Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту еліміздің аса өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе, жалпы білім беру ордалары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі қазақ тілінің деңгейін көтеру ұстаздардың тарапынан жаңашылдық пен мол ізденісті қажет ететіні сөзсіз. Қазақстанның оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ақмола облысының әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылған қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің форумы да дәл осы өткір жайлар төңірегінде өтті.
Еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері мен жергілікті оқу орындарының ғалымдары бас қосқан форумда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы өзекті мәселелер көтеріліп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы жаңашыл ұстаздардың іс-тәжірибесі көпшілік назарына ұсынылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлының кіріспе сөзімен шымылдығы ашылған форум барысында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вицепрезиденті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалының сарапшысы Қаламқас Байтенова, сондай-ақ Көкшетау қаласынан №4 облыстық мамандандырылған мектеп лицей интернатының қазақ тілі мұғалімі Айман Жакишева баяндама жасады. Мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру білім беру орындарындағы ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен ізденісіне тікелей байланысты екенін атап өткен «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті кадрларды даярлау деңгейін дамыту жөніндегі толғамды ойларымен бөлісті. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі – Ақмола облысы мұғалімдері мен білім саласы мамандары арасында өтті. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң – қауымдастық құрылды. Тілдік білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру қажет. Форумға әр өңірден келген әріптестер жиналды, біздің барлығымыздың мақсатымыз бір, ол – ана тілінің сапасын жақсарту және ауқымын кеңейту. Мемлекет басшысы осы салаға ерекше назар аударып отыр. Сол себепті, біз еліміздің барлық облыстарында осындай форумдар өткізуді ұйғардық. Осындай ауқымды іс-шара бірінші Ақмола облысында өткізілді, оны Президент Әкімшілігі қолдады. Мен мемлекеттік тіл мәселелеріне бей-жай қарамайтын барлық ақмолалықтарға зор алғысымды білдіремін», – дейді Рауан Кенжеханұлы. Форум барысында тіл мамандарын аса толғандырған оқу сауаттылығының жағдайы сөз болды. Өйткені, соңғы деректер бойынша басқа елдермен салыстыру кезінде де оқу сауаттылығының төмендеп кеткені байқалған. Сондықтан да мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттыру үшін бірінші кезекте түрлі бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуы көздеген мақсатқа жетудің жолы екені атап көрсетілді. Солардың бірі елімізде 2012 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Қазақ тіліне бойлау» жобасының іс жүзінде мемлекеттік тілдің дамуына тигізген ықпалы зор екені айтылды. «Бағдарлама балабақшаларда басталып, одан әрі бастауыш сынып оқушыларына арналып жалғасатын әдістемелік бағдарлама негізінде балалардың ерте жастан-ақ мемлекеттік тілді тереңірек меңгеруіне жол ашады. Жоба аталған салада неғұрлым алдыңғы қатарға аяқ басқан эстониялық әріптестерімізбен ынтымақтастықта басталған еді. Жобаның басты ерекшелігі сол, адамның табиғи тіл шығу кезеңінен бастап қолға алуға негізделген. Қазіргі уақытта жоба экспериментті түрде Талдықорған және Көкшетау қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданылып жатыр. Аталған білім ордаларының 12 сыныбында оқитын балалар осы жоба аясында білім алып жатыр. Жоғарыда аталып өткен «Қазақ тіліне бойлау» жобасының ең маңызды ерекшелігі баланың табиғи жолмен дамуына жол ашады. Әрине, тілдің шұбарланбай тиісті деңгейде қолданылуы жайлы қоғамда түрлі пікірлер туындап жатады. Біз бұл орайда ешқандай жаңадан велосипед ойлап тапқан жоқпыз. Тек өзіміздің атап айтқанда Нәзипа Құлжанованың баланың 3 жасқа дейінгі дамуы, Мағжан Жұмабаевтың психологиясы, Жүсіпбек Аймауытовтың кешенді оқыту негіздеріне сүйене отырып осы әдісті елімізде қолданудың жолдарын бейімдеп жаңа инновациялық үлкен бір жоба ретінде модельді апробациядан өткіздік, – дейді Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының ортақ сарапшысы Қаламқас Бәйкенова. Форум кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін дамыту мақсатында жоғарыда аталған жобалардың маңыздылығы аталып, оны жүзеге асырудың тиімді жолдары көрсетілді. Шараның негізгі бөлімі «Болашақ» сарайында басталып, кейіннен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде шеберлік сағаттарымен жалғасты. Форумның негізгі көздеген мақсатына сай, қазақ тілі мен әдебиеті ұстаздарының кәсіби біліктілігін жоғарылату, оқыту әдістемелерін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуеттерін дамыту мәселелері толығырақ талданып, пән мұғалімдеріне ауадай қажет болатын әдістемелер мен нақты құралдар ұсынылды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


