Кәсіби мереке – Мұғалімдер күніне орай №20 мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімінің аға инспекторы, әділет майоры Ілияс Қапашев өзі оқыған №19 мектептің табалдырығын аттады. Бұл кездесудің ерекше себебі – өзінің алғашқы ұстазы әрі сынып жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Назгүл Қалқаманқызы Төлеубекованы жеке құттықтау болды.
Жылы жүздесу мектеп жылдарындағы естеліктермен, өмірлік жолға азық болған баға жетпес тәлім-тәрбиеге деген алғыспен өрбіді. Өз сөзінде әділет майоры дәл Назгүл Қалқаманқызының қамқорлығы мен қолдауы арқасында мектеп өмірі жарқын әрі тұлғалық қалыптасудың маңызды кезеңіне айналғанын атап өтті.
Мұғалім – болашақтың іргетасын қалап, елге қызмет етуге дайын азаматтарды тәрбиелейтін жандар. Бұл күні айтылған ризашылық пен құрмет сөздері ұстаз бен шәкірт арасындағы мәңгілік байланыстың белгісіне айналды.
Мектеп ұжымын құттықтай отырып, І. Қапашев мұғалім мамандығы – ең асыл да қадірлі мамандықтардың бірі екенін ерекше атап өтті. Себебі дәл мектеп қабырғасында арман туып, құндылықтар қалыптасып, мінез-құлық шыңдалады.