Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде бюджет қаражатын үнемдеуді, оны ең қажетті жобаларды ғана жүзеге асыруға және ең өзекті проблемаларды шешуге бағыттауды тапсырды. Алайда кейбір компаниялар мұндай өкімді әрқилы қабылдағандай.
Бұл жерде еліміздің мұнай-газ секторы әсіресе ерекшеленді. Жарқын мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Мұнай саласындағы стратегиялық және тактикалық «қарқынды» ісі елдің көз алдында. Бәлкім еліміздің ардақты өңірлерінің бірі – Атырау облысында шиеленіс ошақтарының жиі пайда болуы соның себебі шығар. Заңмен қорғалуы тиіс ел мүддесін ойлауды әркім әртүрлі түсінетіндей.
Мәселенің аражігін ажыратып алайық. Бұған дейін «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай-газ объектілерінде тұрмыстық қызмет көрсету саласында жұмыс істеген жүзден астам адам жұмыссыз қалды. Бұған дейін олар жұмыс беруші-мердігермен бір жылдан астам мерзімге шарт жасасқан еді. Бәрі заң талабына сәйкес. Жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етіліп, іс тиянақты жасалған. Өйткені кешен 2021 жылдан бастап бір мердігердің қарамағында болғандықтан қызметкерлері де, атқарылатын жұмыс да бірегей ұйымдастырылып, тіпті соның нәтижесінде сапа ғана емес, айтарлықтай қаражат та үнемделген. Жағдайдың күрт өзгеруіне «Ембімұнайгаз» компаниясының жаңа тендер өткізуі себеп болған. Әлгі кешенді бір қызмет түрі бірнеше лотқа бөлініп, талан-таражға салынған.
Негізі бұған дейін қол қойылған ұзақ мерзімді келісімшартта көрсеткіштер орындалып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілсе, «Ембімұнайгаз» тарапынан оның қолданылу мерзімі аяқталса да әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған болатын. Яғни, тиімді жұмыс істелсе ынтымақтастықты одан әрі ұзарту үшін мердігердің қызметіне талдау жүргізу міндеттелген.
Алайда «Ембімұнайгаз» осы шарттарды орындамай, ешқандай қорытынды шығармай, жобаны жүзеге асырудан түскен үнемді мүлде есептемей, тендерді бірнеше лотқа бөліп жіберген. Бұл жерде туындайтын заңды сауал.
Бірақ аталған мәселе бойынша Атырау облысының сот органдары істің батпағында қалды: мердігер Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында тендер қорытындысына қатысты әділдікті іздеп жатыр.
Сот талқылауларының тәжірибесіне шолу жасасақ, «Ембімұнайгаз» компаниясына тарапынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Сатып алу қызметін басқару стандартының нормаларына сілтеме жасай отырып, бірқатар компанияларды «сенімді емес» әлеуетті өнім беруші деп тану туралы талап қоюдың кең тәжірибесін көруге болады. Тек 2023 жылдың өзінде «Ембімұнайгаз» АҚ конкурстардың нәтижелері бойынша AZARA, STEP, N&KAarchitects және т.б серіктестіктер (Атырау облысы бойынша сот кеңсесінің мәліметі бойынша) сынды бірнеше жеңімпаздарды шығартып тастаған. Әрине Ембімұнайгаз әрбір тапсырыс берушіні аса терең зерттеп, заң бөлімі бүкіл құжаттарының әрбір тармағына мән беріп, сатып алу рәсімінің барлық егжей-тегжейлері мен құжаттамасына мұқият қарайды. Дегенмен бұл біржақты екенін нақты талдама көрсетіп отыр. Ыңғайлысыныың құжатын атүсті қарап, ыңғайсызының құжатын «мұқият» зерттеу тәсіліне баруы мүмкін шығар деген заңды күдік ұялайды.
