Көкжиекті іңір торлай бастаған кез. Қала шетіндегі ауылдың маңына жақын мұсылман зираттан арагідік айқай-шу естіледі. Құдды, әруақтар бір оянып, бір тыншып жатқандай. Шынында бұл дауыс әруақ немесе ібілістікі емес. Зират басында тосын жайдың сырын аша алмай, әбігерге түскен бір топ адам дабырласып жүр. Инспектор Шерхан өзін не бір сұмдық қылмысты көрген, сол себепті жүйкесі берік, әккі, еш нәрсеге селк етпейтін мықты адам санайтын. Осы жолы темекісін құшырлана сорған күйі олай емес екеніне көзі жетіп отыр. Кенет «он бірінші, мұнда да бар екен» деген айқай екі рет естілді. Үшінші рет естісе жынданып кетердей дауыс шыққан жаққа жалт қараған күйі «Енеңді ұрайын, енді бірнәрсе десең сені де қоса көмемін» деп бақырды. Жанына көмекшісі Бекзат келіп, біраз үнсіз тұрды. Бұл оның әдетте Шерханға бірдеңе деуден қаймыққан кездегі «енді не істейміз?» деген емеуріні еді.
– Не істейтін едік, тағы қазамыз да, – деді инспектор.
– Келесісін қаза беріңдер, – деп көмекшісі бір топ адамға қарай жүріп кетті.
Әлі түсінер емес, қанша ойланса да бір моладан бір емес, бірнеше адамның мәйіті шығып жатыр. Топырақ түткендей айналаның бәрі шаң. Бар бәле осыдан бір апта бұрын басталған болатын. Өткен айда қалаға аты белгілі бір бай кәсіпкер аяқ асты ауыр дерттен көз жұмып, туған-туысы өз жұртында жатсын деген ниетпен ел көзінен тасада болса да осы зиратқа жерлеткен екен. Арада көп өтпей жасы елулер шамасындағы әйел жиырмадағы баласын жетектеп, кәсіпкердің әулетіне «еншімізді бер» деп ойран салады. Сөйтсе, жаңағы әйел қайтыс болған кәсіпкердің бұрын түзде жүргенде көңіл қосқан ойнасы болыпты. Әлгі баласын содан тауып, талай жылдан кейін өздеріне тиесілі мұрасын сұрап келген түрлері екен. Оған сене қояр кім бар, соңы дауға ұласып, екі жақ ДНҚ анализге жүгінетін болып, шешімге қабылдайды. Ол үшін көрде жатқан адамның да тынышын алып, бетін ашпасқа амал жоқ. Ақыры моланы қазғанда көрден бір емес, екі адамның мәйіті шыққан. Арулаған күйі жатқан кәсіпкердің денесінің қасында қара қапқа оралған тағы бір мәйіт табылады. Туған-туыс жиылып, байдың жаназасын шығарып, жер қойнына бергенде тек бір мәйітті көмген. Ал екіншісі қайдан шықты? Яғни, көр кейіннен қайта қазылып, жанына бір адамды жерлеген. Оқиғаның байыбына жете алмаған инспектор әуелден мұның тектен тек болмағанын білді. Бір қызығы, капқа салынған мәйіттің қарны тілініп, ақтарылған. Бұған қоса, «34» деп жазылған жапырақтай қағаз шығады. Шерхан алғашында оның не мағына беретінін ұға алмады. Көп ойланып, бір нәрсені аңғарды – бұл құрбандардың саны болуы мүмкін. Сол үшін амалсыз жанындағы молаларды да ашып көруге бел байлаған. Кәсіпкердің моласы зираттың кіреберіс, ауыз жағында орналасыпты. Егер қылмыскерлер басқа молаларға да мәйіттерді көмген болса, осы керіберіс тұстағыларға көмгені анық. Әуелде басқа молаларды да қазамыз дегенде ауыл тұрғындары жапатармағай қарсы шықты. Әруақты мазалауға болмайтынын айтып, ел-жұрт көп шағымданған. Инспектор әйтеуір істі ашпасқа болмайтынын жеткізе жүріп, эксгумациялауға тергеу сотының рұқсатын алған еді. Қателеспепті, енді бірінен кейін бірі қара қапқа салынып, кейіннен жерленген мәйіттер шығып жатыр.
– Тағы шықса не істейміз? – деді көмекшісі мұның терең ойланғанын көріп.
