«Ғалым да, шахтер де бас иетін, ұстазым бар сенің қасиетің» деп ақын жырлағандай, ұстаздарға деген құрмет әрқашан жоғары. Үнемі болмаса да, жылына бір келетін ұстаздар мейрамында біріміз алғашқы әріпті үйреткен, біріміз математиканың формуласын түсіндірген, біріміз көркем әдебиетпен табыстырған, біріміз тарихқа үңілткен мұғалімдерді еске алып, олардың еңбегін мойындайтынымыз даусыз. Мұндай сезім, әсіресе, аға буын өкілдеріне тән.
Ұстазды пір тұтқан, оның әр сөзін бұлжымас ережеге балаған кездер болды. Бұл сол кездегі түсінік, пайымымызға, алған өнегемізге көбірек байланысты болса керек. Өйткені, нені көбірек көрсек, неге көбірек сенсек, соған қол жеткізетініміз ғаламның айнымас заңдылықтарының бірі. Аға буын ұстаздарға деген құрмет пен сенім оларға өз кәсібінің алдындағы жауапкершілік жүгін ұғындырды, мамандығы үшін мақтанышын үстеп, мамандықтың ел тағдырындағы маңызын жүрегіне ұялатып, санасына сіңірді. Бұл іске күнкөріс үшін емес, жүрек қалауымен, үлкен тәуекелмен келу қажеттігін сезіндірді. Осылайша елі ардақтаған мұғалімдер шын мәніндегі ұлт ұстаздарына айнала алды. Қазір ше…Қазір ел болашағын тәрбиелейтін осынау киелі кәсіп әркімнің қолжаулығына айналғандай. Және бұған алдымен өзіміз, қоғам кінәлі десек не дейсіздер?! Жуырда бір танысыма сынып жетекшісі хабарласып, баласын басқа мектепке ауыстыруды сұраған. Өтініштің өзі емес, себебі қайран қалдырды. Егер мектеп бала үшін алыс болып, барып-келу қиындық тудырып жүргендіктен осындай ұсыныс айтылса әңгіме басқа. Өкінішке қарай, мәселе мұнда емес, мәселе баланың бербеткейлігі, қиқарлау мінезінде екен. Сынып жетекшісі басқа балалардың мінезіне, тәртібіне кері әсер етеді деп, танысымның баласынан құтылғысы келеді. Яғни, өз жанының тыныштығы үшін баланы үйренген ортасынан аластай салу ниеті бар. Мектеп ауыстырудан баланың алатын психологиялық жарақаты, бұл жағдайдың оның кейінгі тағдырына тигізер теріс әсері ұстазды мүлде ойландырмайтын сияқты. Өзінің айтқанынан шықпайтын оқушылармен ғана жұмыс істеп, ешнәрсеге бас ауыртпай жүргісі келеді. Шын мәнінде баланың мұндай қиқар болуы бір түйткілдерге байланысты шығар? Бәлкім, бұл мінез іштегі бұғып жатқан таланттың көзі болуы мүмкін. Онымен жұмыс істеу арқылы бала қабілетін оятып, дамытуға болар. Сөйтіп, елге қызмет ететін үлкен бір тұлға өсіп шығар одан.