Неге дейсіз ғой. Әр сөзіміздің астары бар. Мысалы, тілге тиек етіп отырған тендерлер мәселесі. Толығымен зерттеудің өзі тым қызықты болып шықты. Қазақстан Республикасы сот органдарының электрондық сервистерінің ашық дереккөздерінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өздерінің «сенімсіз» өнім берушілермен соттасуы туралы деректер бар. Кейде талап қою мерзімдерін сақтамаса да, ондай істер жетіп артылады. Мәселен, «Ембімұнайгаз» АҚ былтырғы мамырда «N&K Architects» ЖШС «Қарсақ кен орнында 100 орындық асхана құрылысы» № 811912 тендері бойынша өнім берушісіне шағым түсіріп, оны жеңіп алған. Сатып алынатын жұмыстың біртекті нарығында тәжірибесін растау үшін тендерлік өтінімде жалған мәліметтердің табылуы негіз болды делінген іс қағаздарда.
Бірнеше айдан кейін компания жалпы құны 4 миллиард теңгеден асатын жатақханалар мен әкімшілік ғимараттарды күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша қызметтерді атқарушы ретінде «Мейрәлі» ЖШС-ны айқындаған. Ал ендігі қызықты қараңыз. «Самұрық-Қазына» порталының ашық дереккөзінен ЖШС «Ембімұнайгаз» АҚ-мен 2023 жылдың 26 сәуірінде қол қойған құжатта негізгі қызмет түрі 2024 жылдың 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында орындалуы тиіс делінген. Ал әлгі қызмет көрсетуші Мейрәлі өз міндеттемелерін 2024 жылдың мамыр айында ғана орындай бастаған.
Әлбетте, кез келген маман мынадай сұрақ қояр еді: егер қызмет көрсету мамыр айында басталса, бюджет неге қаңтардан бастап қызмет көрсетіледі деп бөлінген?
Ол ол ма, ұсынылған тендерлік өтінімдегі құжаттардың өзі күмән тудыратындай. Атырау облысы бойынша АОМӘС сот отырыстарында конкурсқа қатысуға өтінім берілген күні әлгі Мейрәлі компаниясының қызметті көрсетуге жеткілікті еңбек ресурстары мен тәжірибесінің жоқтығын растайтын құжаттар ұсынылған. Жалпы бұл компанияның өзі қаншалықты тәжірибелі? Міне, мұның өзі үлкен сұрақ. Ендеше неліктен таңдау «Мейрәлі» ЖШС-ға түскені таңданарлық жайт.
Ұсынылған нақты дәлелдемелерге бірінші сатыдағы сотта оңтайлы баға берілмеген. Сондықтан күнкөріссіз қалған жұмысшылардың мүддесі үшін күрескен мердігер апелляциялық шағым түсірмекші.
Содан кейін ғана «Мейрәлі» ЖШС сот отырысында қызметкерлерінің тізімін ұсынған. Нақты келтірілген құжаттарға сүйенсек, қызметкерлерінің негізгі бөлігі 2024 жылдың 1 мамырынан бастап жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, әлгі құжатта 1 мамырда жұмысқа орналасқан қызметкерлердің басым бөлігі алдыңғы мердігердің қызметкерлері екенін көрсететін баған бар. Сот берген өтініш аясында Салық комитетінен ресми ақпарат сұратты. Салық кодексінің ұсынған құжаттарына сәйкес «Мейрәлі» ЖШС қарамағында 2023 жылы 28 адам болған, ал сот отырысында «Мейрәлі» штатта 100-ден астам адам бар деген құжат көрсеткен. Қалай болғанда да «100 қызметкеріміз бар» деген көрсеткіш шарт бойынша атқарылатын қызметтерді сапалы көрсету үшін жеткіліксіз. Оған қарамастан «Ембімұнайгаз» АҚ «Мейрәлі» ЖШС-ны тендердің жеңімпазы деп таныды.
«Ембімұнайгаз» АҚ өкілінің конкурстық құжаттамада жұмыскерлер санына қойылатын талаптар қарастырылмағаны туралы дәлелдері автордың пікірінше, толығырақ зерттеуге лайық. Дей тұрғанымен 2021-2023 жылдарға арналған шартта жұмысшылар саны 700-ден астам болуы керек деген талап бар. 2024 жылы сол нысанда тұрмыстық қызмет көрсететін, бірақ 28 адамы бар компания тендер жеңімпазы болып танылғаны ақылға қонымсыз.
Сондай-ақ «Мейірәлі» ЖШС ұсынған шот-фактуралар мен қағаз тасығышта қол қойылған орындалған жұмыстардың актілері сотта талқылау тақырыбына айналды, олар салық заңнамасында барлық өнім берушілердің электрондық шот-фактураларды жазып беру міндетіне қарамастан, тиісті дәлел ретінде қабылданған. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭШФ портал арқылы беру міндеті Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 412-бабы 1.2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес барлық ҚҚС төлеушілерге жүктелді. Қағаз жүзінде берілген шот-фактуралар Салық кодексінің тікелей талаптарын бұзады.
Ұсынылған құжаттардағы жағдайдың күрделілігіне қарамастан, сот неге екені белгісіз, салық органын сотқа қатысу үшін және тіпті салық декларацияларын сұрату үшін тарту туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартады. Бұл барлық сот талқылауларына нүкте қоя алатын жалғыз дәлел сияқты.
Ал енді лоттарды бөлу жағдайы тіптен бөлек қарастыруға лайықты. Соңғы 3 жылда «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысындағы 5000-нан астам жұмысшы жұмыс істейтін жатақханаларды, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттарды және оларға іргелес жатқан аумақтарды ұстау мен оларға қызмет көрсету құны акционерлік қоғам үшін 10,7 млрд теңгеге аумағында болды. Бұл қызмет бұрын бір лот ретінде сатып алынған және кешенді форматта ұсынылған, яғни оған үй жұмысының: кір жуу, тазалау және т.б. түрлері кіреді. Кешендегі барлық қызметтерді дұрыс көрсету нәтижесінде еңбек ресурстары жақсы үйлестірілген өнім беруші көзделген және белгіленген бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеді.
2023 жылдың наурыз айында «Ембімұнайгаз» АҚ жаңа басшылықтың келуімен белгісіз себептермен бұл қызмет бірнеше лоттарға бөлінген. Әрі әдеттегіше қызметтің бұл түрі қымбаттаған, яғни бюджеттен ұлғаюына әкелген. Осылайша бірдей жұмыс көлемімен бірдей әлеуметтік объектілерді ұстау мемлекетке миллиардтаған шығын әкеледі. Ал бұған дейін сапалы, тиімді, әрі арзан кешенді қызмет түрінен неліктен бас тартқаны түсініктсіз қалатындай. Жоғарыда аталған қызметтердің бағасының өсуіне байланысты «Ембімұнайгаз» АҚ қазір «ойдан шығарылған» шығындардың жетіспеушілігіне байланысты қосымша қаражат бөлуде. Сатып алу жоспарына сәйкес сатып алулар үшін көзделген сома 4 629 633 472.97 теңге. «Мейрәлі» ЖШС ең төменгі баға 4 148 231 110.24 теңгені белгілеп, тендерді жеңіп алды, тендер сомасын 12 айға бөліп, қалған 8 айға көбейту керек болды. Мұнда осы нақты сатып алудың бюджеті тендерлік өтінімнің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Осы орайда Қазақстан Президентінің тапсырмасын мүлтіксіз орындау туралы не айтуға болады? Әлде оның мұнай компанияларына қатысы жоқ па? Бұл қаражатты оңтайландырып, ауқымды мәселелерді шешуге, мысалы, сол Атырау облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге жұмсауға болар еді. Бұл жағдайда компанияның әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтып та қажет емес.