– Білмеймін, зиратта шамамен бірнеше жүздеген мола бар. Бәрін қазып жүрмейтін шығармыз.
– Сіз ана қағазға жазылған санды не деп болжадыңыз? Оның үстіне басқа молалардан шығып жатқан мәйіттер де қара қапқа салынған, бәрінің іштері жарылыпты. Бірақ жанынан соңғысындағыдай қағаз шыққан жоқ.
– Не де болса, барлығы бір қолмен жасалған қылмыс екені сөзсіз. Мәйіттердің іштері неге кесілген? Шамасы біреуге органдары керек болған. Айтпақшы, қаптардан саусақ іздері шыққан жоқ па?
– Жоқ, әккілер қарапайым ережені біледі екен. Қылмысты арнайы білетін адам істемесе, екінің бірінің қолынан келмейді ғой, – деді Бекзат.
– Міне, мен де соны айтып тұрмын. Қаладағы мәйітханаларды аралап көру керек, бәленің бір ұшы солардан шығып тұрған сияқты, – деп Шерхан күмәнін жасырмады.
Қас қарайып қалған кез. Бұлар темекі тартып тұрғанда «он екінші, мұнда да бар» деген айқай естілді. Басы мең-зең болған инспектор қалған шаруаны ертеңге қалдыруды шешті. Таң атысымен көмекшісі екеуі қаладағы мәйітханаларды аралауға шықты. Алайда не деп барарын, не сұрарын нақты білмейді. «Есебі жазылған құжаттарын ақтарудан басқа амалымыз жоқ», – деді Шерхан.
Қаладағы ең үлкен мәйітхананың керіберісінде бұлар бір күмәнді жағдайға кез болды. Есіктің аузында бетінің оң жағы құдды бұрын пышақпен тілінгендей, шашы артқа қайырылып, жалбыраған, жағы шығыңқы, жасы қырықтар шамасындағы ұзын бойлы кісіге тап келді. Бұл екеуін көргенде ананың көзі шарасынан шығардай болып, тартып тұрған темекісін жерге түсіріп алардай қолы дірілдегенін көрген. Бір-бірлеріне басын изеді де, ғимаратқа кірісімен мәйітхана қызметкерлерінен есеп жазылған құжаттарды сұратты. Сәл қартаңдау, сары шашты, дегенмен көзі сұсты Жұмахан есімді қызметкер бұларға есептерді өткізіп, әр нәрсені айтып әлек. Сыртынан қараса ұлты қазақ дегенге сену қиын.
– Кешіріңіз, бағана есіктің аузында бетінде тыртығы бар ұзын бойлы кісіні көрген едік. Кім екенін білмейсіз бе? – деді Шерхан мәйітхана қызметкеріне.
– Ааа, сіздер Жасұланды айтып тұрған боларсыздар. Осы жердің қарауылы десе де болады, ауланы сыпырып, майда-шүйде жұмыстарды істейді, – деп қысқа қайырды Жұмахан.
– Яғни, ол да мәйітхананың қызметкері ғой?
– Солай, – деп, қызметкердің сәл сенімсіз сөйлегені аңғарылды.
Екеуі мәйітханадан шығысымен Шерхан көмекшісіне мәйітхана қызметкерлерінің толық тізімін алдыртуды, қастарында өмірбаяны міндетті түрде болу керегін тапсырды. Инспектор қайтадан ауыл жанындағы зират басына оралғанда бөгде адамдардың көп жүргенін байқаған. Сұрау салса, кәдімгі ауыл тұрғындары екен. Жалпы, зират ауылдан 3 шақырымдай жырақ жерде. Сондықтан зиратқа қарай өткен-кеткен әркімнің көзіне түсе бермейді. Шерхан сонда да ел-жұрттың бірі аңғарған дүние бар болар деген дәмемен, бір топ адамға қарай аяңдады. Осы сәтте «он үшінші, мұнда да артық мәйіт жатыр» деген айқай естілді. Тағы да алдыңғысындай – қара қапқа оралған, іші жарылған дене. Инспектор одан бетер алаңдай бастады. 13 моланың төрінде жатқан өз иелерін есептемегенде қара қапты жамылған 15 дене табылды. Зираттың басында ауыл молдасы да жүр. Көзінен мұң байқалады. Мұң болғанда да жанашырлықтың белгісі жоқ. Шамасы, аты-жөні беймәлім осынша адамның жаназасын мен шығарам ба деп ойланып жүрсе керек…
Алдыңғы «34» деген сан бекер емесін болжады инспектор. Бұған дейін дінге аса сенбейтін еді, бірақ осы жолы әрі қарай молаларды қаздыра беруді өзіне күнә санады. Одан да қылмысты ашуға күш жұмсаған жөн.
