12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

МӘМС-тен МӘН КЕТТІ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың төңірегінде былық көп. Оның қазіргі жүйесі су ішіндегі тесік қайықтың суын төге берумен пара-пар. Осының салдарынан медицинада ақылға сыймайтын жағдайлар орын алуда. Соның бірі 5 айлық баланың тісін қанқұрттан тазалау болса, тағы бірінде, бір адамның 82 тісін емдеу. Тағы бір ауруханада бір күнде бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырылған. Бұл деректерді Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутат, палатаның әлеуметтік-даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ортаға салды.

Дəстүрлі жиында міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдірудің маңызды мəселелері талқыға салынған болатын. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Əлназароваға депутаттар тарапынан қарша бораған сауалдарға жауап беру оңайға түспеді. Өйткені, міндетті медициналық сақтандырудың қазіргі жүйесі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына əкеліп отыр. Жиында осы жағдайдың біраз себептері ашылды. Əсіресе, онда қосымша баяндама жасаған Асхат Қанатұлы ортаға салған деректерді жайбарақат тыңдау мүмкін емес еді. Соның бірлі-жарымын жоғарыда атап өттік. Аймағамбетов мырзаның айтуынша, мұндай мысалдар өте көп. Мұның себебі МƏМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен «қосып жазуға» итермелейді. Өйткені, қаражат əрбір емделген адам үшін емес, əр көрсетілген қызмет үшін төленеді. Нормативтер мен цифрландыру жоқ, ал клиникалық хаттамалар мен стандарттар анық емес. Бұған да дəлел келтірілді. Мысалы бұрын рентгенсіз анықтайтын остеохондрозды табу үшін бүгінде рентгенмен қатар компьютерлік томография, магнитті резонансты томография жəне басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұның бəрі ауруды емдеуден гөрі, ақша табудың «заңды» жолы болады екен көбіне. Себебі неғұрлым көп қызмет көрсетілсе, клиника соғұрлым мол пайда табады. «Осындай бейберекетсіздік біреуге тиімді болып отыр ма деген ойға қаласың» деген Асхат Қанатұлымен келіспеске шара жоқ. Өйткені, мұндай денсаулықты тексеру əдісімен өзіміз де талай бетпе-бет келіп жүрміз. Қандай ауру түрімен болсын емханаға жақындасаң болды, бағасы кем дегенде 50 мың теңгелік түрлі аппараттарға түсудің қажеттілігі айтылып, жолдама беріле бастайды. Ем тек осындай аппараттардың берген нəтижесінен кейін тағайындалады деген соң амалсыз көнеміз. «Бақсақ бақа екен» демекші, алайда қанша қаржы жұмсап, уақыт кетіргені олардың көрсеткіштерінен айтарлықтай тиімділік тағы байқалмайды. Асхат Қанатұлы осы жағдайға себеп болып отырған бірнеше мəселені айтты. Соның бірі жаңартылған тарифтер мен тариф жасау əдістемесінің жоқтығы екен. Бүгінде оларды қайта қарау министрдің еркіне тəуелді екен. Ол мұны көтергісі келсе көтереді, көтергісі келмесе көтермейды. Мысалы үлкен дау жəне ерікті əдіспен онкологияның базалық тарифі 20 пайызға қысқартылыпты. Бірақ бұл тек денсаулыққа зиян келтірген шара болып шығыпты. Салдарынан ешбір үнем болмай, керісінше көп төленетін болды. Қазіргі тариф медициналық ұйымдардың, əсіресе, стационарлардың нақты шығындарын өтемейді. Олар тек жалақы төлеуге жəне шұғыл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге əрең жетеді. Медициналық ұйымдар «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр. Коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын тариф аясынан алып тастау туралы айтылғанымен, бұл мəселе əлі күнге дейін шешілген жоқ. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысын өзгерту керек. Бүгінде барлық емханалар өздеріне бекітілген əрбір азаматтарға қызмет көрсетсе де, көрсетпесе де айына орта есеппен 2000 корпоративтік табыс салығын алады екен. Бұл тəсіл емханаларды сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүлдем ынталандырмайды.

