Ауылды бүгінде ел халқының 41 пайызы мекен етуде. Демек, бұл 7,8 млн отандасымыз. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың жартысына жуығының қабырғасына батқан түйткілді мәселе аз емес. Соның бірі денсаулық сақтау ісіне қатысты. Бүгінде ауылдағы тозығы жеткен емдеу орындарында мамандар жетіспейді. Оларға 1700-ден астам медицина қызметкері қажет. Мұның 1000-ы дәрігер болса, 700-ден астамы медбикелер. 200 ауылда мүлде медициналық нысан жоқ. 400-ге жуық елді-мекенде емдеу орындары жалға алынған, көбі апаттық ғимараттарда орналасқан.
Бұл жөнінде Парламент Мәжілісінде өткен «Ауылдық денсаулық сақтау: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты үкімет сағатында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят айтты. Мұндай жағдайда қызмет қалай сапалы көрсетілмек? Ауылдарда динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің жеткіліксіздігі байқалады. Сонымен қатар, созылмалы аурулары бар пациенттерді қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету қаламен салыстырғанда 2 есеге аз. Бірқатар ауылда дәріхана бекеттері жоқ. Осындай жағдайдың салдары болса керек, соңғы уақытта ауылдықтардың сырқатқа шалдығу деңгейі арта түскен. Әсіресе, пандемиядан кейін тыныс алу ағзаларының ауруларынан зардап шегушілердің көбейгені көрініп отыр.
Былтыр 100 мың тұрғынға шаққанда 17164,4 адам осындай сырқаттарға шалдығып, ем қабылдаған екен. Қанайналым жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісіктерден, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және жарақаттардан болатын өлім басым. Өзекті мәселелерді осылайша жасырмай ортаға салған министр ханым оларды шешу жолдарын да ұсынды. Құзырлы орынның бұл тұрғыда қабылдаған шаралары, жасаған жобалары баршылық екен. Министрдің сөзінен түйгеніміз, олар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Алдымен медициналық кадрларды ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, енді келген әрбір дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер үш-бес миллионға дейін жәрдемақы бермек. Десе де, әлі де ауылға баратын дәрігерлердің әлеуметтік қолдауын күшейту қажет. Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медициналық кадрды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша гранттар беріледі. Сонымен қатар, ауылда резиденттер міндетті практикадан өту үшін «Резиденттер ауылға» пилоттық жобасы пысықталуда. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санын жыл сайын 70 пайызға өсіруді тапсырған болатын. Ағымдағы жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 2981 жас маман, оның ішінде ауылға – 797 адам бөлінді. Енді тек жергілікті органдар келген жас мамандарды тұрақтандыруға күш салуы қажет.
Ауылда сонымен қатар медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған адамға немесе пациентке бағдарланған медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелеріне негізделген жобалар енгізілуде. Олар пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын үйрету, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту шараларын қамтиды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсету форматына ауыстыру жоспарланып отыр. Жалпы, 3 жылдың ішінде ауылдағы денсаулық сақтауды қаржыландыру 2 231,5 млрд теңге болса, 2023– 2025 жылдарға шамамен 2 646,9 теңге қаражат көзделуде.Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Осылайша, 50 адамға дейін тұратын ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырса, 500 адамға дейін тұратын ауылдарда медицина қызметкерлері саны 3-ке жеткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы әзірленді. Жоба екі міндетті қамтиды. Біріншісі – жетіспейтін алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары – медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салып, барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық құралдармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Сөз алған депутаттар жобаға қатысты түрлі мәселе көтерді. Баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова бұл жұмысты жүзеге асыруда сапаға айрықша назар аудару керектігін мәлімдеді. Халық қалаулысы әсіресе салынып жатқан нысандарды сала мамандарымен, соның ішінде ультра-дыбыстық зерттеу, МРТ, КТ аппараттарында жұмыс істей алатын медициналық мамандармен қамтамасыз ету бойынша күнтізбелік жоспар әзірлеудің маңыздылығын, ол үшін медицина қызметкерлерінің тапшылығына зерттеу жүргізудің қажеттігін айрықша атап көрсетті.
Депутаттар сонымен қатар жұмыссыз азаматтарға медициналық қолдау көрсету, жедел медициналық көмек көрсету, ауыл ауруханаларын интернетпен қамтамасыз ету жайына алаңдаушылық білдірді. Ауылдықтар міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруға қатысты орынды сын айтты. Бұл ретте 1,6 миллион сақтандырылмаған ауыл тұрғындарына медициналық қызмет тек шұғыл жағдайда ғана көрсетіліп, басқа кезде ол ақылы түрде болатыны айрықша атап көрсетілді. Өйткені, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауылда жүрек-тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлімжітім 11 пайызға артқан. Сонымен қатар, онкологиялық аурулардың 10,5 пайызға өсуі байқалады. Денсаулық сақтау министрлігіне барлық ауыл тұрғыны үшін сақтандыру мәртебесін ескермей, скринингтер мен басқа да маңызды медициналық қызметтерді жүргізу ұсынылды. Бұл мәселеге орай министр «Дәрігер ретінде мен барлық кәсіби тексерулерді, скринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) аясында жүргізуді қолдаймын. Бірақ бүгінгі күні ТМККК-да қаражат жеткіліксіз. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан оны болашақта қарастырамыз, мүмкін тәсілдерді өзгертеміз. Біз скринингті он жылға жуық уақыт бойы жүзеге асырып келеміз және ауылда анықталу деңгейі өте төмен. Ол тек 5-7 пайызды құрайды. Енді біз кәсіби медициналық тексеру жүргізіп, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын көреміз. Содан кейін нақты шаралар қабылданады», – деп өз ұстанымын жеткізді.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


