12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы:«ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАРДЫҢ АРҚАСЫНДА ҚАШЫҚТАН ОҚУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ БІЛІНБЕДІ»

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы әлеуметтік саланың түйткілді мәселелеріне арналған еді. Жалпы, білім саласы мемлекеттің қолдауын сезініп отыр ма? Осы жиыннан кейін не өзгеруі мүмкін?
– Білім ордалары толықтай мемлекет қамқорлығында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та әлеуметтік салаларды, соның ішінде білім беру саласын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Осы жиында да бірқатар өзекті мәселелер талқыға салынды. Соның ішінде мемлекет басшысы «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі оған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз», – деп, ел дамуының күретамыры білім екенін қадап айтты. Сондай-ақ, жиында білім саласына бөлінетін қаржының жеткіліксіз екені, мектеп инфрақұрылымының кенжелеп қалғаны айтылды. Жоғары мінбеде талқыға түскен түйткілдер ретімен шешіледі деп сенеміз. Мектептерде баланың көптігі, орын жетіспейтіні Алматы қаласында бұрыннан өзекті мәселе. Мәселен, алдын ала болжам бойынша биыл тек 1-сыныптың өзіне 30 мыңнан аса бала қабылдаймыз деп отырмыз. Соған орай біраз мектепте орын жетіспеуі мүмкін. Қазірдің өзінде қаладағы 205 мектептің 83-інде оқушы белгіленген межеден жоғары. Ал, баланың көптігі білім сапасына әсер етпей қоймайды. Соған орай Алматы қаласының әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, мектептегі орын жетіспеушілігін шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасады. 2022 жылға дейін білім мекемелерінің құрылысын реттеуге бағытталған бұл бағдарлама сапалы білімнің негізін қалайды деп үміттенемін.
Бұдан бөлек, Ұлттық сенім кеңесінің отырысында мектеп директорларын тағайындауға, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқартуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінгені дұрыс болды.
– Ұлттық сенім кеңесінің назарына іліккен мәселелер жерде қалмас. Ал, қашықтан оқытудың нәтижесі қалай? Мұғалімдерге қашықтан дәріс беру қиындық туғызған жоқ па?
– «Басқаларды үйрете отырып, біздің өзіміз де үйренеміз» депті данышпан Сенека. Сол айтпақшы, біз де
қашықтан білім берудің әдіс-тәсілдерін үйрене жүріп, оқу бағдарламасына ілесуге, жаңартуды тиімді пайдалануға күш салдық. Қашықтан білім беруді сәтті жүзеге асыру мұғалімнің еңбегімен ғана өлшенбейді. Бұл үлкен дайындықты, қажырлы еңбекті қажет ететін іс. Сондықтан, қашықтан сабақ оқуға Алматы қаласының білім басқармасы жан-жақты дайындалды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен тұрмысы төмен, көмекті қажет ететін отбасылардың балаларына смартфон, ноутбуктер сатып алынды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты, 2020 жылдың 5 сәуірінен бастап 276 мыңнан астам бала қашықтан оқытудың жаңа форматына өтті. Қашықтан оқытуға көшу барысында оқушылар мен мұғалімдерді қажетті компьютерлік құрылғылармен және интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды. Уақытша пайдалану үшін
мектептер балансындағы 10 мыңнан астам компьютер отбасыларға берілді. 4 мыңнан астам бала мен қаланың 700 мұғалімі жергілікті бюджеттен ақысыз негізде интернетпен қамтамасыз етілді. Мұнымен де мәселе түбегейлі шешілмейді. Балалар күнделікті сабаққа қиындықсыз қатысуы үшін телефондарында арнайы жеңілдетілген тариф болуы шарт. Онсыз интернеттен шет қалған баланың сабаққа ілесе алмайтыны анық. Бұл мәселені шешуде әкімдік демеушілер көмегіне жүгінді. Қамқор жандардың, жомарт адамдардың арқасында қашықтан білім берудің қиындығы білінбей қалды.
