12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҰЛТТЫҚ ҚОР БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ ҚОРЫНА АЙНАЛАДЫ

Алдағы үш жылға арналған қаржы құжаты Мәжіліске қайтарылды. Өткен аптада Парламент Сенатының жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023–2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары қаралған болатын. Бұл заң жобалары жалпы елдегі маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге және дамытуға бағытталған. Сондықтан, онда елді алаңдатқан негізгі проблемаларды шешуге жеткілікті қаражат қарастырылған.

Соның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін алдағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінеді. Бұл бұрынғыға қосымша 820 мыңнан астам оқушы орны деген сөз. Осының арқасында еліміздегі үш ауысымды мектеп және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көптігіне қатысты проблема белгілі деңгейде шешіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, педагогтар мен дәрігерлердің және азаматтық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырылды. Жергілікті бюджеттерге жалпы трансферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Ұлттық қордан трансферттер көлемін кезең-кезеңімен қысқарту да жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтау шоттарына аударылатыны белгілі. Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіле бастайды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, бұл Ұлттық қор болашақ ұрпақтың қорына айналады деген сөз. Жиында қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Тұрымовтың айтуынша, аталмыш заң жобаларын талқылау кезінде Палата депутаттарынан 100-ден астам ұсыныс келіп түсіпті. Олардың бірқатары қабылданып, құжатқа енді. Мәселен, елді мекендердің көшелерін, автожолдар мен көпірлерді салуға және қайта қалпына келтіруге қосымша 13,7 млрд теңге бөлінетін болды. Тек келесі жылдың өзінде осы мақсатқа 7,8 млрд теңге жұмсалады. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 22,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Сенаторлардың бұл ұсынысы тұрғындардың сумен қамтылуын қалалық жерлерде – 99 пайызға, ал ауылдарда 96,1 пайызға арттыруға ықпал етеді. Газбен жабдықтау жұмыстарын одан әрі жақсартуға 14 млрд теңге бағытталады. Бұл газдандыру деңгейін 61,6 пайызға дейін жеткізуге жол ашады. Отырыс барысында депутаттар өңірлерді өркендету саясатына, оның ішінде салық түсімдеріне, агросекторды қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты және басқа да мәселелерді көтерді. Мәселен, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бизнеске арналған «ойын ережелерінің» үнемі өзгеруіне алаңдаушылық білдірді. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, бұл бағытта болжамды салық саясаты қажет. Мемлекет басшысы өзінің жолдауында жаңа экономикалық бағыттың басымдықтарын тұжырымдады. Жаңа әділетті Қазақстандағы өркендеудің маңызды бөлігі – болжамды экономикалық саясат. Бизнес пен қоғам экономикада түсінікті, әділ және тұрақты «ойын ережелерін» қажет етеді. Бұл инвестициялық ахуалдың және келешектегі орнықты дамудың негізі. Сондықтан ойын ережелері жиі өзгермеуі керек. Оның үстіне біржағына өзгере бермеуге тиіс. Салық заңнамасына да бұл талап толықтай қатысты. Салық жүйесі, бір жағынан, өндірістерді, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандырса, екінші жағынан, ұлттық кірісті қайта бөлуі қажет. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін қабылдауды тапсырды. Жұмыс жүріп жатыр. Оны әзірлеу процесін жасанды түрде жеделдетпей, онымен мұқият жұмыс жүруі керек. Осы орайда бизнестің, өңірлердің, салалардың, депутаттардың пікірлері ескерілуі тиіс. Сенат төрағасы өз ойын «Біз пысықталған кодексті дайындаймыз, оны қабылдаймыз және егер Мемлекет басшысы оны қолдаса, оған біраз уақыт өзгерістер енгізбейміз. Бизнеске ұзақ мерзімді және түсінікті «ойын ережелері» керек. Қазір Салық кодексін қабылдап, содан жарты жылдан кейін оған өзгерістер енгізсе, мұның бәрі ШОБ өкілдері мен инвесторлардың жұмысына кері әсерін тигізеді. Заңнаманың