12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты: «ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – ЕЛ ІРГЕСІНІҢ БЕРІКТІГІ»

– Ғұмар Ислямұлы, еліміздің тәуелсіздігі жарияланған тұста қайда болдыңыз? Сол сәт есіңізге не түсті?

– Еліміз егемендікке қол жетізген 1991 жылы ұжымшардың бастығы едім. Жалпы, сол кездегі үрдістер, қабылданып жатқан шешімдер мемлекеттігімізге қатысты үлкен өзгерістен хабар беріп, халық еркіндіктің лебін сезе бастаған болатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, одан соң Жоғарғы кеңесте Тәуелсіздік жайлы декларацияның қабылдануы осы бетбұрыстың басы еді. Үміт ақталып, ата-баба аңсаған егемен ел болдық. Бір жақсылығы – тәуелсіздікті соғыссыз, бейбіт түрде алдық. Бұған қуанғанымызбен, ауылда қызмет етіп жүргендіктен халықтың жағдайы қалай болады екен деп те алаңдадық. Өйткені, одақ құлағаннан кейін экономикалық байланыстар үзілді. Бұрын жоспарлы экономика аясында республикалар бір шаңырақ астында қоян-қолтық жұмыс істеген еді. Ал олардың бәрі өз алдына дербес елге айналған соң әрқайсысы өз жағдайын күйттеуге кірісті. Бір-біріміздің қажетімізге жарап жатқан экономикалық байланыстардың үзілуі тауар тапшылығын тудыра бастады. Бұрынғыдай олармен ауыл шаруашылығына қажет жанар-жағармай, техника жайында шартқа отырайын десең, көңілде күдік тұрады. Ақшасы төленген тауарларды алатынымызға сене алмай, екіұдай күй кештік. Рубль аймағынан шығып, өзіміздің теңгемізге ауысқан сәтте кейбір замандастардың жинаған қаржысы қағаз болып қалды. Мысалы, менің жүргізушімнің есепшотындағы сол кезде 5-6 Нива алуға болатын 50 мың рублі тиын болып қалды. Қуаныштысы сол, халық мұны дұрыс түсінді. Тәуелсіздіктің, еркін ел болудың маңызын бағалай біліп, қиын сәтте көшелілік танытты. Бұл біз секілді басшылар үшін үлкен сын болды. Біз қалайда халықты тарықтырмауды ойлап, барлық ресурстарды пайдалануға тырыстық. Есімде сол кезде тапшылыққа айналған сұйық май шығару үшін Орынбордан қыштың тұқымын әкеліп, өсірдік. Қарақұмық, қызылша егіп, олардың өнімін халыққа тараттық. Сол кезде егін өте бітік шығып, наннан таршылық болмады. Осыған шүкір дедік. Осылайша тәуелсіздікті алған жылдар қарқынды еңбекке толы болды. Қиындықтар бәрімізді шыңдады. Егемендіктің қуанышы, жеңісі баршамызға күш беріп алға ұмтылдырған, үмітке, сенімге толы ерекше сәттер еді. Қазіргі таңда сол сезімдердің алдамағанын көріп отырмыз.

– Тәуелсіз ел ретінде ең басты жетістігіміз не деп ойлайсыз?

– Жетістігіміз әлем Қазақстанды бағалап, тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Шекарасы шегенделіп, халықаралық деңгейде мойындалған өз териториямыз бар. Дүние жүзінде қаншама елге өз жерінің болуы орындалмас арманға айналып отыр. Мысалы, күрдтер, ұйғырлардың әлі күнге табан тірер мекені жоқ. Бүгінде шекарасы дер кезінде айқындалмаған қаншама ел өзара қырықпышақ болып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы тәжік, қырғыз бен өзбектер арасында осындай тартыстар болып жатыр. Шекараға қатысты мәселені дер кезінде реттеудің арқасында мұндай қиындықтардан аман қалдық. Егемендігімізді айқындайтын Көкбайрағымыз қандай сәтте де дербес ел екенімізді айқындайтын айбынымыз. Осының бәрі бағалай білсек, үлкен құндылық. Ел болып еңсе тіктеп, ұлы мұрат жолында бірігудің мызғымас кепілдігі.

