Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Абден Қарақат Жақсылыққызы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Қазақ ғылыми-зерттеу институты қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі» мекемесі мен «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – отандық ғылымның қазіргі жағдайымен танысу, ғылыми мекемелердің өзекті мәселелерін талқылау және сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды. Жиынға институттардың басшылығы, жетекші ғалымдар, жас зерттеушілер мен өндірістік бөлім қызметкерлері қатысты.
Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Қарақат Жақсылыққызы ғылым мен өндірістің өзара тығыз байланысы елдің тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Әсіресе, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі саласындағы ғылыми әзірлемелердің агроөнеркәсіп кешенін дамытуда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор екенін жеткізді. Депутаттың айтуынша, ғылым нәтижелерін өндіріске енгізу арқылы отандық өнімнің сапасын арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға толық мүмкіндік бар.
Кездесу барысында «Қазақ ғылыми-зерттеу институты қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі» мекемесінің өкілдері институттың негізгі бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жаңа технологиялық әзірлемелер туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, сапасын арттыру, қалдықсыз өндіріс пен экологиялық таза технологияларды енгізу мәселелері қозғалды.
Ал «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының» қызметкерлері биотехнология, микробиология және вирусология салаларындағы зерттеулердің нәтижелерімен бөлісті. Олар медициналық және ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми жаңалықтардың практикалық маңызын атап өтіп, зертханалық базаны жаңғырту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Ғалымдар еңбекақы, ғылыми жобаларды қаржыландыру, гранттық бағдарламалардың қолжетімділігі, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру сынды мәселелерді көтерді. Депутат Қарақат Жақсылыққызы айтылған ұсыныстар мен көтерілген түйткілдердің барлығы назарға алынатынын, оларды заңнамалық деңгейде қарастыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілетінін атап өтті.
Аталған кездесу ғылым мен билік өкілдері арасындағы байланысты нығайтып, отандық ғылыми әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.
Ахметбек ҚОҢЫРБАЕВ, «Ауыл» партиясы Алматы қаласы филиалының төрағасы



