Қазақстанда соңғы ширек ғасырда ауылды, ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіпті дамытуға арналған бір емес, бірнеше мемлекеттік бағдарлама мен тұжырымдама және ұлттық жоба жасалып, қабылданды. Егер олардың бәрін түгендейтін болсақ атауының өзі салақұлаш үлкен тізім боп шығар еді. Оларға бюджеттен және өзге де қаржы көздерінен бөлінген қаржының көлемі де бүгінде млн, млрд емес, триллионмен есептеледі. Осыған қарамастан еңбек өнімділігі мен өндіріс көлеміндегі өсім жағынан дамыған елдерді қуып жетуді былай қойғанда, бірқатар көрсеткіштер бойынша республиканың тәуелсіздікке дейінгі деңгейіне әлі жете алмай келе жатырмыз.
ҚР ҰҒА академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті Ғани Қалиевтің айтуынша, ауыл халқын жұмыспен қамту, ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттырып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруде ауыз толтырып айтарлықтай зор жетістікке жете алмай жүргеніміздің басты себебі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ауылшаруашылық кооперациясының рөлі мен маңызының тиісті деңгейде бағаланбауында. Бүкіл әлем қауіпсіздіктің негізі ретінде ауыл шаруашылығын экономиканың басым бағыты ретінде дамытып жатқанда, бізде бұл саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай өсімге қолжеткізе алмады. Қабылданған әрбір мемлекеттік бағдарлама, тұжырымдама, жобалар ғылыми түрде негізделіп, жүйелі түрде жүзеге асырылмайды.
Берекесі жоқ бес заң
Тарихқа көз жүгіртер болсақ ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қатысты елімізде соңғы 10 жылда ғана бір емес, бес заң қабылданғанын байқауға болады. Бүгінгі таңда олардың үшеуі күшін жойып, қолданыста екеуі ғана қалды. Бұл 2015 жылы 29 қазанда күшін жойған «Қазақстан Республикасындағы селолық тұтыну кооперациясы туралы» (1999 жылғы 21 шілдедегі), «Ауылшаруашылық серіктестіктері жəне олардың қауымдастықтары (одақтары) туралы» (2000 жылғы 25 желтоқсандағы), «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативí туралы» (2003 жылғы 8 сəуірдегі) заңдар. Ал қолданыстағы «Тұтыну кооперативі туралы» (2001 жылғы 8 мамырдағы) заң тұтыну кооперативтерінің құқықтық жағдайы, құрылуы, қызметі, оларды қайта ұйымдастыру мен таратудың ұйымдық, экономикалық жəне əлеуметтíк жағдайларын, мүшелерінің құқылары мен міндеттерін, басқару жəне бақылау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілігін белгілейді. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» (2015 жылғы 29 қазандағы) заң болса ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының құрылуы, қызметі, қайта ұйымдастырылуы жəне таратылу тəртібін айқындайды.
Табыс өспей жағдай өзгермейді
«Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның қолданысқа енгеніне биыл 5 жыл өтсе де, фермерлер кооперативтердің экономикалық жағынан тиімді екендігін толық сезіне қойған жоқ. Бұл заң ауылшаруашылық субъектілерін ірілендіру, біріктіру жəне жер ресурстарын тиімді пайдалану, өндірілген өнімнің тұрақты сатылымын ұйымдастыру, сақтау, өңдеу жəне басқа да қызметтерді көрсету барысында кооперативтік принциптердің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын іске асыру мақсатында ауылшаруашылығы саласындағы кооперацияның маңыздылығын арттыру мақсатында қабылданған болатын. Ол жүзеге асқан жағдайда еңбек өнімділігі артып, өнімге деген сұраныс тұрақталып, өндіріс қуаты тиімді пайдаланылып, ең бастысы, мемлекеттік қолдау шаралары нақтыланатын еді. Алайда, шынайы өмірде бәрі басқаша болып отыр. Оны Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде де айтты.
