Парламент отырысында қоғамда алаңдаушылық тудырған бірқатар мәселелер депутаттық сауалдарға арқау болды. Соның бірі футбол ойынына кетіп жатқан миллиардтаған теңге. Шыққан ізі ғана бар, өтеуі жоқ бұл қаржының қызығын легионерлер көріп жатқаны бұған дейін аз айтылмаған еді. Ең таңғаларлығы, олар тарапынан спортқа келіп жатқан жетістік жоқ.
Халықтың табысынан құралған есіл ақша құмға сіңген судай болуда. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының мүшелері Бас прокурор Асылов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы Жұмағали, Спорт министрі Мырзабосыновқа жолдаған сауалында осы мәселені төтесінен қойды. «Ақ жолдың» 2021 жылы жасаған футболға кетіп жатқан сансыз миллиардтар туралы сауалы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Қазақ қазынасы арқылы байып отырған шетел легионерлері шеруін тоқтату туралы талабы да қоғамның қатты қолдауына ие болды. Депутаттық сауалда спорт саласындағы қаржы талан-таражына қатысты осы және өзге де сорақылықтар нақты мәліметтермен келтіріліпті. Мәселен, 2018– 2020 жылдары спорттың барлық түрлеріне 646 млрд теңге бөлінсе, оның 72 пайызының еліміз үшін басымдығы мен маңызы жоқ боп шықты. Демек, 3 жылда 500 млрд-тай ақша далаға кеткен. Ал 30 жылға көбейтсек, бұл, 15 триллион болады. Мұның бәрі елдің жылдық бюджетінің 70 пайызына тең қаржы. Тек 6 жыл ішінде, яғни, 2018– 2023 жылдар аралығында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы 4 кәсіптік клубқа 138 млрд теңге бөлген. Халық қаржысын дәл осылай футболға шашып отырған Қазақстан секілді ел әлемде жоқ екен. Бюджеттен, халықтың қалтасынан қыруар қаржы бөлетіндей футбол мемлекеттің ең маңызды мәселесі ме? Соған қарамастан Қазақстанда ең көп жалақы алатындар – футболшылар. Бір легионер 55 млн теңге айлық алған екен. Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футбол емес, жемқорлық дамып жатыр. ФИФА рейтингісі бойынша 110-130-шы соңғы орындамыз. Ал төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп ойсырай ұтылған, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Черчесовке Барменқұлов басқаратын футбол федерациясы 640 млн теңге төлейді дейді. Бұл біз Черчесовке қарсыластың емес, біздің ұлттық құраманың қақпасына салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз деген сөз. Ал футболдағы №1 жемқорлық қылмыс болып саналатын «келіскен ойындар» саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы 4-орындамыз. Енді олар Олимпиадада, Тур де Франс, Джиро де Италия жарыстары этаптарында ешқашан Қазақстан туын көтерген емес. Олар тек өз елдерінің туын көтеріп, әнұранын айтады. Сонда қалай, біз қазақтың миллиардтарын аямай шашамыз оларға, олар өз елдерінің атын шығарады ол ақшаға!? Мұндай қорлыққа Қазақстаннан басқа қай ел көнеді!? Осылар жайлы айта келіп, ақжолдықтар «Миллиардтар жұмсалып жатқан қазақ футболында гол жоқ, ал ауылдарда жол жоқ! Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті» деп Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке барлық спорт федерациялары мен кәсіптік спорт клубтарына ревизия жүргізуді талап етті. Шын мәнінде кәсіби спорт, футбол – бизнес. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек. Жиында аманаттықтар да өзекті мәселені көтерді. депутат Дәулет Мұқаев өзінің Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында жастардың арасында квадробер атауымен белең алып бара жатқан субмәдениетке қатысты сауал жолдады. «Алыстан ойламаған, жақыннан уайым табады» деп, халқымыздың даналығын айтып сөз бастаған халық қалаулысы адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүретін, итше, мысықша өмір кешуге ұмтылатын жастардың пайда болғанын қинала жеткізді. Депутаттың айтуынша, олардың тарапынан тек сыртқы кейіпті өзгертіп қана қоймай, иттерге тән әрекеттер жасап адамдарға шабуылдау, яғни, тырнау, тістеу фактілері тіркелген. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстанда жиі орын алады екен. Ең қорқыныштысы, әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда. Бұл бір қарағанда балалық қылық деп қабылдағанмен, балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізуде. Батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда. Ең қиыны, балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Осыны айтқан депутат бұл үрдістің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айырылу алдында тұрғанымызды айтып дабыл қақты. Өйткені, бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты. Сондықтан әлем елдері де бұған айрықша алаңдаушылық танытып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда. Балалардың бұл дүниеге қызығушылығын байқаған ата-аналарға оған атүсті қарамай, дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, Өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесін қолға алған. Біздің елде де құзырлы органдар, бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»