АДАМ ҚАЙ КЕЗДЕ БОЛСЫН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ ІЗДЕЙДІ, ТІПТІ КЕЙ ЖАҒДАЙДА ОҒАН МАТЕРИАЛДЫҚ ИГІЛІКТІҢ ҚАЖЕТ БОЛМАУЫ ДА МҮМКІН. АЛ, МЕЙІРІМ, ЖЫЛЫ СӨЗ, РУХАНИ ҚОЛДАУ ӘРҚАШАН МАҢЫЗДЫ, БАРЛЫҚ КЕЗДЕ ДЕ ӨЗЕКТІ. ЕГЕР ОЛ АДАМНЫҢ МҮГЕДЕКТІГІ БОЛСА, ТІПТІ…
Өйткені онсыз да жаны жаралы жандар қоғамның қолдауына, айналасының мейріміне зәру.
Оларды тіпті сіз мүмкіндігі шектеулі деп те айта алмайсыз. Арасында мүгедектігі жайлы суырылып шығып, өз проблемасын өзгеге айтқысы, естірткісі келетіндер аз. Өйткені, олар намысқой, шамшыл. Сонысымен де бұл инклюзивті, «нәзік тақырып».
Ортадан оқшаулаудың керегі жоқ
Біз сөйлескен алғашқы кейіпкер Таңжарық «мүмкіндігі шектеулі» деген ресми атауға қарсы. Оның ойынша, мұндай адамды қалыпты қоғам «мүгедектігі бар азамат» деп атау керек. Біздің кейіпкеріміз бұндай адамдарға қоғамда көзқарас өзгеруі керек деп есептейді. Инклюзивті білім берудің де Таңжарықтың айтуынша, екі жағы, яғни, пайдасы мен зияны бар. «Зияны – мүгедектігі бар баланың ата-анасы оған адамдардың әртүрлі болатынын айтып түсіндіре бермейді. Кей ата-ана мектептен кеміс бала көрсе оны қолымен нұсқап, баласына көрсетеді. Балалар да осыдан әлгі адамға қатыгездік танытады, ауыр сөз айтып кемсітеді. Яғни, біреудің жүрегін жаралап алмау керектігін үлкендер кез келген балаға кішкене күнінен ұғындыруы керек. Пайдалы жағы – инклюзивті мектепте оқыған балалардың ортаға үйренуі. Оларды изоляцияда қамап ұстаудың керегі жоқ. Мүгедектігі бар баланың қабілеті көтере ме, оны қалыпты балалармен қатар оқыту керек. Қолы кеміс, аяғы жоқ, құлағы естімейді деп оларды қоғамнан оқшаулаудың керегі жоқ. Ол бала өзінің кемістігінің қоғамға ешқандай қауіпті емес екенін өзі қатарлы балалардың ортасына түскенде сезінеді» – дейді.
Таңжарықтың айтуынша, инклюзивті білімге кірген балаға, оның сыныптастарына да, ата-анасына да психологтың көмегі керек. «Барлық талапқа сай бұл баланың да жақсы оқи алатынын, жақсы оқыса жақсы жұмысқа ие бола алатынын, ары қарайғы өмірі осы білімге байланысты екенін түсіндіретін маман керек, ата-ана да осыған сенуге тиіс. Өз баласының қабілетіне өздері сенбесе еш нәтиже шықпайды. Мұндай жағдайда олар текке баланың сағын сындырады». «Қазақстандық мектептерге пандустар керек. Мүгедектігі бар балаға
көтеріліп түскенге жағдай жасалған жөн. Сосын ұстаздар ол баланы мүсіркеп, аяушылықпен жоғары баға қоймасын. Бұл баланың мүмкіндігін шектейді, өзіне деген сенімін жоғалтады» – дейді кейіпкер.
Инклюзивті бизнес: Қазақстанда мүгедектігі бар жандардың кәсіпке бейімделуі қалай?
