Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Шетел филологиясы жане аударма ісі кафедрасының ұстаздары мен студенттері қазақтың біртуар қаламгері, жанкешті жазу мәдениетімен, ұшан-теңіз асыл мұрасымен исі қазаққа құнды қаламгер, ұлт әдебиетін індете зерттеген көшелі ғалым Мұхтар Мағауин шығармашылығына арналған ой-талқы сағатын өткізді. Филология факультетінің аға оқытушылары Сүлейменова Гүлсім Сейілхановна, Таирова Гюзаль аталған іс-шарада студенттерді Мұхтар Мағауиннің шығармашылық әлемі, жатық жазу стилі мен толымды еңбектерінің шетелдерде танылуы, сапалы аударылуы туралы ғылыми тұжырымдармен таныстырды.
Рухани кешке қатысқан болашақ аудармашылар Мағауин тілінің мәдениетіне, айрықша мәтінінен сәуле тартқан рух қайнарына, терең тағылымы мен ұлттық санаға үндеген маңызына ерекше зер салып, жаңа заман танымымен тоғыстыра талдау жүргізді. Е. Аружан есімді оқырман-cтудент Мұхтар Мағауин шығармашылығын бірнеше кезеңдерге жіктеп, студент шағындағы ізденістерін, кейінгі оқырман қауым санасына сіңген нақыл сөздерін саралады. Жазушыға қатысты естеліктермен бөлісіп, әлеуметтік медиада көп көзіне іліге бермейтін бейнесуреттерін таныстырды. «Аударма ісі» мамандығының 2-курсында біліп алып жатқан Жұлдыз, Айша, Аружан есімді студенттер «Аласапыран» дилогиясының тарихи мән-маңызын атап, деректі-көркем туынды үзіндісін қазақ, орыс және ағылшын тілінде жатқа оқыды. Топтағы ізденімпаз студенттердің бірі Аружан болса, көпке ұнамды, дерегі мен дәйегі мол баяндама жасап, Мұхтар Мағауин шығармашылығының хронологиялық тізбегіне тоқталды. Кеңес Одағы кезіндегі сөз кісені, яғни цензураның шырмауына қарамастан ұлт мәселесін, ұлттық сананы өшіруге ұмтылған кезеңді сөз еткен жазушы мұратының берік болғанын мәлімдеді.
Мағауин мұрасы – көкшулан толқын атқан тыншымас көкше теңіз, буырқанған асау да арынды ағыс, көкжиегіне көз тастасаң, бітіміңе мол дүниетаным дарытар асыл қазына іспетті. Сондықтан да болар, ой-талқы сағатында сөз алған студенттер «Аласапыран» дилогиясын дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Мұхтар Мағауиннің өміріне қатысты қызықты фактілерді санамалады. Сонымен қатар, «Қобыз сарыны» еңбегінің мазмұнын, қазақ әдебиеті тарихының дамуын айдындатқан ерекше маңызы туралы да айтылды.
Әдеби-рухани кеш, деректі кездесуге қонақ есебінде келген Журналистика факультетінің оқытушысы, жас қаламгер Дастан Қастай да Мұхтар Мағауин шығармашылығының когнитивті, ғылыми ерекшеліктерін талдады. Жазушының бай мұрасын, мәйекті, шұрайлы тіл мәдениетін дәйектеп, публицистикалық туындыларының жалпыұлттық әлеуметтенуге, нарықтық кезеңгі ұлттануға қатысты игі ықпалын кеңінен сөз етті.
Мағауинді тану – қазақты тану, Мағауин шығармашылығын зерделеу – өз түптұқияныңа бойлау. Сәулелі сәттерге толы ойталқы сағатына қатысқан студенттер болашақта Мағауин шығармашылығын шетелге таныту ісін ілгерлету жайын көңіл зердесіне тоқыды, ал ұстаздар қауымы дәстүр мен ұлттық сана тоғысының дәнекерлушісі болған Мұхтар Мағауин мұратының кемелдігіне бой жылытып, ой ширатты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
филология факультеті, шетел филологиясы жане аударма
ісі кафедрасының аға оқытушылары
Дайрабекова Гулсима
Алимбаева Адилия
Байелі Әсел