– Тағы да қаза берейік пе? – сұрады қолына күрек ұстаған адамның біреуі.
– Әзірге тоқтатамыз, қажет болса өзім айтамын, – деді Шерхан.
Ауыл тұрғындарынан сұрау салуға бара жатқанда аяқ асты қасына ентігіп көмекшісі Бекзат келді. Таңда бас сұққан мәйітхана қызметкерлері жайлы деректі қарап болысымен, алып-ұшып жеткен беті екен.
– Тапқан сияқтымыз, – деді ол ентігін баса алмаған күйі.
– Нені?
– Жасұлан Ұрынбаев, еш жерде білім алмаған. Кезінде абайсызда әйелін өлтіріп, 11 жылға сотталған екен. Жақсы тәртібі үшін түрмеден ертерек босап шыққан. Мәйітхананың шаруашылық бөліміндегі мамандардың бірі ретінде жұмыс істейді екен. Басшылығы сотталған адамды не үшін жұмысқа қабылдағанын түсінбедім, – деді Бекзат.
– Дұрыс айтасың. Өзім де содан күмәнданып едім. Тарттық қалаға, – деді инспектор.
Екеуі жол үстінде не істейтіндерін біраз ақылдасты. Жасұланды тергеп қана қоймай, мәйітхананың шаруашылық бөлімінде әлгіндей қара қаптың бар-жоғын тексеретін болып келіскен. Бұлар қаладағы ең үлкен мәйітхананың ғимаратына оралғанда әлдеқашан түс ауып, кеш таяған уақыт еді. Кіре сала Ұрынбаевты іздеген, бірақ таппады. Алдарынан таңда сөйлескен мәйітхана қызметкері Жұмахан шықты. Еңсесі түскен, көзі сәл іскендей көрінді.
– Тыныштық па? – деді инспектор.
– Жаңа қаралы хабар жетті, таңда сіздер сұраған Жасұлан деген жігіт бар еді ғой, сол өзіне қол жұмсапты. Түсте асылып қалған дейді.
– Иманды болсын, – деді Бекзат сәл кібіртіктеп.
– Ол өзі кіммен тұратын еді? – деді Шерхан.
– Білмеймін, естуімше жалғыз өзі қала шетіндегі ескі жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Адаммен көп араласпайтын еді ғой, әңгімесі хәл жақсыдан аспайтын.
– Айып болмаса, біз шаруашылық бөліміндегі құралдарды көріп шықсақ.
Көмекшісі екеуі мәйітхана қоймасын қанша араласа да істі ашуға септесер деп іздеген қара қап кездеспеді. Осымен қылмысты ашуға көмектесетін барлық мүмкіндік бітіп, жол жабылып қалғандай. Мынадай қаралы хабарды естіп жатқанда мәйітхананың басқа қызметкерлерін тергеуге тағы себеп таппады. Сұрастыра қояйын десе, Ұрынбаевтың әйел, бала-шағасы да жоқ. Сотталған кезінде бар жақыны теріс айналған болса керек.
– Бірнәрсе білген, әдейі істеді, – деп әңгіме бастады Шерхан көлікте отырғанында.
– Иә, білгені анық. Бар сырын өзімен бірге жұтып кетті ғой.
– Әрі қарай зиратты қаза берудің мәні қалған жоқ. Өліден де, тіріден де ұят. Істің сиқы мынау, кінәлі сол Жасұлан болған. Бірақ барлығын тек өзі істемегені анық.
Осылай әңгіме бітті. Арада бірнеше күн өткенде табылған 15 мәйітке қатысты сот-медициналық сараптаманың қорытындысы келді. 8 дененің кейбір органдары жоқ болып шыққан. Қор болған адамдардың аты-жөні де белгісіз, таныстары немесе отбасы іздеу салмаған. Тек біреуінің әйелі мен баласы бар екені анықталып, 1 жыл бұрын ішімдікке салынып, көшеде қаңғып жүргені белгілі болыпты. Демек, қылмыскерлер сұрауы жоқ адамдардың ағзасын ақтарып, керегін алып отырған. Оны сатты ма, басқа бірдеңеге пайдаланды ма, белгісіз.