– Десе де, әрекетіміз тәуелсіздікке сай болмаған сияқты. Соның салдарынан міне отыз жыл болса да әлемдік нарыққа ұялмай ұсынатын, өзіміздікі деп ауыз толтыра айтатын өніміміз жоқ. Осының себебі неде?

– Әрине, қателіктер, кемшіліктер көп. Қайта сайланған Президентіміз бұл жөнінде ашық айтып жатыр. Солардың бірі олигополияға қатысты көп мәселенің беті ашылып, нақты шаралар қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Осындай жағдайлар экономикамызға өз ықпалын тигізгенін жоққа шығармаймыз. Негізі үкімет тарапынан жақсы бастамалар көтеріліп, тиімді жобалар жасалды. Солардың негізінде көптеген бағдарлама қабылданып, іске де қосылды. Бірақ олардың бәрі бірдей ойдағыдай нәтиже бермеді. Мүлде іске қосылмағандары, бастала сала тұрып қалғандары да аз емес. Меніңше мұның бәрі кәсіпкерлерге қажетті қаржылық қолдаудың жасалмауының салдары. Сол секілді, бақылаудың әлсіздігінің де әсері аз емес. Кәсіпкерлердің өз мүмкіндігін, әлеуетін дұрыс сараламауы, нарықты толық зерттемеуі де себеп. Шынында да өзіміздің отандық өнім жоқ, сыртқа тек шикізат сатумен келеміз. Экспортқа негізделген мұнай мен газ шығарамыз. Атыраудағы полипропилен өндіретін мұнай-химиялық кешенді жиырма жыл бойы салдық. Бұл да алдын ала талдау жасамаудың салдары. Негізінде бұл зауыттың шығарып жатқан өнімінің көлемі Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан шығарып жатқан пропилен көлемінен артық. Ай сайын 500 мың тонна шығарады. Бұл мультипликативтік тиімділігі бар жақсы көрсеткіш. Басқа өнімдерді де шығаруға болады. Алайда, осының бәрі уақытында дұрыс зерделеп жобаламау салдарынан кеш жүзеге асып жатыр. Дегенмен, бұған да шүкір дейміз. Бүгінде өндірістен тек мұнай саласы ғана алда тұр. Мемлекет басшысы осының бәріне назар аударып, отандық өндірісті дамытуға қатысты нақты міндеттер белгіледі. Олар жүзеге асса бұл саладағы жетістіктер көп кешікпейді деп ойлаймыз.

– Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 350 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғаны мақтанышпен айтылады. Негізінде бұл инвестиция өндірістерге жаңа технология әкеліп, отандық өнімдерді арттыру керек еді. Сол арқылы елдің де әлеуметтік жағдайы көтерілу керек болатын. Өкінішке орай, керісінше жағдай қалыптасты. Соның салдарынан қаңтар оқиғасы болды. Неден қателестік?

