Түркістан облысының Сайрам ауданында мал бордақылау алаңын, сою цехын салу және етті қайта өңдеу жобасы іске қосылды. «KAZ ECO MEAT» ЖШС-і оны 2023 жылы бастаған болатын. Жылына 10 мың тоннаға дейін ет өңдеуге бағытталған жобаның жалпы құны – 8,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында Беларусь, Қытай және Түркиядан жеткізілген заманауи жабдықтармен өндірістің барлық түрлерін озық технологиямен жасақтау шешімдері енгізілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мəліметі бойынша, ол 2024– 2028 жылдары іске қосылатын құны 500 млн теңгеден басталатын шикізаттық емес секторлардағы отандық жəне шетелдік инвесторлардың кəсіпкерлік субъектілерінің Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулына Түркістан облысынан енген 5 жобаның бірі. Онда мал бордақылау үдерісін тиімді жəне тұрақты жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған азықтандыру жүйесі орнатылған. Өнімді кешенді өңдеу мақсатында қан жинау жəне өңдеу қондырғылары, сондай-ақ сүйек өңдеуге арналған жабдықтар іске қосылып, қалдықсыз өндіріс циклі қамтамасыз етілген. Ет комбинаты халықаралық сапа стандарттарына сəйкес келеді жəне өнім экспорттауға бағытталған. Шикізат ретінде жергілікті фермерлік шаруашылықтардан, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлерінен жеткізілген ірі қара малы пайдаланылады. Инвестициялық жобалардың Жалпыұлттық пулында еліміз бойынша, жалпы ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2024–2028 жылдары іске қосылады деп жоспарланған жобалардың жалпы саны – 139. Оған Түркістан облысы бойынша енген 5 жобаның біреуі былтыр іске қосылса, қалған төртеуі биыл пайдалануға берілетін болады. Мəселен, 2023 жылы басталып, былтыр іске қосылған астық қоймаларының құрылысына отандық инвесторлар 600 млн теңге қаржы жұмсаған. Ал биыл іске қосылатын өзге 3 жобаның екеуін қазақстандық, біреуін ресейлік инвестор қаржыландыруда. Атап айтқанда құрылысы 2022 жылы басталған ауыз су мен түрлі-түсті сусындар өндіретін зауыт құрылысына отандық инвестор 9,5 млрд қаржы салған. 2023 жылы басталған жүгеріні терең өңдеу зауытына тағы бір қазақстандық компания 11 млрд қаржы жұмсады. Ресейлік инвесторлар 42 млрд теңге қаржы салған жылыжай кешенінің 51 гектарды құрайтын 1-кезеңінің құрылысы 2022 жылы басталған еді. Ұлттық статистика бюросының есебіне қарағанда жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, өсімдік жəне малшаруашылығы, аңшылық жəне осы салаларда қызметтер ұсыну бойынша заңды тұлғалар, филиалдар саны бойынша Түркістан облысы (4073) елімізде ең алдыңғы орында тұр. Дара кəсіпкерлер (6573), шаруа немесе фермер қожалықтары (75597), кенттің, ауылдың, ауылдық округтердің үй шаруашылықтары (263190) саны жағынан да бұл өңір өзгелерден алда келе жатыр. Олардың жұмыс істеп тұрғандары заңды тұлғалар, филиалдарда 95,4 пайызды, дара кəсіпкерлерде 96,3 пайыз, шаруа немесе фермер қожалықтарында 99,5 пайызды құрауда. Өңірде етті қайта өңдеу, консервілеу жəне ет өнімдерін өндіру бойынша 42 кəсіпорын бес айда 277 935 млн теңгенің өнімін өндірген екен. Алдағы уақытта енді жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен өндіріс көлемінің ұлғаюымен бірге сыртқы сауда-саттықтағы оң өзгеріс ары қарай жалғасын тауып, экспортқа шығарылатын болады. Қаңтар-сəуірде Қазақстанның ет жəне ет өнімдерінің ЕАЭО елдерімен сыртқы сауадасында экспорт 30 967,9 тоннаны, импорты 66 984,9 тоннаны құрады. Егер оны АҚШ долларымен бағалайтын болсақ экспорт 70 025,9 мың долларды, импорты 140 483,4 мың долларды құраған. Егер ет жəне ет өнімдерінің құрылымына қарайтын болсақ бізден ірі қара малдың жəне қой немесе ешкінің жас немесе тоңазытылған еттері көбірек шығарылған. Сол сияқты ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқылардың жас немесе тоңазытылған еттерінде де импортқа қарағанда экспорттың үлесі басым боп тұр.
Қ.ЕРМЕКОВА, «Заң газеті»