– Жаңашылдықтан қандай сабақ алдыңыздар? Қашықтан білім беру кейбір пәндердің қысқаруына әсер етпей ме? Әсіресе, денешынықтыру, музыка, еңбек, өзін-өзі тану секілді пәндерді оқу бағдарламасынан шет қалдырмай ма?
– Білім бағдарламасына реформа ұсынатындар өте көп. Біреулер діннің негізін мектеп қабырғасында
біліп шықса дейді, енді бір тарап құқықтық сауаттылықты оқушы кезден үйренген жөн деп жатады. Бірақ, сол
ұсыныстардың бәрін білім бағдарламасының қауызына сыйғызу мүмкін емес. Білім берудің өзіндік стандарты
бар. Онда баланың жан-жақты білім алып шығуына көмектесетін пәннің бәрі қамтылған. Әр пәннің бала қалыптасуында алатын орны белгілі. Сондықтан, қашықтан білім беру ешқандай пәннің қысқаруына түрткі
болмайды. Жалпы, кез келген жаңалықтың жақсы жағына, игілікті тұсына көңіл аударған дұрыс қой. Мұғалімге деген жүрекжарды лебізін арнаған оқушы жазбаларын оқып отырып, бұл өзгерістің мектепке деген құрметті арттырғанын, мұғалімге деген сыйластықты еселегенін бағамдау қиын емес. Сонымен қатар, осы сын
сәт халықтың қиын кезде бір-біріне қамқорлық көрсетіп, қол ұшын созуға дайын екенін дәлелдеді. Арнайы
ноутбук, смартфондар сатып алып, көпбалалы отбасылардың жағдайын сұрап, балалардың кедергісіз білім
алуына қаржылай қолдау көрсетсем деген мейірімді жандардың көптігі жүректі жылытты. Осындай қайырымды жандардың арқасында ешбір бала оқу бағдарламасынан сырт қалған жоқ. Қашықтан білім беру инклюзивті оқыту тетіктерін қайта қарау керектігін алға шығарып отыр. Себебі, денсаулығына байланысты үйден сабақ оқитын, ерекше күтімді қажет ететін балаларға енді жеке-жеке үйіне барып білім бергеннен, қашықтан оқыту әлдеқайда тиімді болатынын болжап отырмыз.
– Мектеп бітіретін түлектерге төтенше жағдай талаптарының оңай тимегені анық. Биыл аттестат қалай тапсырылады? Карантин кезінде шабылып қымбат көлік жалдап, арнайы кеш өткізуге шектеу қойылатын шығар?
– Үлкен өмірге қадам басқан әр баланың қалаған оқуына түсіп, арманына адаспай жетуіне бәріміз тілекшіміз. Биылғы жағдай түлектердің толыққанды білім алуына аздаған кедергі келтіргені рас. Бірақ, саңылауы бар бала интернеті жоқ ауылда білім алса да қатарынан қалмайды. Өз бетінше ізденіп, арманына ұмтылады. Биыл Алматы қаласының мектептерінен 9299 түлек қанаттанып шығады. Соның 9047-сі ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Оның 545-і Алтын белгіден үміткер. Ынталы жастардың көбейгені ертеңге деген сенімімізді нығайтады. Ал енді, мынандай карантин кезінде балалар аттестатын қалай алады, ҰБТ-ны қалай тапсырады деген сауал жиі қойылып жатыр. Алматы қаласының әкімдігі балалардың қауіпсіздігіне ата-анадан кем алаңдамайды. Бізге де оқушылардың денінің сау болғаны керек. Осыған орай аттестат алу мектепте, әр сыныпта жеке-жеке өтеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу де түлектер өміріндегі маңызды қадамның бірі. Сондықтан, тест тапсыру жылдағы тәртіпте ұйымдастырылады. Тек қауіпсіздік шаралары толық ескеріледі.
Осы кезде мектеп жанынан лагерьлер құрылып, балаларға арналған демалыс орындарының жұмысы қызатын еді. Енді сол лагерьлердің бәрі жазда жұмыс істемейтінін естідік. Ыстық күнде үйге қамалған балалар уақытын қалай өткізеді? Бұл кішкентайлар арасындағы қылмыстың көбеюіне алып келмей ме?
