Қазақстан – әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын, көптеген дау-жанжалды бейбіт жолмен шешу тәсілін ұсынып келе жатқан мемлекет. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы – бітімгершілік миссиялары. Жалпы бітімгерлік миссиясы екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, әлемде жаһандық кезекті соғысты туындатпау мақсатында БҰҰ сынды татулықты, бейбітшілікті сақтаудың бірегей институты пайда болған сәтте үлкен қолданысқа ие бола бастады. Әрине бұл — халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты іске асыратын бітімгерлік мәселесі.
Ал медиация — азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылатын, тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылып, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Дегенмен екі процестің де мақсаты ‑ қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келуіне ықпал ету.
Дегенмен дауды шешу үшін билер кеңесіне жүгіну басқа елдерді айтпағанда, қазақтың қанында бар қасиет еді. Мұны талай жанжалды бітімгершілікпен шешкен тарих дәлелдейді. Ал бүгінде озық елдер тәжірибесі мен қазақтың бітімгершілік институтын дамытқан еліміз татуластыру рәсімдерін барынша кең қолдануға әрекет жасап жатыр. Соның негізінде әр өңірде ақсақалдар алқасы, билер кеңесі құрылып дауларды бейбіт түрде шешуге әрекет етуде. Нәтижесінде қазіргі таңда медиация қызметін қолдану қарқын алып отыр. Сонымен қатар, медиацияның артықшылықтары да бұған айтарлықтай сеп беріп отыр деп ойлаймын. Атап айтқанда:
- Медиация, әдетте тезірек аяқталады. Себебі тараптар өзара келісімге келуге тырысады;
- Медиациялық процесс ақша мен уақытты үнемдейді. Бұл қос тарапқа да тиімді;
- Медиация барысында барлық ақпарат құпия сақталады. Бұл тараптарға жеке мәселелерін ашық түрде талқылауда сенімділікті арттырады;
- Сот процестері психологикалық тұрғыдан ауыр болуы мүмкін. Медиация бейресми және бейбіт жолмен дауларды шешуге ықпал ететіндіктен, бұл тараптардың стресстік деңгейін төмендетеді.
- Медиацияда тараптар келісімнің шарттарын өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес бейімдей алады. Бұл сот шешімдеріне қарағанда әлдеқайда тиімді;
- Медиация тараптардың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Себебі олар дауды шешу барысында бірлесіп жұмыс істейді.
- Медиацияның арқасында сот жұмысы жеңілдейді, бұл сот жүйесінің тиімділігін арттырады.
Медиация – бұл тәуелсіз үшінші тараптың (медиатордың) көмегімен тараптардың дауларын шешу процесі. Медиатор даудың шешімін өзі қабылдамайды, бірақ тараптарға мәселені талқылауға және өзара түсіністікке, тараптардың келісімге келуіне көмектеседі.
Хасенова Әсем Ерқасымқызы, Бостандық аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы