Туризм саласын дамыту дегенде көпшіліктің көкейіне ең алдымен оралатыны Щучинск-Бурабай курорттық аймағы десек артық айтпаспыз. Таңғажайып табиғаты талайды тамсандырған Бурабайда туризм кластерін дамыту күн тәртібінен әсте түскен емес. Керісінше жыл санап қарапайым әжетханадан бастап барлық сервистік қызмет пен инфрақұрылым сапасының тым төмендігі сонымен қатар, демалыс орындарындағы бағаның шектен тыс шарықтап кеткені жиі сын садағына алынады. Түйткілді мәселе Ақмола облысының әкімдігіндегі кезекті жиында тағы бір мәрте көтерілді.
Статистикалық деректерге жүгінсек, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына әлемнің әр түкпірінен жылына 1 миллионнан астам турист қатынайды. Ұлттық статистика бюросы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын Қазақстанның ТОП-3 курорттық орындардың қатарына қосқан. Дегенмен, туристік аймақтағы қордаланған көптеген мәселелердің шешімін таппай жатқаны рас. Облыс әкімі Марат Ахметжанов, Президент істері басқармасы, бас прокуратура, туризм және спорт, көлік, экология және табиғи ресурстар, цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркісібі министрліктерінің өкілдері қатысқан жиында курортты аймақты дамытудың кешенді жоспарын жасау және инженерлік-құрылыс жобаларын аяқтау мәселелері талқыға түсті. Жиынды ашқан өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген өзекті тапсырмаларының маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытуға жаңаша көзқараспен қарау ұсынылды. Бұл орайда мемлекеттік органдардың өзара байланысы көптеген мәселелерді шешуге оң ықпал ететіні сөзсіз. Президент істері басқармасы басшысының орынбасары Рустам Баялиев жоғарыда аталған түйткілдерді құзырлы министрліктер мен ведомстволардың сондай-ақ жергілікті әкімдіктің бірлесе әрекет етуі қажеттігін атап өтті. Щучинск-Бурабай курорттық аймағын әлемдік деңгейде танымал ету де кезек күттірмес шаруалардың бірі. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев министрліктің аталған бағытта жүргізіп жатқан жұмыстарына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, жиналғандар алдында өңірде туристік саланы дамыту жөніндегі ағымдағы және жоспарланған шаралар туралы министрліктің есебін ұсынды. Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баян етті. Министрлік алдағы уақытта Елорданың іргесінде орналасқан туристік орында жолаушылар бағытын сонымен қатар әуе және теміржол тасымалын екі есеге ұлғайтуды көздеген. Ал облыстың туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский туристік аймақты дамыту жоспарының үш кезеңі шеңберінде жүзеге асырылатын Бурабай кентіндегі инфрақұрылымдық желілерді тарту, су құбыры және жылу жүйелерін жаңғырту жөніндегі инженерлік инфрақұрылымдардың аяқталмаған жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Жиын барысында, сонымен қатар курорттық аймақтың көліктік инфрақұрылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, туризм саласының инвестициялық әлеуеті, экологиялық тұрақтылық пен қоғамдық жауапкершілікке баса назар аудару жайы көтерілді.
– Бізге курортты аймақты дамытудың жаңа кешенді жоспары негізіне жататын нақты әрекеттер мен жаңа концептуальды тәсілдер қажет. Бурабай тек Қазақстанда ғана емес басқа да елдерде танымал туристік брендке айналуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Курортты аймақты дамытудың басты шартының бірі инженерлік инфрақұрылымның заман талаптарына сай болуы тиіс. Туристердің емін-еркін қатынауы үшін көліктердің тұрақты түрде жүруі де аса маңызды рөлге ие. Ақмола облысы туризм басқармасының мәліметінше соңғы бес жыл ішінде Бурабай мен Зеренді айналасында 200 шақырымнан астам жол жөндеуден өткізіліп қайта жаңғыртылған. Осы жылы облыстық бюджеттен курортты аймақты дамыту мақсатында 6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп алты бірдей іргелі жоба жүзеге асырылмақ. Бұл орайда әуе және теміржол көлігімен қатынас та назардан шығарылмапты. Теміржол көлігі Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 2018 жылдан бастап тиімді жұмыс істей бастаған. Қазіргі уақытта Бурабай курорты аймағына 14 бағыт ұйымдастырылған. Нәтижесінде тек өткен жылдың өзінде осы бағыттармен 2,8 миллион адам жүріп өткен. Биыл Астанадан Щучинск қаласына дейін жедел электр пойыздары күн санап қатынап жатыр. Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін жалпы құны 1,1 миллиард теңгеден астам 3 жобаны жүзеге асыру жоспарға енгізілгенін жеткізді. Курортты аймақты дамытудың жоспарына сәйкес алдағы уақытта да инвестиция тартуға баса назар аударылмақ. Көрікті аймақта туризм кластерін дамытудың тағы бір өзекті мәселесі инвестиция тарту екені түсінікті. Құзырлы басқармалардың мәліметінше өткен жылдың қаңтары мен мамыры аралығында 12,6 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал биыл инвестициялық жобалар арқылы құны 8 миллиард теңге болатын 17 нысан салынады деп жоспарланыпты. Курортты орындағы ерекше аса өткір мәселе санитарлық тазалық пен экология екені түсінікті. Құзырлы басқармалардың мәліметінше болжам бойынша Бурабайға биыл 1,3 миллион турист келеді деп күтіліп отыр. Осынша адамның артынан көрікті мекеннің тазалығын талапқа сай ұстау жергілікті атқарушы билік органдары мен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Тиісті мәселенің шешімін табу үшін жергілікті бюджет қоржынынан 18,3 миллион теңге қаржы бөлінген. Аталған соманың 8,3 миллион теңгесі санитарлық тазалыққа жұмсалса, 10 миллион теңгесі көгалдандыру және абаттандыру шараларына бағытталады. Жылдың басында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан 152 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Парк өкілдерінің айтуынша биыл қоқыс салатын 300- ден астам жәшіктер орнатылған. Қоқыс жәшіктері жай күндері үш, ал демалыс және мерекелік күндері 5 мәрте тазартылып тұрады.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


