12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІНЕ САЙ БОЛСЫН

«Ескірген және негізсіз әлеуметтік параметрлер қолданылды». Бұл апта басында Парламент Мәжілісінде таныстырылған Әлеуметтік кодекске берілген баға. Депутаттардың айтуынша, әлеуметтің үлкен үмітін арқалаған осынау құжатта тәуелсіздік қарсаңында енгізілген айлық есептік көрсеткішті пайдалану жалғасуда. Жоспарлауға ыңғайлы бұл өлшемнің экономикаға да, жалақыға да еш қатысы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді ең төменгі күнкөріс деңгейі, не ең төменгі жалақы деңгейіне сай айқындау керек. Сонымен қатар, онда әлеуметтік параметрлерді анықтаудың бара-бар әдістері жоқ. Бұл төменгі күнкөріс деңгейі шындықтан тағы да артта қалды деген сөз.

Биылғы 10 айда азық-түлік инфляциясы шамамен 20 пайызға жетті. Яғни, зейнетақы мен жәрдемақыны есептеу үшін белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері енді азаматтарды тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан министрлікке ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру жұмыстарын бастау керек. Жиында жаңа құжатты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстырған болатын. Оның айтуынша, құжат елдегі жағдайды, әлемдік тәжірибені терең зерделеу негізінде әзірленді. Сондықтан Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құруға тұғыр болып, қазақстандық отбасының әл-ауқатын көтеру мен нығайтудың базалық жағдайын қалыптастырады. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау қарастырылады.

Отбасының цифрлық картасы

Министр құжаттың негізгі жаңалығы ретінде алдымен отбасының цифрлық картасы туралы айтты. Бұл платформа мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады және 6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды. Отбасылық цифрлық карта мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы бола алады. Бұл ретте оны әзірлеу және пилотты түрде іске асыру барысында жасалған тұжырымдар негізінде кодексте азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа тәсілдерді енгізу қарастырылған. Біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді. Енді атаулы көмек, қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады. Екіншіден, қолданыстағы әлеуметтік контрактының жаңа мазмұнында, яғни, тараптардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мысалы, мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті. Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс жобасында отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызын қайта бөлу есебінен қалыптастырылатын бастапқы капитал 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға қосымша жәрдем ретінде енгізілуде. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналар деген жаңа статус енгізіледі. Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды. Кодекс жобасындағы тағы бір жаңалық мүмкіндігі шектеулі балалары немесе адамдары бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялауға бағытталған. Осы шара аясында мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелері тартылады. Онда отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.

Еңбек нарығын либерализациялау

Бес новелланың бірі халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдеріне қатысты. Тамара Дүйсенованың айтуынша, ұсынылған жаңа тәсілдер ең алдымен икемді жұмыспен қамтудың жаңа формаларының пайда болуына және оларды реттейтін заңнамалық базаның әлі қалыптаса қоймауына, жұмыс орындарының тиісті саны мен сапасын талап ететін жас жұмыс күші ағынының айтарлықтай артуына, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне әлі де болса толық қатыспай отырғанына байланысты болып отыр. Аталған проблемаларды шешу үшін Әлеуметтік кодекс жобасында 3 бағыт көзделген. Біріншісі – еңбек нарығын либерализациялау (ырықтандыру). Бұл икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, соның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер» – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген болатын. «Осындай жұмыскерлер қызметтерін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқаратын болса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына жатады. Екіншісі – жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Бүгінгі таңда дипломның болуы біліктілік деңгейінің көрсеткіші емес екенін мойындауымыз керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көбісі нақты жұмыс өтілінің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі болуда. Осыған байланысты, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын «Кәсіптік біліктілік туралы» заңның жобасы әзірленді. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленетін болады. Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Ал, әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесіне қатысты министр оның халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін атап өтті. Сондықтан бұл жүйе сақталады, бірақ оның мақсатты міндеті өзгереді. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формальды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады. Осы мақсатта Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі.