– Халықтың барлық санатының табысы экономика деңгейімен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызға сәйкес келмей тұр. Елде құрылған әлеуметтік-экономикалық жүйе жалпы ұлттық табысты арттыруда өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ оны бөлісуде тиімсіз екені аңғарылды. Мұны барлығыңыз да білесіздер және жақсы түсініп отырсыздар. Экономикалық өсуден негізінен қаржылық және олигархиялық топтар пайда тауып отырды. Қалыптасқан олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен қолжетімділігі туралы көптеген әділ сұрақтар туындап жатыр. Қалыптасқан жүйе негізінен ірі құрылымдарға «достарға – бәрі, қалғандарына – заң бойынша» қағидатымен қызмет көрсетуге бағдарланған. Шын мәнінде қазіргі жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтеді. Ірі кәсіпорындар бәсекелестікті тұншықтырып, реформалар жасауға кедергі болатын ерекше артықшылықтарға ие, – деген Қ.Тоқаев ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керектігін ескертті
«Шелек фермерлері» көпке үлгі
Алматы облысындағы ауылдық аймақтарды дамытудың кешенді бағдарламасының «Шелек фермерлері» жобасына биыл 7 жылдан асты. «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС қолдауымен «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» коммерциялық емес ұйымы 2014 жылы бастаған бұл жоба ауыл тұрғындарына көкөністерді өсірудің заманауи әдістерін, сондай-ақ маркетинг, логистика және сату негіздерін оқыту есебінен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Компанияның сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушысы Әсел Ахметованың сөзіне қарағанда, «Шелек фермерлері» кооперативі өзінің тиімділігін дәлелдеді және бизнес пен коммерциялық емес ұйымдардың күш-жігерін мемлекеттің қолдауымен біріктіру өз жемісін бере алатынын көрсетті. Ол кооперация фермерлерге тұрақты даму, АӨК-ні нығайту мемлекетке және қоғамға пайда әкелетінін іс жүзінде дәлелдеді.
Жалпы, бұл компанияның ауылдық аймақтарды дамыту жобасы 2010 жылы басталды. Тарихы 2014 жылы басталатын «Шелек фермерлері» оның бір бөлігі ғана. Сол жылы Жергілікті қоғамдастықтар қоры өздеріне көмек сұрап келген фермерлердің бастамасына қолдау көрсету туралы «Филип Моррис Қазақстан» компаниясына ұсыныс жасайды. Соның нәтижесінде компания фермерлердің жұмысын ғылыми тұрғыдан жолға қоюға Флорида университеті (АҚШ) мен Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің зерттеу тобын сарапшы ретінде тартады. Олар тұқым жеткізуден бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізуге дейін барлық үдерісті зерттеп шыққан. Соның қорытындысы бойынша 2015 жылы алғашқы тәжірибе жұмысын жүргізуге 4 фермер іріктеліп алынған. Олар Шелекте 2013 жылы ашылған Агробизнес орталығындағы егістік алқабының бір жағына дәстүрлі, екінші жағына заманауи технологияларды қолдана отырып көкөніс өсіруді бастайды. Мамандар фермерлерге заманауи агротехнологияларды пайдалану бойынша ұсыныстар да әзірлеп береді. Ал 2015 жылы олардың жинаған өнімін сату үшін Райымбек Баталов Алматыдағы өзінің 3 дүкенінен сауда сөресін тегін ұсынды. Бас болмақ оңай, бастамақ қиын дегендей келесі жылы фермерлер саны 4-тен 20-ға жеткендіктен 2017 жылы олар «Шелек фермерлері» кооперативін құрып, оны тіркеуден өткізеді.
«Кооператив құрғанға дейін фермерлер өз өнімдерін жеткізудің қажетті көлемі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алмады және өнімді көтерме саудагерлерге төмен бағамен сатуға мәжбүр болды. Тек кооперативке бірігіп, бірыңғай заңды тұлға ретінде әрекет ете бастағанда ғана қатысушылар өз өнімдерін ірі азық-түлік кәсіпорындарына, сауда желілері мен мейрамханаларға жеткізуді жолға қойды. Осылайша, 2015 жылдан бастап фермерлер жидектер мен көкөністерді «Арзан», METRO Cash&Carry супермаркеттеріне, сондай-ақ New Kitchen компаниясына және «Цин-Қаз» қайта өңдеу кәсіпорнына тікелей жеткізіп келеді», – дейді Әсел Ахметова.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Жергілікті қоғамдастықтар қорының директоры Бақытгүл Елшібаеваның пайымдауынша, фермерлерді өз мәселесін өзі шешуге үйрету керек. Шелек ауылында біз осы мәселелердің кейбірін фермерлермен бірлесіп шеше алдық. Соның нәтижесінде «Шелек фермерлері» жобасы шағын ауыл өндірушілерін кооперациялаудың нақты жұмыс істейтін үлгісіне айналды. Ол мықты негіз қалады, оның негізінде енді басқа да перспективалы жобаларды іске асыруға болады. Шелек ауылындағы Агробизнес орталығына адамдар жер-жерден кеңес, көмек алуға келуде. Онда олар әлемдегі озық технологиялармен, еліміздегі заңнамадағы өзгерістермен танысады. Тамшылатып суғару, кассеталық өсіру, сорттарды сынақтан өткізу дегенді естіп қана қоймай, көзімен көрген соң кейбірі өз шаруашылықтарына 25 агротехнологияны енгізуге мүмкіндік алды. Олар әрбір жиын-теріннен кейін алдағы жылы қандай сорт егеміз, қандай өнімге, қандай сортқа сұраныс бар дегенді өзара талқылайды. Бұл фермердің білім деңгейінің де өскенінің белгісі. Бұрын 4-5 гектардан 2-3 млн теңге табыс тауып, соны қанағат тұтқандар қазір оны шағын жылыжайдан-ақ табуға болатынын түсіне бастады. Мәселен, Марат Мансұров өзін көп уақытқа дейін фермермін деуге ұялғанын және «Шелек фермерлері» жобасына келгенге дейін қаржы жинап қалаға кетуді ғана ойлағанын айтты.