Арада бір ай өтті. Ешкім үнсіз. Инспектор Шерхан мен көмекшісі Бекзат басқа да қылмыстық істердің әуресімен жүріп зираттың жайын кейде ұмытып кететін әдет шығарған. Істі тыныш қана жауып тастау жайы да ойларына келді. Немесе адам ағзасының саудасына қатысты ұсталған соңғы қылмыскерлердің мойнына іліп жіберуге де болады екен. Күн артынан күн ілесіп жатқанда Шерхан әлгі зиратқа жақын ауыл жұрты үлкен дау шығарғанын естіді. Апта басының айқаймен басталғаны ұнамайтын. Дегенмен бұл жолғы хабар елең еткізбей қоймады. Сенбіде түнгі 23:10-ның шамасында Мәлік есімді ауыл тұрғыны жоғалған малын іздеп жүріп зират басында әлдебіреулердің жүргенін байқайды. Ойында ештеңе жоқ, «полицейлер тағы мәйіт іздеп жүр екен» деп ойлап, қастарына барған. Бірақ мүлде өзге адамдар кезігіпті. Кім екендерін сұрағанында жоғарыдан тексеруге келгенін, ешкімге айтпауын, алда-жалда біреуге жеткізсе соттатып жіберетінін сөз етіп, сес көрсеткен. Қорыққанынан басын изеп, үндемей ауылға кете берген азамат көргенін бүкіл жұртқа жайыпты. Бұл жолы инспектор алдыңғыдай уақыт оздырудың қажеті жоғын түсінді. Дереу зират басына барып, Мәлік көрген кезде бөгде адамдар қазған моланы қайта аштырды. Тағы да бір мәйіт. Қара қапта жатыр, іші жарылған.
Қаны басына шапқан ол аузына келген боқтық сөздің бәрін айтты. Сәлден соң «отыз бесінші» деп күбірледі. Енді ол құрбандардың санын анық білгендей еді. Қандықолдардың әр ісін толық ұғатын болған, бірақ кім екенін білмейтіні жанын жеді.
– Қайтадан көме салыңдар, – деді Шерхан.
– Көмгені несі, медициналық сараптамаға жіберу керек қой, – деп Бекзат қарсыласқысы келген. Бірақ инспектор үсті-үстіне бастырмалатып, сөйлей жөнелді.
– Ей, нақұрыс! Олар не айтады? Ішін жарған, керек органын алған немесе алуға жарамаған, басқа түк жоқ. Бізге іші жарылған өліктерді емес, сол ішті жарған тірілерді табу керек.
Кенет инспектор аңтарылып тұрған Мәлікті оңаша жерге алып кетті де, «сөйле» деді. Дәл осы сәтте ол зиратты топырағын басқан кез келген адамды жазықты болмағанына қарамастан жазаға тартуға бар еді.
– Екі адамды көрдім.
Бұл сөзді Мәлік дірілдеп әрең айтты. Құдды, алдындағы екеуіне қосылып мына инспектор да мені соттатып жібереді деп ойлағандай.
– Түрлері қандай?
– Анық білмеймін, қараңғыда дұрыс көре алмадым. Бірақ менімен сөйлескенінің түрі орысқа ұқсайды, қазақша сайрап тұр.
Мұны естіген көмекшісі Бекзат «әй анау» деп сөз бастағанша болған жоқ, инспектор тыйып тастады.
– Бойы қандай?
– Сізден сәл аласа.
– Даусы ше?
– Жуан екен, – деп әрең айтты ауыл тұрғыны.
– Көліктерінің түсі есіңде ме, нөмірін жаттап алдың ба?
– Артында төбесі ашық жүк салғышы бар ақ джипті байқадым. Нөміріне мән бермеппін.
– Бара бер, ешқайда кетпе, ертең куә боласың, – деді инспектор.
Осы жолы Шерханның көзі қылмыскердің кім екеніне анық жетті. «Жұмахан, әкеңнің аузы» деп қайта-қайта күбірлеп бара жатты. Ал бұл кезде Мәлік бәрін айтып бергені үшін өзін жазықты санап, Бекзаттың соңынан ілесіп жүр еді.
– Бауырым, айтшы, мені соттамайсыңдар ма, ана екеуі мені өлтіріп кетпей ме?
– Қайдағыны айтпа, еркін жүре бер, қорықпа, тиіспейді, – деді Бекзат.
