Мұнай қымбаттады, теңге нығайды: Қазақстан экономикасын не күтіп тұр? 

Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі аясында әлемдік мұнай мен шикізат бағасының өсуі Қазақстан үшін сыртқы инфляциялық тәуекелдерді арттырып отыр. Бұған қоса Қытайдағы инфляцияның үдеуі, логистика шығындарының көбеюі және экономиканың импортқа тәуелділігі қосымша қысым тудырады. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан экономикасы халықаралық баға конъюнктурасы мен импортқа, әсіресе Ресей мен Қытайдан келетін азық-түлікке жатпайтын тауарларға әлі де тәуелді.

Ұлттық банктің бағалауынша, тұтыну тауарлары импортының шамамен 28%-ы азық-түлікке, ал 72%-ы азық-түлікке жатпайтын өнімдерге тиесілі.

Мұндай жағдайда мұнай, шикізат, логистика және тасымал құнының әлемдік деңгейде қымбаттауы ел ішіндегі импорттық өнімдердің бағасына тез әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ экономиканың кей салаларының сыртқы жеткізу тізбегіне, импорттық құрал-жабдық пен аралық өнімдерге тәуелді болуы қосымша қауіп туғызады.

Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі тек энергия тасымалдаушылар бағасы арқылы ғана емес, тасымал, сақтандыру және сыртқы сауда есеп айырысулары құнының өсуі арқылы да қысымды арттыруы мүмкін, – деді Рамазан Досов.

Сонымен қатар әзірге бұл ықпал шектеулі деңгейде байқалып отыр. Ормуз бұғазында кемелер қозғалысына қатысты шектеулер басталғалы бері ел ішіндегі жанар-жағармай бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал теңге бағамы 5,5%-ға нығайып, доллар бағасы 497,7 теңгеден 469,9 теңгеге дейін түсті. Сарапшының айтуынша, мұнай бағасының жоғары болуы экспорттық түсім мен сауда балансын жақсартып, жағымсыз әсердің бір бөлігін өтеп отыр.

Қытай және импорт құны

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі саналады. Сонымен қатар ол машина, құрал-жабдық, электроника, көлік, құрылыс материалдары мен тұтыну тауарларының негізгі жеткізушілерінің қатарында.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан импортының 29,7%-ы Қытайға тиесілі болса, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 29% болған.

Сарапшының сөзінше, Қытай экономикасындағы инфляцияның үдеуі басқа факторлар өзгермеген жағдайда Қазақстан үшін импорт бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін. Бұл тікелей өндірушілер бағасының өсуі арқылы да, логистика мен тасымал шығындарының артуы арқылы да байқалуы ықтимал.

Әсіресе импортқа тәуелді азық-түлікке жатпайтын сектор үшін бұл аса сезімтал болуы мүмкін.

Соның салдарынан қытайлық құрал-жабдық, бөлшек және шикізат пайдаланатын қазақстандық кәсіпорындардың шығыны өсіп, кейін бұл ел ішіндегі түпкі өнім бағасына біртіндеп әсер етеді, – деді сарапшы.

Сонымен бірге оның айтуынша, сауда балансына әсері керісінше оң болуы мүмкін. Себебі шикізат пен энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі Қазақстанның экспорттық түсімін арттырып, импорт шығындарының ұлғаюын ішінара өтейді.

Қай салалар қатты тәуелді?

Сыртқы инфляциялық қысымға ең тәуелді салалар – импорт пен сыртқы жеткізу тізбегіне қатты байланып қалған секторлар.

Бұл ең алдымен дәрі-дәрмектің 85%-ына дейін сырттан келетін фармацевтика саласына, автомобиль нарығына, бөлшек саудаға, құрылысқа және импорттық құрал-жабдық пен бөлшек қолданатын өндіріс орындарына қатысты.

Сыртқы сауда статистикасына сәйкес, 2025 жылы Қазақстан импортының 44,7%-ы машина, құрал-жабдық және көлік құралдарына тиесілі болған. Тағы 15,8%-ын химия өнімдері, 11,5%-ын жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер, шамамен 9,3%-ын металл және металл бұйымдары құраған.