Қаржы ештеңеге қарамастан бөлінеді. Қызметтің сапасы немесе бөлінген қаражаттың тиімділігі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Көптеген мемлекеттік емханалар қосалқы мердігерлік жұмыстың ауқымды бөлігін жекеменшік жəне аффилендірілген емханаларға береді екен. Бұл ретте көп жағдайда қосалқы мердігерлердің кэшбек қайтаруына мүдделілік бар. Жекеменшік ұйымдар да мұндай майлы шелпектен тыс қалмауда. Қордың мəліметі бойынша алғашқы санитарлық-медициналық көмек жеткізушілердің 60 пайызы солар екен. Жоғары аудиторлық палатаның мəліметінше, мемлекеттік тапсырыстың лицензиясы, мамандары мен қажетті жабдығы жоқ емханаларға берілген фактілері көп. Сондықтан Асхат Қанатұлының айтуынша, тұтыну нормативтері мен медицина қызметінің көлемін ұйымдастыру əдістемесін əзірлеу керек, жұмыс көлемін қосалқы мердігерлерге беру үшін нақты өлшемдер, шарттар жасалып, медицина қызметтерінің көлемі мен түрінің ауқымды шегін айқындаған жөн. Лицензия беру шараларын қайта қарап, əрбір бес жыл сайын мемлекеттік аттестация түріндегі лицензия алғаннан кейінгі бақылау енгізілуі де айрықша маңызға ие. Мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде сапаның нақты индикаторларын белгілеп, ол бұзылған жағдайда жұмыс көлемін алып қана қоймай, келісімшартты бұзып, лицензияны қайтарып алу қажет. Бүгінгі таңда денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің тек 3,8%-ына тең. Бұл көрсеткіш көрші елдермен салыстырғанда əлдеқайда төмен. Статистика МƏМС-ті қаржыландыру бойынша негізгі жүктеме азаматтарға түскенін айтады. Мəселен, мемлекеттік жарна 2020 жылы жұмыскер мен жұмыс беруші жарнасының төрт есе өсуі жағдайында 252 млрд теңгеден 2024 жылы 959 млрд теңгеге дейін қысқарды. Егер 2020 жылы республикалық бюджеттен 298 млрд теңге төленсе, 2024 жылы бұл сома 289 млрд теңге болды. МƏМС-ті енгізген кезде азаматтардың қалта шығынын азайтуға мүмкіндік береді деген сенім болған еді. Бірақ нақты жағдайда оның көлемі арта түсті. Өйткені, бүгінгі таңда мемлекеттің міндеттемесі орындалмайды. Қаржы министрлігінің өз еркімен жасаған өзгерісі есебінен МƏМС-тің жеңілдікті категориясы үшін 300 млрд теңге түспейді. Мұның сыртында 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттің қарызы 252 млрд теңге. Бұл ақша азаматтардың емі, мыңдаған жасалмай қалған отасы, оңалту шаралары, ондаған мың адамға қажет дəрілер. Сонымен қатар аппараттар кезегі. Өкінішке қарай Денсаулық сақтау министрлігі МƏМС үлгісін жергілікті атқару органдарын тартып, мемлекет пен жұмыскерлерге түсетін жүктемені рттыра түспекші. Бұл қаражатты əкімдіктердің қайдан алатындығы белгісіз. Ең қисынсызы – «Д» жəне «Е» санаттары үшін жергілікті бюджеттен жарналарды төлеу механизмі. Атырауда мəселен, 400 мыңдық жалақыдан 2 пайыз төлесе, Түркістанда 200 мыңнан да 2 пайыз төлем жасайды, бірақ бірдей соммаға қызмет алады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрлігі əкімдіктерге осы санаттар үшін медициналық қызмет көрсету фактісі бойынша, яғни, ауыр ған кезде ғана төлеуді ұсынады. Ал жұмыс істейтін азаматтар күн сайын медициналық көмекке жүгінуді есепке алмай төлеуі керек. Бұл еш қисынға келмейтін жүйе. Медициналық қызметтер пакетін қалыптастырудың бірыңғай əдісі жоқ. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатын. Содан бері бір жыл өтсе де еш нəтиже болмай отыр. Қазір министрлік кепілдендірілген медициналық қызметтер көлемін екі есеге, яғни, 57%-дан 32%-ға дейін азайтуды ұсынады. Басқаша айтқанда, қазір емханаларда Конституциямен барлық азаматтарға кепілдендірілген көптеген ауруларды емдеу қолжетімсіз болып, ол МƏМС пакетіне ауысады. Бұл азаматтардың мүддесіне сай келмейді. Халық үшін конституциялық кепілдікті сақтап, барлығына кепілдендірілген медициналық көмек көрсетілу керек. Оның қызметтерінде тек 13 ауруды сақтау керек деген ұсыныс дұрыс емес. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығы. Бұл пакет өзгеріп, МƏМС-ке барлығы ауысқан сайын, қазір жарналарды ұлғайту ұсынылуда. Бұл ретте осы азаматтардың бір бөлігінің ерікті медициналық сақтандыруы бар екені ескерілмейді. Яғни, тағы да, негізінен, қорды қолдап, жарнаны дұрыс төлейтіндер зардап шекпек. Халықтың МƏМС-ке деген сенімі өте төмен. Бұл халықтың МƏМС жарналарын жоспарлы түрде төлей отырып, оның не үшін қажет екенін түсінбейтіндігін көрсетеді. Осыған байланысты МƏМС жүйесіне кірмеген азаматтар саны артып келеді. МƏМС енгізу кезеңінде мұндай азаматтардың саны 3 миллион адам болды. Былтыр бұл көрсеткіш 3,1 миллионға өссе, қазір 3,5 миллионнан астам адамға жетті. Бұл азаматтар уақытылы медициналық көмекке қол жеткізіп, скрининг жəне тағы басқа медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайды. Сондықтан олар МƏМС жүйесінің артықшылықтары мен тиімділігіне мүдделі емес. Сондықтан Асхат Қанатұлының айтуынша, төлеушілердің жеке пайдасына бағытталған қосымша ынталандыру шаралары қажет. Ұсынылған шешімдердің бірі – қызметкердің жарнасының бір бөлігін дербес шотқа аудару арқылы жеке жинақ құруға мүмкіндік беру. Бұл жарна сомасының 30- 50%-ы болып, азаматтың қалауы бойынша емделуге, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сақтауға немесе жинақ түрінде ғана пайдаланылатын болады. Бұл ұжымдық сақтандыру жүйесінен ұжымдық жинақтау жүйесіне көшуді білдіреді. Сонда азаматтар өз жарналарының бір бөлігін ала алатынын, оларды жинап, басқара алатынын, қажет болған жағдайда ерікті полис сатып алып, денсаулығын сақтандыра алатынын түсінеді. Сонда ғана МƏМС-ке деген қызығушылық пен сенім артады. Бұл тəсіл шамамен 5 миллион адамға қатысты болады жəне жүйеге жаңа серпін береді.

А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»



Тағы да қымбатшылық: Ақпаннан бастап не өзгереді?

Жылдың ең қысқа айы ақпанда қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр.

ҚМДБ: Рамазан айының басталуына 30 күн қалды

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қасиетті Рамазан айының басталуына 30 күн қалуына орай дәстүрлі күн сайынғы хабарлама таратуды бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі музейге “Ұлттық“ мәртебе берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі музейге "Ұлттық" мәртебе берді.

Мобильді аударымдарды бақылау: 255 мың теңге шекті көрсеткіш бола ма?

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстанда айына 255 мың теңгеден басталатын мобильді аударымдарды бақылау туралы сұраққа жауап берді.

Қазақстанда бензин бағасын мемлекеттік реттеу ресми түрде жойылды

Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеудің күшін жою туралы бұйрық шығарды.