– Дұрыс айтасыз, лагерьлер биылғы жазда жұмыс істемейді. Бұл шараның балалар қауіпсіздігі үшін жасалып отырғаны түсінікті шығар. Дегенмен, кішкентайларды төрт қабырғаға телміртіп қоймау жағын қазірден ойластырып жатырмыз. Ол үшін үйірмелерді, спорт секцияларын жандандыру жоспарымызда бар. Балалардың бос уақытын тиімді арнаға бұра білу керек. Тек телефонға қарап күнін өткізу балалардың денсаулығына зиян, мұның психологиясына тигізер залалы аз емес. Сондықтан, ұл-қызымызды пайдалы іске бағыттауға тырысқанымыз жөн. Мұндайда жауапкершілікті тек мектеп, білім басқармаларының мойнына артып қоюға болмайды. Бала – сіздің келешекке салынған капиталыңыз. Оның немен шұғылданып, кімдермен дос болып, неге қызығатынын анықтау алдымен ата-анаға міндет. Баланы еңбекке баулу, айналасымен араласуына қолайлы орта қалыптастыру, күнделікті режимін қалыптастыру, қандай кітап, қандай фильмдер көретініне дейін кеңес беру ата-ананың парызы. Қазіргі балалар сіздің қалауыңыздағы қалыпқа бағынбайды. Сіздің сызып берген шеңберіңіз оларға тарлық етеді. Сондықтан, баланың тілінде сөйлеп, баланың неге қызығатынына мән берген абзал. Ұл-қызының тілін таба алмай жүрген үлкендер көп. Оның бәрі айналамызға көңіл бөлмегеніміздің кесірі. Төтенше жағдай осы кемшілігімізді түзеуге мүмкіндік берді.
– Бұрын қолы бос мұғалімдер мектепте қосымша ақылы сабақ өткізетін орынға ақы төлемегендіктен сабақтардың құны кәдімгідей төмен еді. Енді мектепте өтетін ақылы шаралардың бәріне тыйым салынды. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Әрбір бала тегін біліммен қамтамасыз етілуі міндет. Кезінде мұғалімдердің ақылы сабақ өткізуіне шектеу
қойылмады. Қазір де қосымша табыс тапқысы келетін мұғалімдерге ешқандай кедергі жоқ. Бірақ, мектептен
басқа жерде, балаларға ыңғайлы басқа ортада ұйымдастырсын! Ал мектепте тек тегін шаралар ұйымдастырылуы керек.
– Мектеп айналасында балаларды музыкаға баулитын, спортқа, тіл үйренуге көмектесетін ақылы орталықтар баршылық. Солардың қаншалықты сапалы жұмыс істеп жатқанын білім басқармасы бақылай ма? Соңғы кезде орталық мұғалімдерінің біліміне де күмән келтіретіндер көбейді.
– Қосымша білім беретін, тіл үйрету орталықтарының жұмысына бақылау жасап, қадағалау білім басқармаларының құзырына кірмейді. Бұл өзінше бизнес. Қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы орын жалдағандардың бәрі жарнамасын жарқыратып балаларға қосымша білім беруде. Ал таңдау – оқушы мен ата-ананың өз қолында. Орталыққа жібермес бұрын ол жерде кімдер сабақ береді, мұғалімдердің білімі қандай, оқытқан балалары қандай жетістікке жеткен деген мәселелерді зерттеу керек. Интернеттегі парақшаларын қарап, көпшіліктің пікіріне құлақ түрген жөн. Ақша төлеп отырған соң, қайтарымы бар орталықты таңдаған дұрыс. Әрі баланың да қалауына көңіл бөліңіз. Сіз заңгер болса деп армандаған балаңыз спортшы болғысы келуі мүмкін. Шынықсам, жаттықсам, спортта биіктерді бағындырсам деген балаға ағылшын тілін қинап үйреткеннен пайда жоқ.
– Баланы қандай орталыққа беруді таңдау еркімізде делік. Ал, мектептердегі сауатсыз мұғалімдерден қалай құтыламыз? Ата-аналарға, балаларға жолдаған екі жол ескертпесінен бірнеше қате табылатын ұстаздар барлық мектепте бар…
– Бұл расында үлкен мәселе. Өз ісін жетік білмейтін маман саланың беделін төмендетеді. Өкінішке орай,
педагогтар арасында сауатсыз мамандар бар. Және ол мектептің болмаса тек білім басқармасының кінәсі
