дегенмен бүгінде хирургияға келетін жастар қатары азайып бара жатқандығы жаныма батады. Басым көпшілігі бұл мамандықта кездесетін қиындық пен жауапкершіліктен қорқады. Әрине, оңай емес, дегенмен қорқып-бұққаннан жағдай әсте өзгермейді. Алға ұмтылып, ізденіс үстінде жүрген, қорқынышын жеңген адам ғана биікке шығады», – дейді жүрегі қалаған сүйікті мамандығының болашағына алаңдаған дәрігер. Хирургия саласының ыстықсуығын басынан өткізген тәжірибелі маман ізін басып келе жатқан кейінгі буынға «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруден аулақ болған жөн екендігін айтудан жалықпайды.

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Апостильдің маңыздылығы

Апостиль – елдер аумағында ұсынуға арналған құжаттың заңдылығы туралы...

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары

Сыбайлас жемқорлық – мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан барлық...

Кассациялық сатыдағы соттың маңыздылығы

Елімізде 2025 жылдан бастап сот саласына жаңашылдық енізіліп, кассациялық...

Соттағы қылмыстық істерді қараудың басты бағыттары: әділдік пен заңдылық кепілі

Қылмыстық істерді сотта қарау – адам тағдыры шешілетін, қылмыстық...

Регионы-аутсайдеры по исполнению плана-графика МЭКС назвали в проектном офисе

На заседании проектного офиса нацпроекта по модернизации энергетического и...