12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Лауазымды қызметкер қарызын қайтармай жүр

Қазақстан Конституциясы әр тұрғынның құқығының тапталмайтынына кепіл болады. Заң алдында азаматтардың бәрі тең. Зайырлы мемлекетте ұлтына, жынысына, атқарған лауазымына қарай алалау болмауы керек. Бірақ қарапайым азаматтарға өз құқығын қорғаудың қаншалықты қиын екенін мен соңғы бес жылда анық сезіндім. Бес жыл бойы құзырлы орындарға сандалумен табаным тозды. Полиция, прокуратура, соттың бір қалыптан шыққандай бір-бірін қайталайтын жауаптарынан әбден мезі болдым.

Бес жылда денсаулығымнан айырылдым, жүйкеме салмақ түсті, қаншама уақытым текке кетті, шыққан қаржыда есеп жоқ. Ал осы бітпейтін дау Алматы қаласы, Алатау ауданы, Тайқазан көшесінде орналасқан «Бескөл» азық-түлік дүкенінің қасында тұрған маған тиесілі жасыл түсті контейнерді белгісіз біреулердің бұзып, ішінде тұрған «6FTS32T» маркалы диірмен кешенін жымқырып кетуінен басталды.
Сонымен, 2017 жылдың 25 сәуірінде қымбат диірменнің жоғалғаны туралы Алматы қаласы Алатау ауданы полиция басқармасына арыз жаздым. Осы арыз бойынша, ҚР ҚК-нің 188-бабының 2-бөлігі 3) тармағымен №177512031002425 қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында контейнерде қалған саусақ іздеріне сәйкес Б.Б.Давленов деген күдікті анықталды. Куә ретінде берген жауабында Б.Давленов менің контейнерімде сақталып тұрған «6FTS32T» маркалы диірменді Құрманбаев Сәбит Мубаракұлының айтуы бойынша ұрлап, металл ретінде сатып, ақшасын Құрманбаевқа бергенін айтып көрсетті. Осы жауаптарын Б.Б.Давленов бірнеше рет қосымша берген жауаптары мен беттестіру барысында толықтай растап бекітті. Басында мойындамағанымен, беттестіру кезінде мұны Құрманбаевтың өзі де растады.
Яғни, диірменімді ұрлаған адам белгілі. Ұрлықтың кімнің қолымен жасалғаны анық. Зайырлы мемлекетте мұндай басы ашық істер созбалаңға салынбай, бірден шешіледі. Менің де мақсатым диірмен үшін екі арыстай азаматты соттату емес, өзіме тиесіліні қайтарту ғана еді.
Алайда, диірменді қайтарудың орнына Сәбит Мубаракұлы менің сөзімді тыңдамайтын, телефоныма жауап бермейтін болды. Оның екеуара телефондағы сұхбат барысында «Ал диірменді алған мен, не істейсің?» деген сөздерін жазып алып, сақтап қойғанмын. Құрманбаевтың «Не істей аласың?» деп күшенетін жөні бар. Өйткені ол – Қаржы министрлігіне қарасты Алматы облысы Мемлекеттік кіріс департаменті, Қорғас кеден бекетінде жоғары лауазымды қызмет атқарады. Ал мен қарапайым жұмысшы, оның үстіне өз құқығымды қорғаймын деп табанымнан тозып жүріп, денсаулығынан айырылған, қант диабеті ауруымен есепте тұрған адаммын. Шара­сыздықтан шапқылап жүргенде инсульт алып, басына ота жасалған, мүмкіндігі шектеулі жанмын. Бірақ лауазымы бар адамның бәрі осылай басына берсе, елде құзырлы органдарға деген сенім бола ма?
Бәрі айдай анық тұрған істі Алатау аудандық ПБ тергеушілері, одан кейін Алматы қаласының ПД тергеушілері сағызша созды. Бірнеше рет заңсыз қылмыстық істі қысқарту туралы шешім де қабылдады. Атап айтқанда, қылмыстық іс құжаттарында (2 том 67 бет) С.Құрманбаевтың арызы тіркелген. Құрманбаев бұл арызда менімен татуласып, келтірілген мүліктік шығынды толығымен өтегенін, соған байланыс­ты қылмыстық істі қысқартуды сұраған. Менің арызымды бір-біріне футбол добынша лақтырып, ұшын ұстатпаған тергеушілер Құрманбаевтың осы бір сөзіне ләппай деп, істі қысқарта салған. Шындығында, мен С.Құрманбаевпен татуласуға байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы арыз жазбаған едім. Ешқандай материалдық шығынды өтемесе, мен оны не үшін кешіремін?
Алайда бірнеше куәгердің, дәлелдемелердің болғанына қарамастан, тергеу органы С.Құрманбаевты күдікті ретінде тану туралы қаулы шығармады, оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы да жоқ. 2021 жылы 2 тамызда Алматы қаласы ПД тергеушісі Р.Деканадзе №1775120031002425 қылмыс­тық істі тоқтату (қысқарту) туралы қаулы шығарды. Қабылданған шешім туралы тергеуші ешкімді заң бойынша жазбаша хабардар етпеді. Р.Деканадзенің қаулысында С.Құрманбаев келтірілген мүліктік зиянды өтеу үшін маған 5000 (бес мың) АҚШ долларын берді деп көрсетілген. Осылайша тергеуші қылмыстық істі ҚР ҚПК-нің 35-бабы 2-бөлігі негізінде қысқартып, Құрманбаев пен менің арамызда азаматтық қарым-қатынас орын алғандығын көрсеткен. Бұл сөзді Құрманбаев та алға тарта береді. Шын мәнінде мен ешкімнен ақша алған жоқпын. Егер алатын болсам, Құрманбаев оны қолхатсыз қолыма ұстата салмас еді. Дегенмен, Құрманбаев бермеген ақшасын бердім деу арқылы өзіне заңның әсер етпейтінін тағы бір мәрте айғақтап отыр. Өйткені қарапайым азаматтардың істі болса, мемлекеттік қызметтің маңына да жоламасы белгілі. Ал бұл қылмыстық жауаптылыққа тартылу тұрмақ, жасаған заңсыз әрекеті үшін қызметінен де шеттетілген жоқ. Осының бәрі тергеу, прокуратурада жұмыстың дұрыс жүргізілмегендігін көрсетеді. Сонда әлдінің бәрі осылай айналасына тізесін батыра бере ме? Қарапайым халықты мұндай бассыздықтан кім қорғайды?

