12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ЛОМБАРДТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНБАҚ

Қаржы нарығында қашанда үлкен сұранысқа ие салалардың бірі – жылжымалы мүліктер, асыл бұйымдар мен бағалы заттарды кепілге алып халыққа қарыз беретін ломбардтар. Сонау XV ғасырда Ломбардияда пайда болған бизнестің бұл түрімен айналысатындардың кәсібі күні бүгінге дейін кері кетіп көрмепті. Тіпті, ең үлкен қаржы дағдарыстарының өзі ломбард саласына айтарлықтай салқынын тигізбеген.

Сондай-ақ, халыққа қысқа мерзімді қарыз беретін ұйымдардың ішінде қалталысы да, тәуекелділігі төмені де осы ломбард екенінен былайғы жұрттың хабары жоқ. Мәселен, Қазақстанда ломбард ашу соншалықты қиын емес. Халық көп шоғырланған жерден аядай орын тауып, бастапқы кезеңге 4-5 миллион теңге салсаңыз жеткілікті. Бұдан әрі нарықтағы бәсекелестеріңіздің іс-әрекетін бақылап, тұрақты клиенттерді көбейтуге күш салу ғана қалады. Естеріңізге сала кетсек, 1997 жылы ҚР Ұлттық банкі басқармасы қабылдаған Ломбард туралы ереже 2001 жылы күшін жойса, 2006 жылдан бастап елімізде ломбард бизнесін лицензиялау тәртібі алынып тасталды. Өз кезегінде бұл кәсіпті тіркеу жұмыстарын ғана емес, салықтың да салмағын біраз жеңілдетті. Осылайша, осы уақытқа дейін күн сайын миллиондаған қаржы операцияларын жасайтын қазақстандық ломбардтар қарапайым шағын кәсіпкер ретінде елеусіз қызмет етіп келген-ді. Десек те, соңғы жылдары елімізде халыққа шағын несие берумен айналысатын түрлі қаржы ұйымдарының күрт көбеюі ломбардтардың да жұмысын қайта қарауға түрткі болып отыр. Оның үстіне ЖШС ретінде халыққа несие беретін қаржы ұйымдарының «ашкөздігі» сан ғасырлық тарихы бар ломбард қызметінде де байқала бастады. Жыл сайын кепілге алынған заттардың үстінен қойылатын пайыздық пайдалар өсіп, нарықта жалған ломбардтар да бой көрсете бастады. Бақылаудың жоқтығынан халық жалған қаржы ұйымдарының қармағына ілініп, қарызға белшесінен батты. Қазақстандағы ломбардтар қауымдастығында 40-қа жуық ломбард бар десек, іс жүзінде нарықта олардың саны әлдеқайда көп.
Ал, олардың заң шеңберінде халыққа қызмет көрсетіп жатқандығына ешкім кепілдік бере алмайды. Мұны Қазақстан ломбардтары қауымдастығының төрағасы Роберд Абзалиловтың өзі де растап отыр. Алайда, жақында ҚР Парламенті депутаттары еліміздегі шағын несие ұйымдарына қатысты заң тетіктерін талқылау барысында ломбардтардың жұмысын да қадағалауға алу керектігін еске салды. Осы орайда, тиісті заңдарға өзгеріс енгізу көзделіп, онда ломбардтардың қызметін тіркеу және бақылау ендігі жерде арнайы мемлекеттік мекемелерге берілетін болады. Ломбардтардан есеп алып, олардың қызметін қадағалайтын жаңа мемлекеттік орган құрылуы да мүмкін. Десек те, Ұлттық банк олардың лицензиялау мәселесіне араласпайтын сияқты. Әлеуметтік желіде танымал заңгер Гүлмира Қарасайдың айтуынша, азаматтардың мүдделерін қорғау мақсатында банктік емес несиелік ұйымдарға бақылау күшейтіліп, келесі жылдан бастап микроқаржыландыруды лицензиялау енгізіледі. Қалай десек те, шағын қаржы ұйымдарына қатысты жаңа заң талабы күшіне енсе, халықтың пайыздық жүктемелері айтарлықтай жеңілдейді деген үміт бар. Жоғарыда сөз еткеніміздей, бүгінде ломбардтар нарықта емін-еркін, өз заңдарын өздері жасап қызмет етуде. Өйткені, бұған дейін ломбардтар туралы заң болған жоқ. «Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрылған. 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған барлық ломбардтар осы агенттікте қайта тіркеуден
өтуі тиіс. Онсыз жұмысын жалғастыра алмайды. Тіркелу, тіркелмеуі ломбардтың жинаған ақшасына (уставной капитал) байланысты» – деп халыққа түсіндерген заңгер Г.Қарасайдың айтуынша, биылдан бастап ломбардтар микроқаржы ұйымдары туралы заң бойынша жұмыс істейді. Сол сияқты, тіркеу талабына
сәйкес, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан ломбард ашу үшін кемі 10 миллион теңге жарғы капиталыңыз болуы керек. Ал, басқа өңірден ашамын десеңіз, 5 миллион теңге жеткілікті.
Ломбард қызметіне жиі жүгінетіндер үшін жағымды жаңалықтардың бірі енді кепілге қойылған заттың құны толық төленген күні ломбард кепілзатты иесіне қайтаруы керек. Осы уақытқа дейін кепілге қойылған бұйымын сатып алуға шамасы келмеген ломбард клиенттерінің ай сайын тиісті пайызды төлеп, уақыт оздырудан басқа амалы жоқ еді. Осылайша, жылдап ломбардта жатып қалған кепілзаттары өз құнынан бірнеше есе асып кететін. Аяғында амалы құрыған клиент не кепіл затының толық құнын сатып алады, не болмаса төлеген ақшасын да, затын да күйдіріп жіберуге мәжбүр болатын. Осылайша, халықты «ашық тонап» келген ломбардтар енді басқа қаржы ұйымдары сияқты клиентпен келісім шарт жасасып, арнайы төлем кестесін белгілейді. Егер қарызы төленбесе, кепілге қойылған зат микронесиені төлеу мерзімі өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күн, иесі сұрап келмеген заттар сақтауға алу түбіртегінің мерзімі өткен күннен бастап үш ай бойы сақталады. Тек осыдан кейін ғана кепілзат ломбардтың меншігіне өтеді. Ломбардқа кепілге қойылған затқа зақым келсе, жоғалса (мүмкін ұрланса), ломбард кепілге қойған тұлғаға затты кепілге алған күйде қайтаруға не құнын төлеуге міндетті.
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті» 

[ratings]

СИЛА ПОЛИЦИИ – В ДОВЕРИИ НАРОДА

В ЯНВАРЕ ЭТОГО ГОДА ГЛАВА ГОСУДАРСТВА КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ ПРОВЕЛ...

КАК ЖИВЕШЬ, СЕЛЬСКАЯ ШКОЛА?

Каждый день директора общеобразовательной школы № 2 села Балкашино...

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...