Сәйкесінше, шикізат, логистика және өндірістік шығындардың әлемдік деңгейде өсуі құрылыс, көлік, өндіріс және тұтыну тауарларының өзіндік құнына тікелей әсер етеді.

Теңге бағамына не әсер етуде?

Қазіргі сыртқы жағдай теңге үшін әзірге негізінен оң әсер беріп отыр. Бұған мұнай бағасының жоғары болуы себеп.

Мұнай-газ секторы елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 20%-ын қалыптастырады, шоғырландырылған бюджет кірісінің 30%-дан астамын және экспорттың жартысынан көбін қамтамасыз етеді.

Мұнай бағасының өсуі дәстүрлі түрде сауда балансын жақсартып, экспорттық валюталық түсімді көбейтеді және ұлттық валютаны қолдайды.

Бұған қоса, жоғары базалық мөлшерлеме, Ұлттық банк, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен экспорттаушылар тарапынан шетел валютасын сату операциялары теңгеге қосымша қолдау көрсетіп отыр.

Базалық мөлшерлемеге әсері қандай?

Рамазан Досовтың айтуынша, мұндай тәуекелдерді Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша соңғы шешімінде де атап өткен. Реттеуші шикізат бағасының өсуі, геосаяси белгісіздіктің жоғары болуы және әлемдік нарықтардағы құбылмалылықтың сақталуы аясында сыртқы инфляциялық қысымның күшейгенін мәлімдеген.

Сонымен қатар Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі аралас әсер береді. Бір жағынан бұл экспортты, бюджетті және теңге бағамын қолдаса, екінші жағынан жанармай, логистика, импорт пен шикізат бағасының қымбаттауы инфляциялық қысымды күшейтеді.

Инфляциялық тәуекелдер күшейген жағдайда ақша-несие саясатын реттеуші орган ақша-кредит шарттарын қалыпқа келтіру мәселесінде барынша сақ ұстанымда болуы мүмкін, – деді сарапшы.

Экономика үшін негізгі қауіптер

Таяу Шығыстағы шиеленіс сақталған жағдайда Қазақстан үшін негізгі қауіп импорт, логистика және шикізат құнының қымбаттауы арқылы инфляцияның үдеуі болуы мүмкін. Бұл әсіресе тұтыну тауарлары, құрал-жабдық пен бөлшектер импортына тәуелді экономика үшін аса сезімтал.

Екінші деңгейдегі тәуекелдер қатарында әлемдік экономиканың баяулауы мен шикізатқа деген жаһандық сұраныстың төмендеуі бар. Бұл ұзақ мерзімде экспорттық түсімге, сауда балансына және бюджет кірісіне теріс әсер етуі ықтимал.

Бұған қоса әлемдік капитал нарықтарындағы құбылмалылықтың күшеюі, тәуекелге деген қызығушылықтың төмендеуі және дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде теңге мен жергілікті қор нарығына қысымның артуы қаупі сақталып отыр.

Алайда сарапшының пікірінше, әзірге теңге үшін тәуекелдер шектеулі көрінеді. Өйткені мұнай бағасының жоғары болуы бағамдық күтулерді, экспорттық түсімді, сауда балансын және экономикаға келетін валюталық түсімдерді қолдап отыр.

Тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды – Президент 

Алтын Орда зерттеулеріне жаңа халықаралық жобалар басталуы мүмкін.

2026 жылы құрбандыққа шалынатын мал қанша тұрады? 

Құрбан айт қарсаңында республика бойынша мал соятын арнайы орындар белгіленді.

Хантавирус: Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығатындарға кеңес берді 

Денсаулық сақтау министрлігі шетелге шығатын азаматтарға хантавирус инфекциясын жұқтырмаудың жолдары туралы кеңес берді.

Қазақстанда 4 жаңа халықаралық рейс ашылды  

Қазақстанда 2026 жылы тағы 11 халықаралық әуе бағытын ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр.