spot_img
spot_img

Әлеуметтік теңсіздік — қарсылық бастауы

Елімізде жыл басында орын алған террорлық актілерден қаза тапқандар мен зардап шеккен адамдар санын Бас прокуратура мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері бірлесіп өткізген брифингте ресми түрде мәлімдеді. Келтірілген ресми мәліметтерге сәйкес еліміз бойынша қаңтарда болған қайғылы оқиғадан жалпы 4 578 адам зардап шексе, оның 3 393-і құқық қорғау қызметкерлері. Террорлық шабуыл мен оған қарсы іс-қимылдар нәтижесінде еліміз бойынша 225 адам қаза тапса, оның ішінде 149 адам Алматы қаласының бейбіт тұрғындары.

Кейбір зардап шеккен азаматтар ем алу шараларын жалғастыруда, ауыр жарақат алғандар жансақтау бөлімінде екені туралы айтылды. Осы зардап шеккендер арасында бейбіт тұрғындардың да бар екенін айту керек. Бұл көрсеткіштер еліміз үшін бұрын соңды болмаған орны толмас қайғы-қасірет, тарих беттерінде қара таңбамен жазылатын ең үлкен трагедия деуге болады.
Қазақстандағы бұл қанды оқиғаны сырттан жасырын енген террористік күштердің іс-қимылы ретінде танып, оның тек салдарларымен күресіп қана қою жеткіліксіз. Жалпы оқиғаның орын алу себебін жан-жақты терең қарастырып, сарапшылар мен зиялы қауым өкілдері мәселені жүйелі талдап, болашақта өздерінің объективті бағасын беруі қажет. Осы орайда мемлекет те өз тарапынан жастарды осындай жолға итермелеген жағдайды анықтап, елдегі жастар саясатын қайта қарастыру керек. Жастар арасындағы жоғарғы деңгейдегі жұмыссыздық, әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік қылмыстық оқиғалардың көбеюіне түрткі. Нәтижесінде қоғамда бұрыннан қалыптасқан адами құндылықтар саналатын тәрбие, сый-құрмет, адалдық және тағы басқалардың өзінің мәнін жоғалтуы өте үлкен қасіретке ұрындыруы мүмкін. Әсіресе, жастар арасында маргинализация мен экстремистік көңіл-күйдің өсуі қоғамдағы әлеуметтік наразылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне жетелейді. Бұл өз кезегінде мемлекеттің дамуын шектейтін іштен туындайтын ірі проблемаға айналады.
Қауіп-қатердің алдын алу үшін елде ең алдымен терең саяси және әлеуметтік-реформалар жүргізу қажет. Бірнеше жылдар бойына ел ішінде дұрыс шешімін таппай қордаланған әлеуметтік проблемалар адамдар бойындағы ашу-ызаның жиналуына себеп болды. Неге көтеріліске қатысқан азаматтар әкімшілік мекемелері мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасады? Бұл сұрақтың жауабын жергілікті билік органдары мен халық арасындағы байланыстың әлсіздігі немесе жоқтығынан деуге болады. Еліміз бойынша жергілікті жерлерде әкімдерді тағайындауда әділ халықтық сайлау жүргізу қажет. Тағы бір маңызды мәселе әкімдердің жыл сайынғы халық алдында есеп беруі жасандылықтан арылуы керек. Сонда ғана ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқан «еститін мемлекет» жүйе­сін іс жүзінде құра аламыз. Мемлекеттің тұтастай бір басқару жүйесін құрайтын жергілікті жерлердегі билік органдары халықпен байланысты күшейтіп, азаматтардың проблемаларына шын мәнінде құлақ түруі тиіс. Егер осындай халық ішіндегі проб­лемаларға өз уақытында назар аударылып, олар жергілікті билік органдары тарапынан тиімді шешімін тауып жатса, онда ол осындай митингі түріндегі наразылықтар мен қақтығыстарға ұласпайды.
Келесі құқық қорғау қызметкерлерінің халық алдындағы беделі қандай? Осы мәселеге мемлекет тарапынан ерекше мән берілуі тиіс. Қарапайым халықтың құқығының қорғалмауы мен сыбайлас жемқорлықтың кең таралуына байланысты ішкі істер қыз­меткерлерінің жұмысына деген сенімсіздік күшейген. Жалпы, еліміздегі құқық қорғау саласына жаңаша реформа жүргізу уақыт талабы. Олардың дайындығы мен кәсіби шеберлігі заман талабына сай қайта дайындықтан өтуі керек. Құқық қорғау қызметкерлерінің халық алдында беделі мен абыройын арттыру қажет. Ол үшін орын алатын барлық құқық бұзушылықтар заң жүзінде нақты жазалануы керек. Заң күші барлығына ортақ және бәрінен үстем деген принцип басшылыққа алынуы тиіс. Сонда ғана заңға бағынушылық пен құқық қорғау қызметкерлеріне деген сый-кұрметтің артатындығы анық. Өз кезегінде қарапайым халық тарапынан да сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін әрекеттерге жол берілмеуі қажет.
Сондықтан, сөзден нақты іске көшетін уақыт келді. Осы туралы жыл басында орын алған оқиғалардан кейін ҚР Президенті Қ.Тоқаев халық алдында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Қазақстан үшін дамудың жаңа кезеңі басталғандығы туралы айтты. Жаңа құрылған үкімет алдына азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін нақты іс-шаралар мен тапсырмалар қойды. Жалпы, орын алған оқиға еліміз үшін үлкен сынақ болды, енді осындай жағдай алдағы уақытта қайталанбас үшін бүгіннен бастап қазақстандық қоғамның бет-бейнесі түбегейлі өзгеруі қажет. Әрбір азамат үшін еліміздің егемендігі – басты құндылық, осы егемендігімізді қастерлеп сақтау барлығымыздың қасиетті борышымыз!
Егер біз жоғарыда айтылған қоғамдағы мәселелерге одан әрі көз жұмып қарап, оны шешумен нақты айналыспайтын болсақ, елдегі күрделі әлеуметтік жағдай мен тәртіпсіздік одан әрі ушығып кетуі мүмкін. Бұл біздің еліміздің экономикалық-әлеу­меттік дамуын көп жылдарға тежейді, сәй­кесінше Қазақстан Орталық Азиядағы өзінің жетекші ел ретінде танылған позиция­сынан айырылып артта қалуы ғажап емес. Еліміздің гүлденіп дамуы мен өркендеуі болашақ қазақстандық жастардың қолында. Сондықтан жастар осындай тәртіпсіздіктер арқылы мемлекеттік және жеке мүліктерді қирату мен тонау елдің болашағына балта шабумен тең екенін түсіну керек. Отанымыз­ды дамытып, болашақ ұрпаққа аманатпен жеткізу парыз.
Отыз жылдық тәуелсіздік тарихын­да еліміз әлемге татулық пен келісімді дамытушы бейбіт өмірді сүйгіш ел ретінде танылып үлгерді. Осы орайда сапалы ұлт қалыптастыруымыз үшін қазақстандық жастар әлемдік бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ол үшін елдегі білім сапасын арттыру мен жастардың бойында патриотизмді қалыптастыру уақыт күттірмейтін мәселе. Жастар еліміздің тұрақты дамуының кепілі және болашағы, сондықтан жастарға сапалы жоғарғы білімнің қолжетімділігін арттыру мен оларды жұмыспен қамту уақыт күттірмейтін мәселе. Тек осылайша нақты шаралармен ғана жастардың қоғамда әлсіз топқа айналуы мен түрлі қауіпті ағымдарға ілесуін тоқтата аламыз!

Н.Айтымбетов,
ҚР БҒМ ҒК философия, саясаттану және дінтану институты саяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары, PhD докторы

Халық жазушысы, ақын Исраил Сапарбай қайтыс болды

Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған, көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында сұлу сазды әндері, қазақ поэзиясының қоржынына мұра болған өлеңдері және өз оқырманын тапқан пьесалары қалды. 

ӘЛЕУЕТІ МЫҚТЫ ЕЛ АРҚАУЫ – ӘРТАРАПТЫ ЭКОНОМИКА

Қазіргі замандағы нағыз қуатты мемлекеттің көрсеткіші – жекелеген адамдардың табысты болып, бақуатты өмір сүруі. Сондықтан азаматтардың өзін жан-жақты дамытуы үшін елімізде барлық жағдай жасалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда осы жайлы айтып, нақты басымдықтарды айқындап берген болатын.

Бишімбаевтың інісі рақымшылық жасау туралы өтініш берді

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың  туысы Бақытжан Байжанов амнистия беру туралы өтініш білдірді.

Мемлекет меншігіне 29,8 миллиард теңге тұратын пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мемлекет меншігіне 29,8 миллиард теңге тұратын пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарды.

Алматы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жаңа басшы тағайындалды

Алматы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жаңа басшы тағайындалды.