Бүгінгі мұғалімдердің көпшілігі алдындағы шәкіртіне болашақ тұлға деп қарамайды. Оларды аяқ астынан басына пәле болып, машақат тудыруы мүмкін қауіптің көзі санайды. Өйткені, алдындағы оқушыларға қатты талап қойып, аяқ асты артық сөз айтсаң басың дауға қалып, соттың алдынан бір-ақ шығуың мүмкін. Кейде олар шәкірттерінен бақталасын да көруі мүмкін. Өйткені, көптеген оқушылардың қолындағы телефон өзінікінен қымбат, киімі – өзінікінен бағалы. Қысқасы, мұғалімнің шәкіртіне сүйсіпеншілік танытып, оның тағдырына жүрегі сыздап, алаңдай алмайтынына себеп көп. Бала бұл мектептен кетсе, одан артығын тауып жолы тіпті ашылып кетуі мүмкін деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл қадам баланың бүкіл адамдарға деген сенімін, болашаққа деген үмітін күлталқан етуі мүмкін ғой. Сөйтіп, оны мүлде теріс жолға салып жіберсе ше? Шыны керек, ақпараттық технология иіріміне үйірген, білім мен білік, жаңа талаптарға негізделген мына заман мұғалімдерге сабақ беруден өзге, біраз талаптар жүктеп қойған. Мұғалімдер мәртебесі заңмен айқындалса да олар бұған еш қатысы жоқ қайдағы бір көрсеткіштердің құлы болып, көп жағдайда бала тұрмақ, өз жайын ойлауға шамасы болмай жүреді. Бұған бүгінде қоғамның айнасына айналған әлеуметтік желілердегі жазбалар куә. Мысалы Сұлтан Сүлеев есімді мұғалім «Қазақстан ұстаздары» деген фейсбукте ашылған топта қалдырған жазбасында мәселенің бірқатарын атап көрсетіпті. Солардың бірі сағатқа қатысты мәселе. Осы төңіректегі айқай-сүрең қашан тыйылар екен дейді ол. Расында бұл әр мұғалім үшін жаңа оқу жылы басталған сайын туатын уайым. Олар әр оқу жылында мектепке бір үміт, бір күдікпен келеді. Соңғысы басымдау түсіп жатады көбіне. Өйткені, тиісті сағат жүктемесін алу кез келген мұғалімге оңай емес. Белгіленген, қалыптасқан тәртіп жоқ. Сағаттардың тиісті деңгейге сай болып, қолайлы уақыттарға қойылуы оқу ісі орынбасарының мұғалімдерге деген көзқарасына байланысты. Тәртіп жолға қойылмаған ортада сағат бөлу басшылардың тәбетіне негізделері талассыз. Сондықтан жаңа оқу жылы басталған сайын мектептерде сағат үшін күрес. Олай болмағанда ше? Өйткені, алатын жалақыңның көлемі сағаттың санына байланысты. Бұл жерде артық алынған мұғалімдер, зейнетке кеткісі келмейтін ұстаздар басты бәсекелес. Бәсің мықты болуы үшін, білім-білігің де, тәжірибең де қажет емес. Бастысы сағат бөлетіндердің көңілінен шығу. Ол оңайға түспейді. Неліктен артық мұғалімдер алынады, неліктен зейнеткерлерге одан әрі жұмыс істеуге жол беріледі? Бұл сұрақтардың басы әзірге ашық тұр. Түсініктісі бұл ретте құзырлы орынның еркі айқын көрініп, мәселені заңнамалық түрде ретке келтірілу қажеттігі кезек күттірмейді. Өйткені, тап осы мәселе білікті мамандарды ығыстырып немесе қалғанының өзінің ізденіспен жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп, білім мен тәрбиенің сапасына көлеңкесін түсіріп жатыр. Осыдан келіп мұғалімдер жұмысын дұрыс істеуді емес, сағатын толық алып, қолайлы уақытқа қойдыру үшін оқушының көңілінен шыққаннан гөрі, басшылардың көңілінен шығуды ойлайды. Зейнеткерлер жайлы да осыны айтуға болады. Министр айтқан деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздің мектептерінде мыңға тарта зейнет жасындағы мұғалім қызмет етіп жүр. Иә, кейбір шалғай мектептерде маманның жетіспеушілігіне орай, олардың көмегіне ділгір шығармыз. Алайда, көптеген зейнеткер мұндай қажеттіліктен емес, өздері кеткісі келмей, жас мамандарға орын босатпай жүргені шындық. Бұл