Мүгедектігі бар жандардың көңіліне тиетін нәрселерді тізбектей отырып олар үшін жұмыспен қамтудың маңызды екенін түсінеміз. Осы орайда оларға қатысты бір мәселе, қазіргі таңда олардың кәсіпке бейімделуі болып отыр. Көп жағдайда несиелендіру, субсидиялау, халықты кәсіпкерлік дағдыларға үйрету бағытындағы мәселелерге мүмкіндігі шектеулі жандар да ескерілген. Мүгедектігі бар жандардың бизнес-жобаларын сүйемелдеуге бағытталған «Бизнес бастау» жобасы да жүзеге асқан болатын. Бұл жобада үш негізгі құрал біріктірілген: оқыту, микрокредиттеу және гранттық қаржыландыру, іске асырылған жобаларды сүйемелдеу. Жыл санап бұл жобаның аясында бизнеске бейімделген мүмкіндігі шектеулі жандардың да саны артып келеді. Мәселен «Бизнес бастау» бағдарламасының түлектерінің алдыңғы жылы 1 134 еңбекке қабілетті мүгедек болса, былтыр 880 мүгедек кәсіптік білім алған. Алайда осныша жан кәсібін дөңгелетіп кетіп отыр деп айта алмаймыз. Осы орайда айта кетсек, АҚШ-та 168 000 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, Ұлыбританияда — 70 000. Сандарды салыстыру үшін айтар болсақ Қазақстанда 300-ден астам ғана әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Жалпы, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 700 000-нан астам екенін ескерсек, статистика көңіл көншітпейді. Көп жағдайда жұмыс берушіге денсаулығы 100 пайыз жақсы адам керек екенін ескерсек, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасаудың маңызды екенін түсінеміз. Ешкімнен кемсіту естімей, өзін өзі дамытып, өзіне деген сенімділігі артып жүрсін десек инклюзивті бизнесті дамытудың маңызы зор!
Мемлекеттің көмегі көп
Келесі кейіпкер Мерей әлеуметтік көмекші. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет үлкен көмек жасап отыр. Жылына бір рет ауылдағы балаларға мемлекет арба, балдақ секілді аса керек заттарды береді. Айына памперс, ойыншық, әртүрлі дамыту құралын жеткізеді. Мерей, бірақ, олардың сапасының мәз емесін айтады. Алюминий қаңылтырдан жасаған бұл құралдар балалардың қолтығын қажап, кейде тез сынып жатады екен. Мерейдің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі кейбір балалардың қабілеті зор. «Біздің сабақтар көбіне дидактикалық оңалту тәсілімен өтеді. Мәселен, сол қолы әзер қимылдайтын баланың сол қолымен сурет салғызамыз, сол қолын көбірек жұмыс істетуге тырысамыз. Оң аяғы істемесе сол аяғымен пластмасса бөтелкелерді басқызамыз. Олар өте сезімтал. Кейде сау баланың ойына келмейтін, сау бала айта алмайтын дүниелерді осылар айтады. Мысалы, он алты жастағы балам ашық теңізге шығуды, кеме капитаны болуды армандайды. Теңіздің, кеменің, шағалалардың суретін керемет салады. Тағы бір қызым қабағыма қарап отырады, сәл көңіл-күйім болмаса «апай, ауырып отырсыз ба?», «Сіздің көңіліңізге келетін сөз айтып қойдым ба?» деп отырады. Басында жылап алатынмын, қазір бәріне үйрендім» – дейді. Психологтар мүгедектігі бар баланы дүниеге әкелген ата-ананың қиындығы перзентханада диагнозын естігеннен басталатынын айтады. Кемістігі бар нәрестені көтеріп, қолына алудың өзі жас ана үшін үлкен сынақ. Ендеше, бұндай отбасыларға психологтың, туған-туыстың қолдауы өте қажет. Егер ата-ана баласына өзі қолдау білдіруге, онымен бірге ертеңгі өмірінде күресуге дайын болмаса баланың ес біле бастаған сәтте-ақ сынып кетуі ғажап емес. Ендеше, инклюзивті қоғам өкілдеріне әрқашан қолдау мен түсіністік керек. Дамыған, адам құқығын сыйлайтын кез келген мемлекет үшін әрбір азаматы қадірлі болуға тиіс.
Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын тыңдай отырып, әлі де болса бұл салада көп жұмыс атқарылуы қажет екенін аңғардық. Олардың көңіліне тиетін, олардың мұңайтатын мәселелермен күресіп, инклюзивті қоғам құру қазіргі таңда еліміздің басты мақсаттарының бірі болып отыр!