– Инвестиция ең алдымен мұнай саласына келді. Негізі осы шетелдің көмегінің арқасында экономиканы ұстап қалдық. Иә, қателіктер кетті. Шарттарымызда елдің мүддесіне қатысты ұстанымдарымыз әлсіз болды. Бірақ ол кезде біздің тәжірибеміз аз еді ғой. Білім де жеткіліксіз-тін. Біз үшін басты мақсат – өндірісті сақтап қалып, экономиканы тұралатпау болды. Сол кезде инвестиция келмегенде елдің жағдайының қалай боларын кім білсін? Осы қаржы бізге жұмыс орындарын ашып, барын сақтап, салықтың уақытында төленіп, бюджет кірісінің болуын қамтамасыз етті. Соның арқасында еңбеккерлердің жалақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын, балалардың жәрдемақысын бердік. Өндірістерге жаңа технология келіп, қазақстандық мамандардың қалыптасуына мүмкіндік туды. Бүгінде енді қиындықтардың бәрі артта қалып, өз қолымыз өз аузымызға жетті. Сондықтан бұрынғы шарттарды қайта қарап, кезінде асығыстықпен, мәжбүрлікпен жіберілген олқылықтар жойылу керек. Мен мұны құзырлы орын басшыларына үнемі айтамын. Ол келісімшарттар Құран емес, олардағы талаптар, міндеттемелер елдің мүддесіне сай, заман ағымына орай өзгертілу керек. Мемлекет басшысының жанында шетелдік инвесторлар кеңесі бар. Сол жерде олардың басын қосып, ұсыныстар беруіміз қажет. Әрине, барлық талаптарды, міндеттемелерді түбегейлі өзгертіп тастасақ, инвесторларды шошытып аламыз. Бұларға сенім жоқ, бүгін айтқан сөзін ертең қайтып алады деп, іргесін аулақ сала бастауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде жағдайды барынша зерделеп, екі жаққа да тиімді, оңтайлы шараларды айқындау маңызды. Қазіргі таңда бұған мамандардың біліктілігі жетеді деп ойлаймын. Жалпы, жекелеген өндірістер бойынша қайта қаралған шарттар бар. Соның бірі Қарашығанақ мұнай кеніші бойынша сол өңірде Бақтықожа Ізмұханбетов әкім болып тұрған кезде әлеуметтік салаға бөлінетін 10 миллион доллар 20 миллионға өсірілді. Одан соң Алтай Күлгінов оны 30 миллион долларға арттырды. Негізі осындай қадамдар жасалып, шетелдік инвестицияның тиімділігін барынша арттыру керек.

– Тәуелсіздіктің бір жемісі ретінде экономикалық одақтастықтар айтылады. Алайда, осы ұйымдар тәуелсіздікке емес, тәуелділікке апара жатқандай. Еуразиялық экономикалық одақтастық, кедендік одақ отандық өнімдеріміздің адымын аштырмай тұрған сияқты. Мәселен, Ресейде біздің тауарлардың саудаға түсуі қиын. Ал, бізде бұл елдің өнімдері дүкен сөрелерінде еш кедергісіз самсап тұр…

– Бұл ұйымдарға алдымыздан нарық ашылады, салықтық жеңілдіктерге ие боламыз деген үмітпен қосылдық. Солай болды да. Осы құрылымдардың арқасында қаржылық айналым артып, кәсіпкерлердің де бірқатар жобалары іске асып жатыр. Әрине, алаңдататын мәселелер бар. Оның себептері әр алуан. Өз басым мұны белгілі деңгейде тағы да мамандарымыздың тәжірибесіздігінің, кәсіпкерлердің заңдылықты білмеуінің, біліксіздігінің салдары деп білемін. Кәсіпкерлер өз идеясын дұрыс ұсынып, сауатты түрде қорғай алуы керек. Ресейдің мүддесі алға шығып кете беруі ондағы мамандардың алымдылығынан деп ойлаймын. Рас, бұл елдің империялық, шовинистік пиғылының да ықпалы бар. Кейде сәл нәрсені сылтау етіп, тауарларымызды кеденнен өткізбей тастайтынын естіп отырмыз. Өткенде кәсіпкерлердің ет үшін апарған сиырларын жағып жіберіпті. Осындай мәселелерді екі жақты келісіммен шешуге тиіс үкіметаралық ұйым құрылған. Алайда, оның тарапынан пәрменділік байқалмай отыр. Бұл жерде, меніңше, біздің мамандардың тағы сол біліктілігі, білімі, батылдығы керек. Жуырда Премьер-Министр, облыс әкімі сынды жауапты қызметтерді атқарған, тәжірибесі мол маман – Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының министрі болып тағайындалды. Сағынтаев мырза одақ шеңберінде елдің мүддесіне сай шешімдер қабылданып, жүзеге асуына ықпал ете алады. Бұған оның ерік-жігері, іскерлік шеберлігі, беделі жетеді деп ойлаймын. Оны бәрі таниды. Қарым-қабілетін біледі. Мұндай маман қазіргі таңда елге де керек. Бірақ Мемлекет басшысы аталмыш ұйымға әдейі жіберіп отырған сияқты. Өйткені, бұл ұйымдар жұмысы дұрыс жолға қойылса, экономикалық тұрғыдағы көптеген мәселелер оңынан шешіледі.

