Қараша айында Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Д.Зәкиева, Л.Рамазанова, Б.Кесебаева, Ә.Әбсеметова мен Ж.Сүлейменова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа депутаттық сауал жолдаған еді. Өйткені, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес қазіргі таңда 6 млн 750 мың отбасының жартысына жуығына қолдау керек. Олардың 1 млн 145 мыңы дағдарыс жағдайында, 1 млн 600 мың отбасы шұғыл қиын жағдайда.
– Аталған санаттағы отбасыларға кешенді көмек көрсету керек. Бұл дегеніміз оларды әлеуметтік оңалту, сүйемелдеу; барлық мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктерді жеткізу; жұмысқа орналастыру; жәрдемақы тағайындауға негіз болса, жәрдемақы тағайындау; тіпті құжаты жоқ азаматтарға жеке куәлік істеп беру деген сияқты қызметтер. Сондықтан барлық қызметтерді бір жерден көрсету үшін еліміздің әр ауданында инфрақұрылым, атап айтқанда Отбасын қолдау орталықтарын ашу қажет. Қазір бізде 220 ауданда тек 47 Отбасын қолдау орталығы ғана бар. Мысалы, 2 миллионнан астам халық бар Түркістан облысындағы 14 аудан мен үш қаладағы 330 мың отбасы төтенше қиын және дағдарысты өмірлік жағдайда тұрады. Зорлық-зомбылық деңгейі де жоғары. Облыс бойынша тек екі дағдарыс орталығы бар. Ал кейбір ауылдардан Түркістан қаласындағы Отбасын қолдау орталығына жету үшін 7-8 сағат жол жүру керек. Балалары бар әйелдердің, көптеген отбасылардың осынша ұзақ жол жүріп баруға не күші, не ақшасы жоқ. Әсіресе, көмек түнде қажет болып жатса тіпті қиын. Республиканың басқа өңірлерінде де осындай жағдай. Өкінішке қарай, отбасылардың әлеуметтік мәселелерінің шешілмеуі және оларға уақытылы көмек көрсету мүмкіндігінің болмауы қайғылы салдарларға әкеліп жүр. Мұндай мысалдар бізде жеткілікті, – дейді депутаттар. Отбасы орталықтарын ашуға қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада бергенін еске түсірген олар, қызметтер мен көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да көрсетілгенін атап өтті. 2025 жылға дейін отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалы әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету үшін ашылатын мұндай орталықтардың саны 234 болуы тиіс. Оның 45-і биыл ашылуы керек. Ал қалған 158 орталық 2023– 2025 жылдары жергілікті бюджет есебінен ашылады деп болжанған еді. Алайда өңірлер өздерінде бұған қаражат жоқтығын айтып жатыр. Сондықтан халық қалаулылары оларды орталықтан қаржыландыру қажеттігін қарастыруды сұраған болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің есептеуіне қарағанда бір орталықты құруға және ұстауға 42 685 мың теңге қажет. Яғни 2023–2025 жылдар кезеңінде жол картасының индикаторларына қол жеткізу үшін 6 млрд 744 млн 230 мын теңге көлемінде қаражат қажет. Өткен аптада Ерұлан Кенжебекұлы депутаттарға жіберген жауабында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның тапсырмасы бойынша Отбасын қолдау орталықтары қызметінің тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, тұжырымдама отбасын қолдау орталықтарының функцияларын, қызмет көрсету кезінде олардың мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл алгоритмдерін қамтиды. Мәжіліс қарауындағы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында отбасыларды қолдау орталықтарын құру және олардың қызметін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беру қарастырылған. «Президенттің 2022 жылғы 1 сәуірдегі №853 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен әрбір қалада және ауданда жергілікті атқарушы органдардың отбасын қолдау орталықтарын құруы көзделген. Осылайша, отбасыларды қолдау орталықтарын құру тиісті жергілікті қаражат есебінен бюджеттік заңнамаға сәйкес жүргізілетін болады», – деген Е. Жамаубаевтың жауабына депутаттар да қанағаттанған сияқты. Алайда, дағдарыс жағдайындағы және төтенше шұғыл көмекке мұқтаж отбасылар саны 2025 жылға дейін өспесе кемімейтініне әзірге ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, тығырыққа тірелген жандар үшін Отбасы орталығы толықтай үміт сәулесін сыйлай алмауда.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


