Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформа бойынша сөйлеген сөзі. 4 ақпан 2026 жыл.
Құрметті Төраға!
Қадірлі әріптестер!
Жаңа Конституцияның жобасы халықтың талқысына ұсынылды. Қоғамда қызу пікірталас жүріп жатыр. Кейбір баптарға қатысты сын да айтылуда. Бұл – қалыпты әрі қажет процесс. Өйткені Конституция – әрқайсымыздың тағдырымызға, болашағымызға тікелей әсер ететін негізгі құжат.
Алайда біздің айтқандарымыз көбіне екі-үш тармақтың төңірегінен аспай жатқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, жаңа Конституция 320 тармақтан, 95 баптан тұратын ауқымды құжат.
Расында, өте үлкен жұмыс атқарылды.
«Реформа жөніндегі комиссия мүшелері кімдер, олардың біліктілігі қандай?» деген пікірлер де аз айтылған жоқ.
Мәселен, 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Оның үшеуі – шетелдік сарапшылар еді.
Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі. Мәжілісте талай әріптестеріміз айтқан, әсіресе «AMANAT» партиясынан берілген біраз ұсыныстар қолдау тапты.
Есесіне, мәтіннің тілі де жөнге кеп қалды.
Қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы, күрделі. Оны қарапайым халық түгілі, заңгерлердің өзі әрең түсінетін.
Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды.
Ең бастысы — біз бұл Конституцияда тарихы бар ел екенімізді, Қазақ мемлекетінің Ұлы Дала төсіндегі сан ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығын шегелеп тұрып көрсеттік. Қазіргі конституцияда тарих туралы бір ауыз сөз жоқ.
Қоғамда көтерілген кейбір түйткілді мәселелерге тоқталғым келеді:
Соңғы кезде «жекелеген аумақтарға конституциялық мәртебе беріледі» деген тақырып ақпараттық манипуляцияға айналып кетті.
Қайталап айтамын, жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, елдің аумақтық тұтастығы ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз.
Сондай-ақ, бәз біреулер айтқандай, «Президентке қосымша артық өкілет берілетіндей» жаңа норма қосылған жоқ. Президент жеті жылға бір-ақ рет сайланады, жақын туыстары саяси және басқару лауазымдарын атқара алмайды. Бұрынғы норма өзгеріссіз қалды.
Бір нәрсе айқын:
Адам өмірінен асқан құндылық бар ма?
Адамның құқығы мен бостандығы – басты құндылық. Преамбулада бұл қағида бірінші рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде көрсетілді.
Енді кез келген адам ұсталған сәттен бастап оған өз құқығы түсіндірілуі тиіс және сол мезеттен бастап адвокат көмегін пайдалануға мемлекет кепілдік береді. Адвокатураның мәртебесі Ата заң деңгейінде бекітіледі.
Білім, ғылым және инновация – мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылды. Енді білім мен ғылымнан қаржы үнемдеу – Конституцияға қарсы әрекетпен тең.
Жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылды. Бұл – дінге қысым емес, керісінше барлық конфессияға тең көзқарастың құқықтық кепілі.
Цифрлық қауіпсіздік мәселесіне де алғаш рет конституциялық деңгейде мән берілді. Бүгінде интернет-алаяқтықтан зардап шегіп жатқан азаматтар өте көп. Цифрлық деректер-біздің жеке мүлкіміз. 1995 жылғы конституцияда «цифрлық қауіпіздік» деген бірде-бір тіркес жоқ. Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет ата заңда көрініс тапты.
«Неке» ұғымы да нақты айқындалды – ол ер мен әйелдің арасындағы одақ деп белгіленді. Бір жынысты некені мемлекет мойындамайды.
Коммерциялық емес ұйымдардың қаржысы ашық болуы тиіс. Шетелдік қаржы көзінен алынған қаражат туралы ақпаратты жария ету міндеттеледі. 6-бап, 5- тармақ
Халықтық кеңеске қатысты да алып-қашпа әңгіме көп. Ол Парламентке балама емес, бәсекелес орган да емес. Халықтық кеңес ұсыныстарды жүйелеп, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, референдум бастамасын көтере алады. Ал Құрылтай түпкілікті шешім қабылдап, саяси жауапкершілікті өз мойнына алады.
Болашақ Парламенттегі депутаттардың санына қатысты да әртүрлі пікір бар.
Дегенмен, жұмысы тобының 145 депутат болуы қажет деген шешімі бүгінгі саяси ахуалға да, тіпті қоғамның сұранысына да сай.
Мәселен, Конституциялық құрылымы, жер көлемі, халық саны әлдеқайда бізден кіші еуропалық мемлекеттердің көбінде депутаттар саны едәуір көп.
Мысалы, 10 миллион халқы бар Португалияда – 230 депутат, Швецияда – 349 депутат, ал небәрі 3 миллион тұрғыны бар Литвада – 140 депутат. Еуропада депутаттар санын шамамен әрбір 25 мың адамға бір парламентарий болуы керек деп есептейді. Сондықтан, Қазақстанның болашақ Құрылтайы Еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады.
Әлихан Бөкейханов:
«Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» деген.
Қысқасы, біз жаңа мемлекетті ойлап тапқан жоқпыз. Бұрыннан барды жаңа мазмұнмен нығайттық. Бүгінгі жағдайымызға, бекіген мемлекеттігімізге сай жаңарттық.
Ең маңыздысы, бұл Ата заңда – біз мыңжылдық тарихымызды нақты айқындадық.
Преамбулада алғаш рет «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттары бекітілді.
Егер Америкада «америкалық арман» болса, біз де «Әділетті Қазақстан» идеясын ұран күйінде қалдырмай, ұлттық идеологияға айналдырдыруымыз қажет. Себебі, әділдік жоқ жерде ешқандай құндылық сақталмайды.