– Қазір мені Алматы қызықтырмайды. Ауылда тұрып та өміріңді өзің қалағандай өзгертуге болатынын көрдім. Қазір мен өз ісіме бизнес ретінде қараймын. Жыл сайын өзіме бір жаңалық ашам. Мысалы, былтыр көкөніс пен жеміс-жидек өсіретін алқапты дронмен 15 минутта өңдеуге қолжеткіздім. Бұрын мұның бәрін қолмен атқаратынбыз. Бұл жұмысты дронмен жасауды ешқашан ойлаған да жоқ едім, – деген Марат қазір, өзі төрағалық ететін кооперативтің көкөністің әр түрінен қалаға күн аралатып 2-3 тонна жеткізетінін және аптасына бір рет аймақтарға да жіберіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, «Шелек фермерлері» ӘКК 2021 жылы 120 тоннадан астам көкөніс, 20 тоннадай таңқурай мен құлпынайды супермаркетке өткізген. Сондай-ақ, өнім өңдейтін кейбір кәсіпорындарды да қажетті шикізатпен қамтамасыз еткен.
Пилоттық жобалар қолға алынды
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерлан Османбековтің сөзіне қарағанда, «Шелек фермерлері» облыстағы органикалық өнім өндірушілердің пилоттық жобасына да енгізіліп отыр. Енді олардың тыңайтқыштары мемлекеттен субсидияланады. Сондықтан кооперацияны фермерлерге кеңірек насихаттау үшін 2022 жылы олар семинар-жиындарды Агробизнес орталығымен бірлесіп ұйымдастырмақ. Кооперативтің артықшылығын шаруа қожалықтары өз көзімен көруі үшін «Шелек фермерлерін» үлгі етіп көрсетпек. Жалпы, қазіргі кезде облыстағы көкөністің 60-80 пайызы жеке шаруашылықтарда өндірілетінін ескерсек, еңбек өнімділігін де өнім көлемін де еселеп арттыруға мұнда мүмкіндік мол. Оны Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оңалбаев да растауда. Кәсіпкерлер палатасы Жергілікті қоғамдастықтар қорының табысты тәжірибесі бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөнінде алдына үлкен міндет қойып отыр. Кәсіпкерлер арасында, оның ішінде салалық белгілері бойынша бірігуге болатын «Бастау бизнес» жобасының түлектері арасында білім беру іс-шараларын ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.
– Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы копперацияларына 2017–2018 жылдары мемлекет субсидиялау тәртібін тіркеді. Сол кезде Алматы обылысында 160 кооператив тіркелді. Оны ашудағы басты мақсат сүт пен ет бағытындағы мемлекеттік қолдау қаржысын алу ғана болып, көбінде ұзақ мерзімді жоспар болмады. Қазір облыстағы 160 кооперативтің 32-сі ғана жұмыс істейді. Оның сегізі ет бағытында, 18-і сүт бағытында, бесеуі жеміс-жидек бағытында, біреуі құс шаруашылығында жұмыс жасайды. Әрине бұдан басқа да біз білмейтін кооперативтер болуы да мүмкін. Өйткені, облыста 52 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар. Салықтық юстиция мәліметі бойынша оның 46 мыңы жұмыс істейді. Оның ішінде ұсақ тауарлысы өте көп. Жалпы, кооператив қызметі тиімді болу үшін оған лидер керек. Сондықтан Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы күзден бастап Агробизнес орталығына өз жаттықтырушыларын жіберіп, оқытуда. Сондай-ақ, 6 ауданнан қазір кооперация ісін жүргізушілерді іздеп жатырмыз, – дейді Дәурен Оңалбаев.
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасында мақсат – еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, АӨК өнімінің экспортын 2 есе ұлғайту және отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін құру деп көрсетілген екен. Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 2021–2025 жылдарға 2703,3 млрд теңге және одан тыс 4100,0 млрд теңге қарастырылыпты. Егер осы қаржы тағы да ат төбеліндей ғана ірі өндірушілердің қажетін өтеуге жұмсалса, бағдарлама өз міндетін орындауы неғайбыл. Бұл жұмыс саладағы өнімнің басым бөлігін өндіретін шаруа қожалықтарының еңбек өнімділігін арттыруға және бұл үшін олардың басын біріктіретін кооперация жұмысын жандандыруға жұмсалғанда ғана елді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешімін табары анық. Үкімет ауыл шаруашылығын əртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту туралы өзіне жүктелген міндетті аяғына дейін жеткізбеуіне кооперация құрудағы науқаншылдықтың әсері болғаны әлі ұмытылған жоқ.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»