Заң бұзу тайға таңба басқандай. Дей тұрғанмен бұл тендердің өтуіне кедергі болмады. Бұл сатып алу үшін барлық конкурстық процедуралардан өту жәй талап орындау ма деген ой туындайды. Осы сұраққа жауап ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің жарғылық қызметін орындау үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу шеңберінде квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңды басшылыққа алатынын мәлімдеді. Жауапты сөзбе-сөз жеткізсек: «Сатып алу рәсімі әлеуетті өнім берушілерге жүктелетін және құзыретті органдар бақылайтын сатып алуға қатысушылардың салық шегерімдерін тексеруге қойылатын талаптарды көздемейді». Бірақ басқа өнім берушілер сотқа беру үшін бірнеше рет қолданылған Холдингтің Сатып алуды басқару стандартының 27-бабы 8-тарауының нормалары ше? Елдегі ең ірі мұнай-газ компаниясы үшін екіұшты стандарттар қағидаты қандай нақты өлшемшарттарды әрекет етеді? Неге «Самұрық-Қазына» холдингі әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беруді және олардың арасындағы адал бәсекелестікті қамтамасыз етуді талап ететін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сатып алудың бастапқы қағидаттарына жіті қарамайды? Мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын қаржы ресурстарын үнемді және тиімді жұмсау туралы айтудың қажеті бар ма?
«Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына, оның «Қазмұнайгаз» және «Самұрық-Қазына» басқарушыларына да заңды сұрақ туындайды: «Аймақ пен жалпы ел үшін қиын да күрделі жағдайда қызмет көрсету шығындарын бірнеше есе ұлғайтуға не себеп болды?».
Неліктен осындай мәселеге құзыретті құрылымдар: Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет, прокуратура, Экономикалық тергеу департаменті назар аудармайды? Осындай әрекеттердің нәтижесінде бақылаушы орган, ұйымдастырушы немесе тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін кез келген мемлекеттік органға, сот жүйесіне, квазимемлекеттік компанияға деген сенім жай ғана көңілге ноқат түсіріп қана қоймасы анық… Шымбайға батары сөзсіз.
Тағы бір маңызды жайт: 2021 жылғы 9 желтоқсандағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Сатып алуды жүзеге асыру тәртібінің талаптарына сәйкес өткізілген тендерлердің қорытындылары холдингтің веб-порталында жариялануы тиіс. Бірақ ондай ақпарат таппайсыз. Бұдан басқа негізгі активі «Ембімұнайгаз» болатын «Қазмұнайгаз» сайтында операциялық, өндірістік және әкімшілік шығыстардың ұлғаюын көрсететін қаржылық нәтижелер туралы аралық есеп жарияланды. Ең қызығы, Қор порталында мұндай қымбаттауды негіздейтін ешқандай хаттамалар немесе корпоративтік шешімдер жоқ.
Бұл фактілер «Ембімұнайгаз» АҚ «лайықсыз» компаниялармен үнемі сот дауларын жүргізіп отырғанын, ал «лайықты» деген құжаттар пакетін тексермей-ақ, жеңілдіктер беретінін еріксіз дәлел ме, қалай? Сот процесі қазірде қарқынды жүріп жатыр. Алайда мұндай істерді қарау қатыстылығы мен жол берілуі тұрғысынан тараптар ұсынатын дәлелдемелерге қатысты азаматтық-процессуалдық заңнаманың талаптарын дәл сақтаумен және қазіргі уақытта «Ембімұнайгаз» АҚ әрекетінен отбасылары зардап шегіп отырған жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын ескере отырып жүргізілгенін қалаймыз.
Асқар Сәкенов
Редакциядан:
Бұл мақаладан жазылған дәйектерге «Ембімұнайгаз» АҚ не дер екен? «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС екінші тараптың да уәжін жариялауға дайын.