– Сайлау өтісімен Мемлекет басшысы Ресейге барды. Осы оқиға қазнетте үлкен пікірталас тудырды.

– Бұл оқиға басы артық сұрақ тудырмауы тиіс. Мәселе, бәріне айқын. Шындығында алпауыт елдермен тату болуымыз керек. Дипломатияда паритет деген ұғым бар. Тоқаев мырза кәсіби дипломат қой. Ол кісі бұл мәселенің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ол референдумнан кейін Қытайға барды. Сайлаудан соң Ресейде болды. Одан соң осы Ресей Президентіне қарсы Макронмен кездесті. Көпвекторлы саясаттың мәні – ешбір елмен қарым-қатынасты бұзбай, сенімді әріптестік орнатып, дамудың биігін бағындыру. Сондықтан бұл тұрғыда алып-қашты әңгімені гулетпей, мәселенің байыбына бара білуіміз керек. Елдегі тыныштық, аумақтың тұтастығы, мемлекеттік қауіпсіздік қашанда бірінші орында тұру керек.

– Түркі тілдес елдерге неге арқа сүйемейміз?

– Бауырлас түркі елдері басшыларымен де кездесулер болды. Түркияның Президенті де келіп кетті. Үлкен саясатты екінің бірі түсіне бермейді. Негізінде тағы да айтамын, көршілердің шамына тиіп, олардың ойына күдік тудырмау керек. Әр сапардың өзіндік миссиясы бар. Қайсы ел болса да саясаттағы үйлесімді, тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Қытай елі бізді әріптес ретінде танып, әрдайым қолдауға ниетін танытты. Түркия елі бізді ешкімнің басынуына жол бермейтіндігін білдірді. Бізге енді ешкім баса көктеп кіре алмайды?! Сосын мына шетел компанияларының келгені де үлкен саясаттың жолы. Ірі мемлекеттер өздерінің ақшалары, өндірістері осында болғандықтан, біздің қауіпсіздігімізге мүдделі болып, қорғауға, қолдауға әзір тұрады.

– Алдымен экономика, одан соң саясат дедік. Ендігі бағыт қалай болмақ?

– Меніңше, екеуі де тең деңгейде жүру керек. Экономика баяу жүріп жатса саясат та жүрмейді. Мемлекеттің жағдайы төмен болса, тынышымыз кетіп тұрса бізбен кім әріптес болады? Қай инвестор келеді? Сондықтан саясат пен экономика тең жүріп, бір-біріне дем беріп отыру керек.

– Тәуелсіз ел болсақ та іс жүзінде тіліміз босағада тұр. Отыз жылда мемлекеттік тілде 2 заң қабылданыпты. Қазақ тілі басқаны айтпағанда Парламенттің де төріне шыға алмай тұр…