мәселеге қатысты да құқықтық негізде бір шара қабылдануы керек. Әйтпесе, біздің мектептеріміз қарттар үйіне айналып кететін түрі бар. Аталған жазбасында Сүлеев мырза тағы «ӨӨТ пәні мұғалімдерінің категориясы мерзімі аяқталғанша жарамды болса деймін. Жамбыл облысы осыны өте тиімді шешті. Қалған басқармалар да үлгі алып, кәсіподақпен бірлесе келісімге қол қойса. Ал ардагер мұғалімдердің күтіп жүргені – 30 жылдық стажы барларды біліктілік сынағынан босату мәселесі. Жалпы, зейнетке төрт жыл қалғандарды аттестациядан мүлде босату керек. Осыған қатысты бұйрық қашан шығады деп әріптестерім күнде сұрайды. Бұл бұйрық түбінде барлық ұстазға керек» дейді. Бұл айтылғандар бүгінде бүкіл педагогтар ұжымының бас ауруы, арылмас уайымы. Ешқайсысының білімнің сапасына, мамандардың біліктілігіне пайдасы жоқ, керісінше барлығы да мұғалімдердің уақытын алып, энергиясын жұтып, жүйкесін жейтін шаралар. Расында, өмірбақи мектеп саласында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдерді қайта-қайта аттестациядан өткізу не үшін қажет? Оның орнына неге біліктілік курстарын ұйымдастырмасқа? Бәлкім мұғалімдерге білім беру ісінің бүгінгі трендтерін игеру, компьютерлік сауаттылықты меңгеру қажет шығар. Олардың қайта-қайта біліктілік емтиханын тапсырғаннан білімі көтеріліп кетпейді ғой. Бұл тұрғыда да құзырлы орынның сараптамалық жұмыс нәтижесіне сүйенген нақты шарасының қажеттігі көрініп тұр. Тағы бір мәселе тиісті көрсеткішке қол жеткізу үшін мұғалімдердің «Күнделік.кз» сайтына кіруге мәжбүр болатыны. Цифрландыру электронды қызмет жүйесін ашық етеді, жариялылықты арттырады деп жүргенімізде бұл үрдіс онсыз да жұмысы көп ұстаздарымызға қосымша жүк артқандай. Осы сайтқа кіру үшін ғаламтор желісі жоқ немесе әлсіз ауыл мұғалімдері түн ішінде үй аралап, кейде ауданға сапар шегуге мәжбүр болады екен. Қайта-қайта сайтқа кіруге мәжбүрлік негізгі міндет – сабаққа дайындыққа күшті де, уақытты да қалдырмай жатады. Амалсыздан жеп отырған нанынан айырылмау үшін мұғалімдер бұған қарсылық жасай алмайды. Негізгі жұмыстан назарды аударатын шаралардың қатарында түрлі конкурстарға қатысу, семинарлар өткізу талаптары бар.
Иә, оларды өткізбей-ақ қоюға болады. Бірақ бұл шараларға бөлінетін тиын-тебеннен кім құр қалғысы келеді дейсіз?! Мұғалімдер де сол үшін барын салады. Әрине, «байдың асын байғұс қызғаныпты» дегеннің керін келтіріп отырғандай болармыз. Мұндай сөзді естігіміз келмейді. Бірақ айтпасқа амалымыз жоқ. Себебі, бұл шараларды өткіземін деп шаршаған мұғалімдердің шала-шарпы дайындалған соң сабақтарының сапасын төмендетіп жатқаны тағы анық. Бізді осы алаңдатады. Бәлкім, бұл шаралар қоғамдық жұмыс ретінде жолға қойылса, әркімнің жеке бастамасы, шынайы энтузиазм негізінде жүзеге асса, яғни, шын мықтылардың еркімен, жігерімен жүзеге асса әлдеқайда пайдалырақ болар ма еді. Қазір олар қолынан келсін, келмесін әркімнің артық тиын-тебен алу үшін ұмтылатын бір табыс көзіне айналып отыр. Мұндайда олардың сапасы қандай болуы мүмкін? Тоқетерін айтқанда, мектептегі негізгі тұлға мұғалім мәртебесі осындай пайдасыз көрсеткіштердің көлеңкесінде көмескіленіп тұр. Яғни, қоғамнан бастап, құзырлы орын үшін мұғалімге құрметтің қажеттігі айқын сезіледі. Ол құр сөзбен, орындалуы қиын заңды талаптармен емес, нақты істен көрініс тапса құба-құп. Сонда бәлкім біз мұғалімдерді шәкірттеріне қайтарып, олардың болашақ алдындағы жауапкершілігін сезіндірерміз.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»