Көпшілікті қолдаудың көпдеңгейлі моделі

Көптің назарындағы тағы бір өзекті мәселе зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне қатысты министр азаматтарды 3 санатқа бөлуге болатынын мәлімдеді. Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнеткерлер толқыны үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орта айлық жалақының 70 пайызына дейін жеткізу арқылы өседі. Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алатын болады: мемлекет есебінен – базалық зейнетақы; жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы; өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы. Тоқетерін айтқанда, құжаттың жаңалықтары түрлі әлеуметтік қатерлер туындаған кезде әлеуметтік қолдау көрсетудің көпдеңгейлі моделіне негізделген. Отырыста сөз алған депутаттар бұл тәсілді қолдауға болатынын айтқанымен, олардың халықтың әл-ауқатының өсуіне ықпал ете алмайтындығын орынды сынады. Өйткені, ол жоғарыда айтылғандай не экономикамен, не жалақымен байланысты емес. Жиында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, еліміз үшін басы ашық мәселе – біз әлі де «кедейшілікті жеңе алмаймыз». Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша Қазақстан азаматтарының 15 пайызы кедей. Сонымен қатар, ресми статистика халықтың 5,1 пайызы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүретінін көрсетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық отбасы картасын ұсына отырып, өз жағдайын «ауыр» деп санайтын отбасылардың үлесі шамамен 15 пайыз екенін көрсетеді. Мұндай әртүрлі деректер мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететіндердің нақты санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының бірі атаулы әлеуметтік көмек. Оның Әлеуметтік кодекс жобасында белгіленген нормасы, өкінішке қарай, түбегейлі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Соңғы жылдары көптеген елдер кедейлік деңгейін анықтау кезінде кедейлікті өлшеудің көп өлшемді үлгілерін қолдануға тырысты. Әлемнің 130-ға жуық елі азаматтардың денсаулық сақтауға, білім алуға, жеке баспанаға және тұрақты табысқа қол жеткізу мүмкіндігін назарға алады. Сондықтан, министрліктің кедейшілікті өлшеудің көп өлшемді моделін ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіруді жалғастыруы мақсатқа сай болмақ. Ең бастысы, мұқтаж әрбір отбасы тиісті мемлекеттік органдардың назарында болуы керек. Бұл әр отбасымен жеке жұмыс істеуді талап етеді. Ал бұл цифрлық карта бойынша қазірдің өзінде 1,2 миллион отбасы.

Бетбұрыстар кезеңі

Кедейлік деңгейін төмендету мәселелерін шешуде халықты жұмыспен қамту мәселелері маңызды рөл атқарады. Депутат бұл мәселенің де шешімі ретінде кодексте бұрынғы әдістің қайталанғанын айтты. 2007–2008 жылдардағы дағдарыс кезеңінде жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру түрінде әзірленген тетік 15 жылға жуық уақыт бойы қолданылып келеді. Миллиондаған қаражат кәсіпкерлік негіздерін үйретуге бағытталған. Сонымен қатар, жұмыссыздықтың 4,9 пайызы тұрақты деңгейіне қарамастан, Қазақстан еңбек нарығы үшін «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», өзін-өзі «өнімсіз», «өнімді» жұмыспен қамтығандар, жасырын жұмыссыздықтың болуы, сондай-ақ «көлеңкелі жұмыспен қамту» проблемалары тән болып отыр. Жұмыссыздардың нақты санын анықтаудың нақты әдістемесінің болмауы халықтың мемлекеттік органдарға сенімсіздігін туындатады. Жұмыспен қамту саласы тұрмыс деңгейі мен адам әлеуетінің сапасын арттыруға бағытталған реформалар қажет. Бұл ретте әкімдер – шешуші рөл атқарып, ал министрлік – стратегиялық жаһандық процестерге ілесуі тиіс. Ол үшін әкімдердің жұмысы қазіргі жағдайдағыдай уақытша емес, сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталуы керек. Сол секілді зейнетақымен қамтамасыз етуде де пәрменді шаралар қабылдау қажет. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай зейнетке енді ғана шыққан азаматтардың басым бөлігі жоғалған табыстың тек 30 пайызын ғана ала алады. Бұл жағдайды елдегі жалақының төмендігі немесе «мүлдем аянышты жалақы», қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына деген сенімсіздігі, зейнетақы активтерін мерзімінен бұрын алып қоюы қиындата түседі. Егер тиімді шешім таппасақ бүгінгі қызметкерлер болашақта базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болжамды инфляция деңгейінен кем емес зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілігін заңнамалық деңгейге енгізу қажет. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының рөлін күшейту, өз қызметінің халық алдындағы ашықтығын міндеттеу талап етіледі. Тоқетерін айтқанда Әлеуметтік кодексті әзірлеу – еліміз үшін әлеуметтік заңнаманың ескі негіздері қирап, жаңалары қаланатын бетбұрысты кезеңге айналуы керек. Демек, бұл құжаттпен жұмыс терең зерттеу мен тиімді шешімдер қабылдауды қажет етеді.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті

Астанадағы "Қазақ елі" монументі жанындағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысының ардагерлері ешқашан ұмытылмайды — Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадта қазақстандықтарды құттықтады.

Мы с особым вниманием подошли к 80-летию Победы — Президент

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев выступил на параде в Астане,...

Қазақстан мен Вьетнам қандай құжаттарға қол қойды?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Қазақстандағы ең танымал спорт түрі аталды

2024 жылы Қазақстанда қандай спорт түрлері ең көп сұранысқа ие болғаны айтылды.