Самат Жадыраев

Редакциядан:
Самат Жадыраевтың көмек сұрап жазған арызынан кейін «Заң газетінің» тілшісі жағдайдың ақ-қарасын білу үшін Сәбит Құрманбаевқа хабарласқан еді. Алғашында қалада еместігін айтқан Сәбит Мубаракұлы ертесіне өзі хабарласатын болып келіскен. Өкінішке қарай, уәде етілген уақытта Құрманбаевтан қоңырау түспеді. Араға үш күн салып өзіміз хабарласқанымызда, біздің сауалдарымызға жауап бермейтінін айтты. «Сіз 5000 АҚШ долларын диірменнің ақысы ретінде бергеніңізді көрсетіпсіз. Бұл – ұрлықты мойындау. Ал кінәңізді мойындап, келтірілген шығынның орнын толтырып, жәбірленушімен татуластым деуіңіз – сіздің ұрлықты мойындауыңыз емес пе? Ендеше, ұрлық жасаған адам мемлекеттік қызметте, онда да үлкен лауазымда қызмет етуі қаншалықты дұрыс?» деген сауалымыз жауапсыз қалды. Екеуара әңгіме жазылып жатқанын ескерткенімізге қарамастан, Сәбит Құрманбаев: «Бұл сұраққа жауап бермеймін» дегенінен танбады. Соған орай Құрманбаев жауап бермеген сауалды енді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа, Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Сырым Дынбаевқа қоюға мәжбүрміз.

Қабан атып сотталғандар жазасын алды

Адам түгілі төрт аяқты жануардың өзіне құрметпен қарайтын. Тіпті,...

Бір жыл ішінде қайталап жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылық көзделген

       Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...

Келес ауданында заңды бұзған жігітке ескерту берілді

Сотталғандардың мекен жайы бойынша кешкі уақытта тексеру шарасын Келес...

Құқық бұзушылықтың жазасы ауыр

Жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД қарасты...