14 шілде Мемлекет басшысы МӘМС туралы Заңға енгізілген өзгерістерге қол қойды. Жетісу облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы мен Денсаулық сақтау басқармасы әрбір азаматтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және медициналық көмекті қаржыландырудың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған заңдағы жаңа өзгерістер туралы түсініктеме берді.
2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады. Бұл ТМККК мен МӘМС-ті нақты ажыратуды, аурулардың ерте профилактикасының қолжетімділігін, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда тегін зерттеп қарауды қамтамасыз ететін болады.
«Бірыңғай пакет әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте диагностикалау бойынша кепілдіктерді кеңейтеді. Мысалы, онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтарға қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде тегін медициналық көмектің кепілдік көлеміне кіретін онкоскринингтерді жалпыға бірдей қолжетімді етіп, обырды ерте сатысында уақтылы тиімді диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді», — дейді Жетісу облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының директоры Иван Самойленко.
Оған қоса, МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесіне жарналар мен аударымдарды есептеу үшін базаның жоғарғы шегін арттыру ұсынылады.
Қазір орташа жалақысы 300 мың теңге болатын қызметкерлер МӘМС жарнасын 6 мың теңге немесе табыстың 2% деңгейінде төлейді. Ал орташа жалақыдан 5 есе жоғары 1,5 млн теңге табыс алған кезінде 10 ЕТЖ (850 мың теңге) жоғарғы шегі іске қосылады, сондықтан жарна 17 мың теңгеден немесе табыстың 1,1%-ынан аспайды. Орташа жалақыдан 10 есе жоғары 3 млн теңгедегі табыстан МӘМС жарнасы 17 мың теңгеге немесе табыстың 0,6%-на тең болып қалады.
Енді жұмыс берушілер үшін жарналарды 40 ЕТЖ-дан аспайтын сомадан, ол 3,4 млн. теңге және ең жоғары аударымдар айына 102 мың теңгені құраса, ал қызметкерлер — 20 ЕТЖ-ға дейінгі сомадан, яғни 1,7 млн теңге және ең жоғары аударымдар айына 34 мың теңге аударатын болады.
Одан бөлек, 2027 жылдан бастап мемлекет жарналарын 2037 жылға қарай 2%-дан 4,7%-ға дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Бүгінгі таңда Жетісу облысында 539 мың адам (82,2%) сақтандырылған, оның ішінде 392 мың адам (72,7%) халықтың жеңілдетілген санаттарына жатады. Олар үшін ай сайын ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылдағы орташа айлық жалақының 2%-н құрайтын 7 285,9 теңге МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Бұл мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары туралы Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов айтып берді.
Қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады. Бұл табысы төмен ҚР азаматтарының тағы 5%-ы МӘМС есебінен жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын білдіреді.
«Қазіргі таңда Жетісу облысында МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған 117 мыңнан астам адам бар, оның ішінде 82 мыңы жағдайы жақсы және қанағаттанарлық өмір сүру деңгейі бар азаматтар, ал 35 мыңнан астамы — әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл деңгейлеріне жататын азаматтар. Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады»,-дейді Асқар Садықов.
Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылған азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заң жобасы жеңілдікті кезеңді ұзарту жөніндегі жаңа норманы көздейді.
Енді бес жылдың ішінде өз бетінше және үзіліссіз жарна төлейтін азаматтар уақытша төлемдер болмаған жағдайда да алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын. Бұл әділ және маңызды шешім жүйеге тұрақты қатысатын және уақытша қиындықтарға тап болғандарды қолдайды.
«МӘМС туралы Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша бірыңғай коммуникациялық жоспар аясында Жетісу облысында Қор филиалының, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлік медициналық қауымдастықтың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Қазіргі таңда түсіндіру жұмыстары басталды, өзгерістерді талқылау бойынша дөңгелек үстелдер, еңбек ұжымдарымен, халықпен, медицина және бизнес қауымдастығымен кездесулер ұйымдастырылады», – деді Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Садықов.