дегеніміз дұрыс болмас. Себебі, бұл біріншіден жоғары оқу орындарынан кеткен қателік. Қолында дипломы бар, жоғары білімді маманды біз қалай жұмысқа алмаймыз? Диплом – жоғары оқу орнында берілген білімнің кепілі, дәлелі. Осы қатырма қағазды қолға ұстата отырып білім ордалары түлектерінің шәкірт дайындай алатынына, мұғалімдіктің қыр-сырын меңгергеніне кепіл болады. Өкінішке орай, диплом жоғары білімнің көрсеткіші бола алмай отыр. Бұл мәселенің бірінші жағы, Екіншіден, кезінде мектепті үздік бітірген, ең таңдаулы оқушылар мұғалім болуды армандайтын. Мұғалім ең мәртебелі мамандықтың бірі еді. Педагогикалық оқу орындарына екінің бірі түсе алмайтын. Сәйкесінше конкурс та жоғары болатын. Ал, нарықтық кезең мектептің, мұғалімнің қадірін төмендетті. Ең аз айлық, ең көп жүктеме ұстаздарда болды. Соның кесірінен өзі қалаған оқуға түсе алмаған, жинаған ұпайы аз балалар мұғалімдікті таңдады. Қателіктің көбі мамандықты адасып таңдағандардан шығып отыр. Бізде таңдау жоқ. Мұғалімдер әлі де тапшы. Осы мәселені шешу үшін Алматы қаласының білім басқармасы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен бірлесіп, арнайы келісімге
отырдық. Педагогтар дайындайтын қос шаңырақтың түлектері қазір Алматыдағы мектептерде оқу тәжірибесінен өте алады. Бұл келісімнің бізге де, жастарға да пайдасы мол. Болашақ ұстаздар осы келісім негізінде Алматы мектептерінде кәсібін шыңдайды. Ал, біз тәжірибеден өткен жастарға таңдау жасап, қабілетті, машығы мықтыларын өз қатарымызға қосамыз.
– Басшылар мұғалім жетіспейді, маман тапшы дегенмен, жас мамандардың жұмыс таппай тауы шағылатын кезі көп. Бос жұмыс орындарының ашық көрсетілмеуі жемқорлыққа жетелеп отырған жоқ па?
– Мектептің жүрегі – мұғалім. Мықты ұстаздар шоғырланған, балалары олимпиада, түрлі байқаулардан
жүлделі болып жатқан мектептерге жұртшылық қызыға қарайды. Қай ата-ана болмасын баласын осындай
мақтаулы мектепте оқытқысы келеді, білікті мамандардан тәлім алғанын құп көреді. Сондықтан, мектеп басшылығы өз пәнін жетік меңгерген ұстаздарды жинауға мүдделі. Яғни, шәкірттері топ жарып жүрген ұстаздар қандай ортада да бағалы. Ал, жұмыстың табылмауына тек мектепті кіналаған дұрыс болмас. Ең алдымен жастар мамандық таңдағанда нарықтағы сұранысты ескергені жөн. Тәжірибе кезінде белсенді болған, өзінің біліктілігін дәлелдеген түлектер де диплом алғанша жұмыс орнын анықтап үлгереді. Десек те, жұмысқа қабылдауда түсінбестік орын алмауы, күмән туындамауы үшін арнайы сайттарда білім ордаларындағы бос орындарды ашық көрсету қолға алынғалы отыр. Осы арқылы үміткерлер ешкімді
араға салмай-ақ жұмыс таба алады. Ашық дереккөздің болуы қандай мамандыққа сұраныстың көп екенін де анықтауға көмектеседі.
– Педагогтардың әдебі, сөйлеу мәдениеті, киім киісі де жиі сыналады. Кейде жас мұғалімдерді оқушылардан айыра алмай қаламыз деп жатады. Жалпы ұстаздардың бірдей форма киюіне не кедергі?
– «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» дейді Жүсіпбек Аймауытов. Сол айтпақшы, білімді болу көркем
мінездің кепілі емес. Мектеп – үлкен ұжым. Ондағы ұстаздың бәрі бірдей бола бермейді. Дегенмен, бала ұстазына қарап бой түзейтіндіктен әдептен аттамауы шарт. Көркем мінезге киімі сәйкес келіп тұрса одан да жақсы. Бірақ, біз ұстаздарды бірдей форма киюге міндеттей алмаймыз. Кейбірінің қаржылық жағдайы көтермеуі мүмкін. Пән мұғалімдерінің ақылдасып, бірдей түстегі киім тіккізгенін бірнеше мектептен байқадым. Сондай жарасымды. Олардың бастамасын өзге әріптестері қолдаса нұр үстіне нұр.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге көп рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Айнұр СЕМБАЕВА,
«Заң газеті»

Есть ли выход из трудового рабства?

Во всем мире торговля людьми остается глобальной проблемой, затрагивающей...

Еще одна победа

С двумя золотыми медалями и статусом двукратного победителя чемпионата...

Советхан СӘКЕНОВ, құрметті демалыстағы судья: «ӘДІЛДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ МЕМЛЕКЕТ ДАМЫМАЙДЫ»

– Советхан Сәкенұлы, құрметті демалысқа шыққаныңыз құтты болсын! Зейнетке...