Ертесі күні куәгер ретінде Мәлікті шақырудың қажеті болмай қалды. Өйткені Жұмахан түк саспастан бәрін мойындаған еді. Қасындағы серігі де табылды. Екеуі адам ағзасын саудалаумен айналысқан екен.
– Әккі деп ойлаған едім, ақымақ екенсің. Бір зиратты қайта торылдамауың керек еді, – деді Шерхан.
– Ұмытып кетті деп ойладым, анау адамның ашық ауыз екенін білгенде, сол молаға қосып жерлейтін едім, – деп кекетті Жұмахан.
– Сонымен 36 болар еді дейсің ғой?
– Шамамен, солай.
– Анау асылып өлген Жасұлан да сендермен болды ма?
– Жоқ, оның бұл шаруаға қатысы жоқ. Бірақ ісімізді білетін. Сендер мәйітхана қызметкерлерінің жеке дерегін сұратқанда сотталғаны үшін көздерің соған түсетінін білдім. Сондықтан алдын ала барып, «ешкімге айтпа, егер шындықты айтсаң өзіңе жауып, соттатып жібереміз, қайтадан түрмеде жатасың» деп ескерттім. Сорлының өлуден басқа шарасы болмады.
– Қанішер!
– Шынында біз ешкімді өлтірген жоқпыз, онсыз да өліп қалған сұрауы жоқ қаңғыбастардың керек органдарын алып, саттық. Бар болғаны сол.
– Көшеде жүретін ол ішкіштердің ағзасы сау болатын ба еді? – деп сұрады инспектор.
– Сен екеумізге қарағанда сауы көп. Асқазандары екеуміздікі секілді тынымсыз емес. Осындай былықтарды көрмейді, әр нені уайым қылмайды. Адам өлгеннен кейін 15 сағаттың ішінде сау органдарын алуға болады. Қан қатты ұйып қалмаса жүрегі де жарайды.
Шерхан темекі тұтатты. Бір жағынан алдында отырған қандықолдың ашылып сөйлеген әңгімесі ұнап барады. Оның үстіне, осы қылмысты ашқаны үшін өзіне іштей риза болып отыр.
– Ағза саудалап жүріп қанша ақша таптыңдар?
– Біраз. Керек үйімізді, көлігімізді алдық.
– Енді олардың саған қажеті болмайды, түрме деген үйің бар!
Бұл сөзді айтып отырып инспектор қарқылдап күлді. Жұмахан қабағы қатулы күйі бұның көзіне тік қарап отырған. Сұстылығынан күлкісін сап тиды. Қолымен алып кетіңдер деген ишара көрсетіп, орнынан түрегелгені сол еді.
– Түрмеден аман-есен шықсам, сенің де қарныңды ақтарып көрермін. Ағзаңды сау ұста! – деп Жұмахан тағы кекетті.
Оны қолы байланған күйі орнынан тұрғызып, сүйреп әкеткен. Ал Шерхан мұңайған күйі үнсіз отырып қалды. Өзінің жырақ аудандағы қарт анасына соқпағалы, туған-туыс, бауырмен бірнеше жылдан араласпағаны есіне түсті. Әлдеқашан орда бұзар жастан асып, қамал алар кезеңге жақындаса да отбасы құрмағаны жанын мазалады. Жұмыс деп шапқылап жүре беріпті. Жұмаханның айтқан сөзі есінен кетер емес. Дүниеде жоқтаусыз болғаннан бетер не сұмдық бар екен?!
Үйіне келе сала ертең ешнәрсеге қарамай аудандағы анасына қарай жол жүрем деп ойлап отырған еді. Кенет көмекшісі Бекзат хабарласты.
– Не болып қалды?
– Басеке, қылмыскерлер табылғанымен бізге иесіз мәйіттердің нақты санын анықтауды тапсырыпты.
Телефон тұтқасын тастай сала, инспектор аласұрып кетті. Айналаның бәрін зұлымдық жайлағандай. Ал миында мазасыз мазардың әруақтары кезіп жүргендей.
Мадияр ТӨЛЕУ
[expert_review_likes style=»button-1-color» size=»m» icons=»thumbs» alignment=»» show_icon=»1″ show_label=»0″ show_count=»1″ hide_dislikes=»1″ label_like=»Мне нравится» label_dislike=»Не нравится» name=»Мадияр ТӨЛЕУ «Мазасыз мазар»» link=»» post_id=»»]