Медиацияның маңызын, тиімділігін түсіндіру артық. Себебі «Медиация туралы» заң қабылданған 2011 жылдан бері бұл институт қоғамға пайдалы екенін толық дәлелдеді. Бүгінде соттар халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып шиеленісті азайту, бітімгершілікке келу, келісім институттарын дамытуға айрықша бет бұрды. Дауды сотқа дейін жеткізбеудің, сотқа дейінгі рәсімдерді алдын ала шешудің мүмкіндіктерін мақсатты түрде пайдалана бастады.
Алайда, медиацияның жақсы жағын біліп, медиаторлардың біліктілігіне көзі жетсе де, баяғы дағдымен әлі күнге істерін соттың қарағанын қалайтындар жоқ емес. Әрине, сот жүйесінің басты міндеттерінің бірі – адам құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған. Дей тұрғанмен, істі сот арқылы шешудің өзіндік тәртібі, заңдық қағидасы бар. Істерді сот алаңы мен медиация алаңында қараудың айырмашылығы баршылық. Біріншіден, сот – дау алаңы. Сотта талас-тартыстың орын алатыны заңдылық. Өз уәжін дәлелдегісі келген тараптардың қарсы жаққа мейлінше ауыр тиетіндей, жанын жаралайтындай сөз айтатыны анық. Ал медиация ерікті, бейбіт келісім болғандықтан, екі тарап өз қалауымен ортақ мәмілеге келеді. Бет жыртысып, дауласпаған соң азаматтардың жүйкесіне де салмақ түспейді. Араларындағы достық қарым-қатынас сақталады. Медиация отпен салыстырғанда уақытты үнемдеуге, қаржылық салмақты азайтуға көмектеседі. Одан бөлек, тараптар арасындағы құпияның сыртқа шықпауына да кепілдік береді. Сондықтан, медиацияның осы басымдықтарын азаматтардың назарына салып, түсіндіру жұмыстарын әлі де тоқтатпау керек.
Себебі, істердің медиация арқылы түйінделуі сот үшін тиімді. Бүгінде Алматы қаласындағы сот жүктемесінің қаншалықты жоғары екені көпшілікке мәлім. Істердің сотқа жетпей, сотта медиация, тараптардың татуласуы, партисипативтік келісіммен шешілуі судьялардың жүктемесін айтарлықтай азайтады. Бұл әріптестеріміздің уақытын неғұрлым күрделі істерге арнап, тәжірибе алмасуына, кәсіби біліктілігін арттыратын кітаптар оқуына мүмкіндік береді.
Медиация отбасылық, еңбек және жеке азаматтық дауларда тиімді нәтиже беріп отыр. Көп жағдайда ол екі тараптың да психологиялық күйзелістен аман шығуына септігін тигізеді.
Халықтың құқықтық сауаттылығы мен заңға деген құрметі артпайынша, сот жүйесінің дамуы біржақты болмақ. Азаматтардың өз құқығын білмеуі – олардың оны қорғауға да мүмкіндігі болмайтынын білдіреді. Сондықтан құқықтық түсіндіру жұмыстары, мектеп пен жоғары оқу орындарындағы құқықтық білім беру, БАҚ-тағы түсінікті әрі бейтарап ақпарат – қоғамның құқықтық иммунитетін қалыптастырады.
Б.Амиркулов,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы