АҚШ пен Иран арасындағы жағдайдың шиеленісуі және әлемдік мұнай бағасының құбылмалылығы аясында Қазақстан мұнай-газ саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов брифингте журналистердің геосаяси жағдайдың мұнай нарығына ықпалы туралы сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.
Мұнай бағасының әлемдік конъюнктурасы күн сайын өзгеріп жатыр. Қазіргі жағдайда түрлі сценарий бар, нақты не болатынын дөп басып айту қиын, – дейді вице-министр.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі қысқа мерзімді болжамдарға емес, саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуге назар аударады.
Министрлік ішкі нарықты қамтамасыз етуге, мұнай өндіру жоспарын орындауға, экспортты, жеткізу бағыттарын және ел ішіндегі тасымалды, сондай-ақ өңдеу саласын тұрақты ұстап тұруға көңіл бөледі, – деді Санжар Жаркешов.
Вице-министрдің сөзінше, мұнай бағасының күрт өзгеруіне қарамастан, саладағы негізгі процестер жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ ол Қазақстанның мұнай нарығы негізінен ұзақ мерзімді келісімшарттарға сүйенетінін айтады.
Мұнай экспорты көбіне спот-нарық арқылы емес, орта және ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде жүзеге асады. Сондықтан келісімшарттардың сипаты тұрақты, – деді ол.
Осыған байланысты мұнай бағасының қысқа мерзімді ауытқуы ел экономикасына бірден әсер етпейді.
Әрине, оң әсер болады. Бірақ мұндай өзгерістердің нәтижесін шамамен алты айдан кейін көреміз. Үкімет болған соң әртүрлі сценарийге дайын болжам жасаймыз. Біздің бюджет те соған негізделген. Сондықтан мұнай бағасы төмен болсын, жоғары болсын – барлық жағдайға арналған арнайы сценарийлер бар. Үкімет оған дайын, – деп түйіндеді Санжар Жаркешов.