тұрақтылығы осы жерде қамтамасыз етілуге тиіс», – деп түйді. Сенатор Ақмарал Әлназарова Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысында Қазақстан Арал өңірінде денсаулық сақтау жүйесін күшейту жөнінде бірқатар бастамалар мен шаралар қабылдап жатқанына назар аудартты. Соған қарамастан, Арал өңірі тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері жақсарған жоқ. Өңірдегі денсаулық сақтау жүйесі жергілікті халықтың сырқаттық деңгейінің жоғарылығы, мүгедектік пен өлім-жітімнің көптігі бойынша аса күрделі сын-қатерлерге тап болып отыр. Арал өңіріндегі туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 13,6 пайызға төмендеді. Халықтың табиғи өсімі 12,4 пайызға азайды. Өңірде тұратын жүкті әйелдердің денсаулық индексі республикалық көрсеткіштен 1,6 есе төмен. Сәбилер шетінеуінің көрсеткіші дәстүрлі түрде республикалық көрсеткіштен жоғары және азаймай отыр. Депутат осыған байланысты экологиялық және климаттық дағдарыс жағдайында денсаулық сақтау саласындағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама дайындауды ұсынды. Оның айтуынша, бағдарламаны іске асыру және проблемаларды кешенді шешу үшін біз Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы парламентшілерінің өзара іс-қимылын одан әрі күшейтіп, бағдарламаны қаржыландыру көзін іздестіруіміз қажет. Жуырда өтетін комиссияның үшінші отырысын да Арал теңізі бассейнінің мәселелерін шешуде әріптестік ынтымақты нығайту өте маңызды. Сенатор Бекболат Орынбеков жалпы сипаттағы трансферттер әкімдіктердің қаржылық мүмкіндіктерін теңестіру қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ретте әлі күнге түрлі көрсеткіштер бойынша аймақтар арасындағы диспропорция жойылар емес. Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу үнемі жетілдіріліп отыратынын, жаңа тәсілдер қолданылатынын, бірақ өзекті мәселелер әлі де сақталып отыр. Бұл әсіресе, орталық мемлекеттік органдармен жобаларды келісу кезінде айқын көрінеді, оның рәсімі 6 айға дейін созылуы мүмкін. Нәтижесінде, жұмыс іс жүзінде басталғанша, олардың бағасы да өсіп кетеді. Отандық бюджет жүйесінде төрт деңгей болғандықтан, өңірдегі бір объектіні қаржыландыру бюджеттің үш деңгейінде бірден – республикалық, облыстық және аудандық деңгейде жүзеге асуы мүмкін. Мұндай нысандарды жоспарлау уақыт өте келе созыла береді, өйткені жобаны бюджеттің әр деңгейінде де қорғауы керек. Осылайша шығындарды жоспарлау мен негіздеуге, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуға және қандай да бір объект бойынша мердігерді анықтауға 2 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде нарықтағы жағдай мен баға айтарлықтай өзгеруі ықтимал. Сонда шығындарды түзету қажет болады, ал кез келген өзгерістер қайтадан бірнеше рет келісуді қажет етеді. Депутат сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттерден жоғары тұрған бюджеттен өтемақысыз қосымша шығындарды көздейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауын назардан тыс қалдырмады. Ол бұл тәсіл жергілікті атқарушы органдардың өңірлік экономиканы дамыту жөніндегі бастамасын тежейтінін атап өтті. Оның айтуынша, шынында да, егер орталық атқарушы органдар бұл қосымша кірістерді өз қалауы бойынша қайта бөлсе, неге өңірлер өздерінің бюджеттік кірістерін арттыруға тырысады. Жергілікті және орталық атқарушы органдардың мүдделер қақтығысы көрініп тұр. Сенатор осыған байланысты Үкіметті бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Депутат сондай-ақ, заңмен бекітілген трансферттер сомасын қатаң ұстану және бюджет саласындағы 1+1 барлық шешімдерді өңірлердің дербестігі мен риясыз қызметін арттырудағы басымдық қағидатын негізге ала отырып қабылдау қажеттігін атап өтті. Осы секілді мәселелер бойынша қайта пысықталу үшін «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023–2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» және «2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары төменгі палатаға қайтарылды. Ал «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң қабылданып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,