– Негізі мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолданылады. Қазақ тілінде тек 2 заң дайындалды деген жаңсақ пікір. Заңдар Парламентке қазақ және орыс тілдерінде келеді. Депутаттардың дені өз сауалдарын қазақ тілінде жасап, пікірлерін, ұсыныстарын қазақ тілінде білдіреді. Жалпы, Жоғарғы палата корпусында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс зор. Сенатта тіл үйрмесі жұмыс істейді. Оған қатысып, мемлекеттік тілде сөйлеуге машықтанып қалған әріптестеріміз аз емес. Қуаныштысы сол, басқа ұлт өкілдері арасынан мемлекеттік тілді үйренуге деген ықылас ерекше. Әрине, тілге қатысты мәселе барын жоққа шығара алмаймыз. Оны бір жола шешу де оңай емес. Себебі, бір ғасырға жуық орыс елінің боданында болдық. Одақтың кезінде тың игеру деген желеумен жерімізге өзге ұлттар қоныстандырылды. Бауырмал, қонақжай халқымыз солардың бәрін қабылдап алды. Мен өзім орыс ауылында өстім. Жүз елу үйдің небары он шақтысы ғана қазақ отбасы еді. Бұл біздің өмір салтымызға, ұстанымымызға өз әсерін тигізді. Орыс тілін білмесең өмір сүре алмайсың дейтін түсінік қалыптасты. Кезінде өзіміздің әкеміз де орыс тілін білсең ғана адам боласың деп, орысша сөйлей алуымызды кәдімгідей талап етіп, қадағалады. Ол кісіні және осылай еткен барша қандастарымызды қалай кінәлаймыз? Өйткені, заман солай болды. Қазір енді тәуелсіздік алған кезімізден бастап бәрі өзгерді. Мемлекеттік тілге деген көзқарас та, ықылас та жоғары. Жастардың дені қазақша сөйлейді. Балаларын да мемлекеттік тілде оқытқысы келеді. Қазір еліміздегі қазақтардың үлесі 70 пайызға жетті. Бірақ солай екен деп, отыз пайыз өзге ұлттардың мүддесіне көз жұма алмаймыз. Ешкімге қысым жасауға болмайды. Олар да Қазақстанның азаматы. Әлемдік саясатқа да қарауымыз керек. Сәл нәрседен от тұтанып кетсе, оның зардабы халыққа тиеді. Мұны іргеміздегі көршілердің өмірінен көріп отырмыз. Мысалы Украинадағы жағдайдың ушығуына осы тіл мәселесі де себеп болғанын естен шығармауымыз керек. Десе де, біртіндеп мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңіп келе жатыр. Осылайша реттеледі деп ойлаймын. Ең бастысы тағы да айтамын, елдің тұтастығы, қауіпсіздігі керек.

– Тәуелсіздігімізді нығайту үшін не істеу керек?

– Әркім өз саласында жақсы жұмыс істеу керек. Жастарды оқыту керек. Қазір кейбір басшылықта жүргендер, министрлер – қаланың ішінен шықпаған азаматтар. Аймақтың қай жерде екенін білмейді. Кезінде мамандар қызметін төменнен бастап, қабілетіне қарай мансап баспалдағымен көтерілетін. Қазір «Болашақпен» бітіріп келгендер бірден бастық болады. Бүгінгі қиындықтар – осындай тәжірибесіз мамандардың жіберген қателіктерінің салдары. Заңдар сапалы болу керек. Өкінішке қарай, Парламенке түсіп жатқан заңдардың көбі шикі. Кейбірі көшірме. Үкімет білікті мамандардан жасақталмаса, бұл үрдіс жойылмайды. Сондықтан кадр таңдау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарай білуіміз керек.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидияны қалай алуға болады?

Елімізде әлеуметтік осал топқа жататындар мемлекеттен пәтерді жалдау ақысының 50 пайыз мөлшерін ала алады. Судсидиялау тәртібін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі реттейді. Жалдамалы тұрғын үйге берілетін субсидиялау қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер және қалай қатысады?

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың деректері жарияланды

ТЖМ Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты ақпаратты жариялады.

Жылан жылы қандай болады? Қазақстандық астролог жауап берді

Биыл қазақтың жыл санауы бойынша Жылан жылы. Жылан - мүшел есебінің алтыншы жылы, Ұлу жылынан соң, Жылқы жылынан бұрын келеді. Қазақ бұрыннан әр жылдың өзіне тән сипатын берген. Ал Жылан жылы қандай болады?

Қазақстанда автокөліктің утиль алымы төленгенін қалай тексеруге болады?

Автокөлікті тіркеу және заңды түрде пайдалану үшін утиль алымының төленгенін тексеру - маңызды қадам. Әсіресе шетелден әкелінген көліктерді сатып алу кезінде бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керек.

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.