Ләззат Рақышева: «Қылмыстардың басым бөлігін жәбірленушінің жақындары жасайды»

«Адам болмайсың, иттің баласы!» Бір қарағанда бұл ашумен айтылған жай ғана сөз. Алайда, психологтардың айтуынша, бала үшін мұндай сөздер жәй ұмыт болмайды. Ол оның ішкі дүниесіне сіңіп, өзін бағалауына, өзгелермен қарым-қатынасына, тіпті болашақтағы отбасылық өміріне дейін әсер етеді.

Біз көбіне зорлық-зомбылық дегенде денеге түскен соққыны ғана елестетеміз. Ал шын мәнінде зорлық әлдеқайда ертерек басталады. Ол баланы қорлайтын сөзден, кемсітуден, қорқытудан, күн сайын қайталанатын айқайдан басталады. Осындай ортада өскен бала ертең өзі де дәл сондай мінез-құлықты қалыпты құбылыс деп қабылдап өседі.

Дәл осы мәселе Алматыда өткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға жасалатын қиянаттың алдын алу» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» басында талқыланды. «HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қоры ұйымдастырған бұл кездесуде білікті заңгерлер, психологтар, бала құқығы жөніндегі уәкілдер, дағдарыс орталықтарының мамандары мен мемлекеттік органдар өкілдері тұрмыстық зорлықтың себептері мен оны тоқтатудың жолдарын ортаға салды. Бұл жиын тек ресми жиын емес, шындықты ашық айтып, көкейкесті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер іздеген маңызды алаң болды.

Басқосуда айтылған ең маңызды ойлардың бірі – зорлық-зомбылықтың қайталанатын шеңбер сипатына ие болуы. Егер бала отбасында қорлау мен күш көрсетуді көріп өссе, санасында дәл сондай қарым-қатынас үлгісі қалыптасады. Кейін өз отбасын құрғанда сол көргенін қайталауы немесе керісінше, дәл сондай қатынасқа төзетін адамға айналуы мүмкін. Мамандар мұндай мәселенің  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кетуі мүмкін екенін нақты айтты.

Мысалы, әкесі шешесін ұрса, бала ер жетіп әйел алғанда «мен де әкем сияқты отбасын басқарамын» деп санайды. Анасы үндемей, көніп жүрсе, қыз бала өсіп отау құрғанда «мен де анам сияқты көнуім керек» деп түсінеді. Мұның ешқайсысы да  дұрыс еместігін, бұл – заңға қайшы, бұл – зорлық екенін білмейді. Өйткені солай болуы тиіс деп үйреніп қалған. Сондықтан сарапшылар бір ауыздан: «Біз тек жәбірленушімен жұмыс істемей, екі жақпен де, отбасының әр мүшесімен де жұмыс істеуіміз керек. Зорлық жасаған адамның да санасын өзгертпей, оған өз әрекетінің қаншалықты қауіпті, қаншалықты заңға қайшы екенін түсіндірмей, емдемей бұл дерт ешқашан бітпейді. Бір әйелді құтқарсаң, келесі бірінде дәл сол оқиға қайталанады», – дегенді алға тартты сарапшылар.

«HUMAN RIGHTS LAWYERS» қоғамдық қорының басшысы Ләззат Рақышева зорлықшының басым бөлігі бөтен емес, баланың өз әкесі, өгей әкесі, ағасы немесе жақын туысы болып шығатынын айтты.

«Көптеген жағдайда зорлық-зомбылық аяқ астынан болмайды, ұзақ уақыт бойы жалғасады. Алайда жәбірленушілер құқық қорғау органдарына алғашқы оқиғадан кейін бірден емес, бірнеше айдан, тіпті жылдардан соң ғана жүгінеді. Ең алаңдатарлығы – мұндай қылмыстардың басым бөлігін жәбірленушінің жақындары жасайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы танысып, кейін қылмысқа ұласқан жағдайлар да кездеседі. Сондықтан балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтіп, зорлық-зомбылықты ерте анықтау тетіктерін жетілдіру, жәбірленушілерге білікті заң және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайту маңызды», – деді Ләззат Рақышева.

Жиын барысында сарапшылар бұл мәселені тек еліміздің шеңберінде қарастырмай, әлем елдерінің тәжірибесін де алға тартты. Қауіпсіздік мәдениетін, отбасы мен бала құқығын қорғау жүйесін, құқықтық сананы қалыптастыру бағытында жеті дамыған мемлекетте тиісті заңдар 20 жыл бұрын қабылданып, жүзеге асырыла бастаған. Ол елдерде сол кезден бастап отбасы ішіндегі зорлықты қоғамдық дерт деп танып, оны болдырмау үшін мемлекет те, қоғам да, бірігіп жұмыс істей бастаған.

Ал бізде  бұл бағыттағы кешенді, жүйелі іс-шаралар 2024 жылы ғана қолға алына бастаған көрінеді. Осы жиырма жылдың ішінде өзге елдерде зорлық-зомбылық деңгейі біртіндеп төмендеп, халықтың құқықтық сауаты артып, отбасы институты нығая түсті. Бізде әлі күнге дейін «бұл отбасының ішкі шаруасы», «өзара шешеміз», «жұртқа айтқан ұят» деген ескі, қате түсінік басымырақ болып тұр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – ол бір күнде шешілетін мәселе емес. Дегенмен мемлекет бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Соның айқын дәлелі – Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес саясаты аясында қабылданған «Салтанат» заңының алғашқы бес айдағы нәтижелері нақты оң әсерін көрсетіп отыр: аса ауыр қылмыстар – 44 пайызға, отбасылық-тұрмыстық саладағы ауыр қылмыстар – 29 пайызға, педофилияға байланысты қылмыстар – 40,7 пайызға, кәмелетке толмағандарға қатысты тиіспеушілік қылмыстары – 21,3 пайызға, ал тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламалар 20,5 пайызға азайған.

«Дөңгелек үстелде» көтерілген негізгі қорытынды ойлардың бірі – зорлық-зомбылықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мұғалімнің, дәрігердің, көршінің, ата-ананың, жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені үнсіздік зорлықты тоқтатпайды. Керісінше, оның жалғасуына жол ашады деді мамандар.

Ең бастысы – әр азаматтың санасында өзгеріс болуы тиіс. «Бұл менің шаруам емес», «мен не істей аламын» демей, көрген жерде, білген жерде үнсіз қалмай, көмекке келу, тиісті орындарға хабарласу, жәбірленушінің жанынан табылу – әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз.  Бірлесе жұмыс істесек жоғары  нәтиже болары сөзсіз.

Аяжан СЕРІКҚЫЗЫ

Ясауитану ғылымындағы тарихи жаңалық: Ресейден бұрын белгісіз қолжазба анықталды

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығы ғалымдарының...

О новом механизме лишения лицензии частных судебных исполнителей

24 июня 2026 года Главой государства подписан Закон Республики...

ОСМС в Казахстане: что важно знать каждому в 2026 году

Обязательное социальное медицинское страхование (ОСМС) остается одним из ключевых...

ОСМС: новые возможности для здоровья казахстанцев

Система обязательного социального медицинского страхования (ОСМС) является важным элементом...