Киберқауіпсіздік қызметкерлерінің тапшылығы жойылған жоқ. Бұл «Энергетика, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және жоғары білім» деп аталатын XII халықаралық ғылыми-техникалық конференция кезінде де айтылды. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде өткен бұл шараға отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет қайраткерлері мен өндірістік сектор өкілдері қатысқан болатын.
Онда Kaspersky кеңсесінің Орталық Азия және Моңғолия елдеріндегі негізгі клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджері Ержан Қуанышбеков ақпараттық қауіпсіздікті экономиканың барлық салаларында арттырудың қажеттілігін нақты фактілер арқылы дәлелдеп, мықты мамандар тек шетелде ғана емес, өз арамызда да жеткілікті екенін айтты. Оның айтуынша, өндірістік сегментте хакерлер шабуылы көбеюінің басты себебі бұрын олар оқшауланып, автоматтандыру деңгейі төмен болды. Ғылым мен техниканың дамуы жылдамдаған сайын олар корпоративтік жүйелермен қосарланып, қашықтан қолжетімділік артып, жүйелер саны күрт ұлғаюда. «КСРО-дағы өндіріс орындарына жасалған алғашқы кибершабуыл 1983 жылы тіркелген. АвтоВАЗ-дың бағдарламалық жүйесіне жасалған өзгерістен соң зауыт жұмысы 3 күн тоқтап қалады. Ал алматылық Мұрат Өртембаевтың есімі Қазақстан ғана емес, КСРОның ең алғашқы хакері ретінде тарихқа енді. Ал бұл оқиғадан жасалған түйін мамандармен қарым-қатынаста кәсіби қызмет лайықты бағалануы тиістігін көрсетіп берді. Қазақстанда қазіргі таңда өнеркәсіптік трансформацияда автоматтық басқару жүйесі қаупі бар кәсіпорын 900-ден асады. Оның өндіріске қатысты 650-нің 50-і электр энергиясына, 50-і жылу энергиясына, 550-і басқа да салаларда. Ал өндіруге қатысты 260 компанияның 120-сы металдар мен кенге, 80-і шикі мұнай мен ілеспе газға, 60-ы өзге де шикізаттарға қатысты. Сондықтан кәсіпорындар үшін басты қауіп-қатерлер қатарында: күрделілігінің артуы мен шабуылдардың жиілігі; ақпараттық қауіпсіздік жүйелерінің әртектілігі; реттеушілік талаптарға сәйкестену; өнеркәсіптік трансформацияда автоматтық басқару жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік мамандарының тапшылығын атауға болады», – дейді Kaspersky кеңсесінің менеджері. Осы арада хакер деген ұғымға анықтама бере кеткен артық болмас. Әлемдегі күрделі деген ақпараттық бағдарламаларға да рұқсатсыз кіріп, оларды өз қалауынша өзгертіп, пайдалануға қажетті білім мен технологияны еркін меңгерген адамдарға қатысты қолданылатын бұл терминнің аясы бүгінде өте кең. Өз қызметінің сапасын тексеру үшін олардың қызметіне ақпараттық бағдарлдамалар мен басқару жүйелерін жасаушы компаниялардың өзі де тапсырыс беруі қалыпты нәрсе бола бастады. Тіпті, бұл үшін қомақты қаржы ұсынатындар да бар. Сондықтан оларға біреу киберқылмыскер, біреу заң бұзушы, біреу бұзақы, біреу ақпараттық-технология жүйесінің ұңғыл-шұңғылын оңай анықтап бере алатын ерекше маман деп қарайды. Өкінішке қарай, КСРО бойынша ресми түрде тіркелген алғашқы хакер Мұрат Қалмұхаметұлы Өртембаев туралы бүгінде мамандар болмаса, қарапайым жұрттың хабары аз. Сондықтан көпшіліктің көкейінде түрлі ой қалдыратын ерекше кәсіп иесі ретінде тарихта өз атын қалдырған отандасымыз туралды аз-кем мағлұмат бере кеткен артық болмас. 1955 жылы 31 мамырда Алматы қаласында өмірге келген ол физика-математика мектебін бітірген соң Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түскен. 1978 жылы бұл жоғары оқу бітірген соң жолдамамен АвтоВАЗ-да инженер-бағдарламашы болып жұмысқа орналасқан. 1981 жылы жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң елге қайтпақ болған оған бастықтар аға инженер лауазымына көтерілуге және жоғары жалақыға уәде беріп, өндіріс орнында қалуға көндіреді. 1982 жылы маусымда зауыт басшылығының уәдесін орындамағанына ренжіген Мұрат Өртембаев оларды тәубесіне түсірмек болып жоспар құрады. Ол бойынша бағдарламаға енгізген өзгерісті демалыстан келген соң өзі түзетіп, маман ретінде басшыларға өз біліктілігін дәлелдеуі тиіс еді. Басы сәтті басталғанымен, нәтижеге қолжеткізе алмады. Оның әрекетінен кейін зауыт 3 күн бойы өз жұмысын тоқтатып, кәсіпорынның жоспары бұзылып 460 автомобиль шығарылмай қалады. Жұмыс істемей тұрған кездегі жұмысшылар жалақысы мен жабдықтардың шығынының өзі 7176 рубль 79 тиынды құрады. Бұл сол кездегі екі «Жигулидың» құнымен пара-пар болатын. Ең мықты деген бағдарламашылар жұмылдырылғанымен олар 3 күн бойы ақауды жөндей алмайды. Кейін бұл іске Мұрат Өртембаевтың қатысы бары белгілі болған кезде ол бірден өз кінәсін мойындайды. Алайда ол кезде қолданыстағы заңнамада хакерлік әрекет арнайы қарастырылмағандықтан М. Қалмұхаметұлы қасақана бұзақылық жасағаны үшін ғана айыпталып, сот тарапынан оған екі «Жигулидың» құнына бағаланған залалды өтеу мен 1,5 жыл шартты жаза тағайындалып, оны конвейерде слесарь ретінде өтеуге мәжбүр болады. Одан кейін мұнда бағдарламашы және біраз уақыт өндіріс орнының еншілес «Информсервис-Лада» және «Инфосистем» компанияларында жұмыс істеген М. Қалмұхаметұлы кейін отбасымен туған жеріне оралады. «Қазпошта» АҚ Ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы болып, онда жаңа IT шешімдерді әзірлеу және енгізу кезінде өз біліктілігін дәлелдеген ол 2010 жылдың 21 мамырында 55 жасында қайтыс болды. Артында Болат (1982) және Тимур (1984) есімді ұрпағы қалған оның әрекеті енді тек тарихты зерттеу кезінде ғана айтылады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»