Қазақстандағы компаниялардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бүгінгі басты міндеттердің бірі болып отыр. Мұндай үрдіс орнықты даму мақсаттарына қолжеткізуде ESG қағидаларының еленбейтінін көрсетеді. Бұл жағдай кәсіпорындармен бірге, тұтас елдің экономикасына, беделіне және қаржылық тұрақтылығына түрлі деңгейде қауіп төндіреді.
Жуырда Парламент Сенатында палата спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның кезекті отырысында осы мәселе көтеріліп, жан-жақты талқыланды. ESG қағидалары – экологиялық, әлеуметтік және басқару мәселелерді қамтиды. Олардың енгізілуі Орнықты даму мақсаттарына қолжеткізуде маңызды рөл атқарады. Нақты айтқанда, аталған қағидалар бизнеске белсенді қатысу тәжірибесін қарастырады. Қазіргі таңда Қазақстанда оларды өндіріске енгізу мүмкіндіктері мен перспективалары туралы бірыңғай түсінік жоқ. Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 88 пайызы бұл қағидаларды білмейтін болып шықты. Компаниялардың жартысында орнықты дамудың осы саласына жауаптылар жоқ. Бұл үрдіс халықаралық тәжірибеге қайшы. Жиында айтылған әңгімеден түйгеніміз, бүгінгі көшбасшы компаниялар үшін ESG қағидаларының ең басымдылыққа иесі – басқару бағыты екен. Яғни, 88 пайызында бұл тәжірибе өзекті. 66 пайызында адам құқықтарын қорғау тұрғысынан әлеуметтік, ал 38 пайызында экологиялық қағидалар негізгі ұстаным. Көріп отырғанымыздай ESG-қағидаларының ішінде экологиялық факторға қатысты мәселе назар аударуды қажет етеді. Бүгінгі таңда еліміздегі электр энергиясының 70 пайызын шығаруда көмір қолданылады. Ал, электр станцияларының 56 пайызы тозған, олардың басым бөлігі ескі технологиямен жұмыс істейді. Қазақстан 2016 жылы қол қойылған Париж келісімі бойынша міндеттемелер алған, оның шеңберінде 2030 жылға қарай парниктік газдарды 1990 жылғы деңгейден 15 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде жаңартылатын энергия көздері арқылы энергия өндіруді арттыруды талап етеді. Өкінішке қарай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жаңартылатын энергияның үлесі өндірілген электр энергиясының шамамен 6 пайызы ғана болды. Жиында сөз алған «KAZENERGY» қауымдастығының атқарушы директоры Ләззат Ахмурзина экологиялық қағидаттарды енгізудің қиындығына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде бір жағынан, қоршаған ортаға әсерді азайту үшін энергияны тұтынуды азайту қажеттігі, екінші жағынан, халық санының өсуі, урбанизация, жаңа өндіріс пен көліктің ұлғаюына орай энергияға сұраныс артып қарама-қайшылықты жағдай туындатып отыр. Жиында сөз алған сенатор Сүйіндік Алдашевтің айтуынша бұл көрсеткішті арттыру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды заңнамалық реттеу, оның енгізілуін ынталандыру тетігін жасау, кедергілерді алып тастау, жаңартылатын энергия көздерінің заманауи технологияларын трансферттеу мәселелерін шешу қажет. ESG-нің екінші факторы – әлеуметтік қағаидатқа қатысты да шешімін күткен мәселе көп. Әлемдік экономика көрсеткендей, ESG қағидатын ұстанатын компаниялар өз қызметкерлері үшін жоғары әлеуметтік жауапкершілік алған. Бұл қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әділ еңбекақы төлеу, тең құқықты қолдау және жұмыс күшін әртараптандыруды қамтиды. Олардың оң шешілуі жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың бірден-бір мүмкіндігі. 2021 жылы Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тетіктерін заңнамалық реттеу және жүйелеу мақсатында «ҚР заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Бұл құжатты бизнестің жауапкершілігі бойынша ESG қағидаттарын енгізудің алғашқы қадамы деп санауға болады. Бірақ онда халықтың әлеуметтік осал топтары санаттарын тартатын бизнес субъектілеріне ғана мемлекеттік қолдау шараларын көрсету көзделген. Негізінде халықтың әлеуметтік осал топтары ғана емес, қызметкерлердің барлық санаттарына қатысты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін заңнамалық реттеуді одан әрі жетілдіру қажет. ESG үшінші факторы бойынша корпоративтік басқаруға қатысты назар аударатын мәселе – компаниялар бұл қағидатты енгізуге мүдделі емес. Мәселен, бүгінгі таңда корпоративтік басқару қағидаттарын міндетті түрде сақтауға бизнестің 63 пайызы ғана дайын екен. Ал, әлемде ESG стандарттары барған сайын басымдыққа ие болуда. Қазақстанда ESG қағидаттарын енгізу мемлекет тарапынан ынталандыру болмағандықтан қиын. Әлемдік талапқа сай болу үшін алдағы уақытта жаңа Салық кодексінде ESG қағидаларын белсенді енгізетін компаниялар үшін ерекше жағдайлар қарастырылуы керек. «Жасыл қаржыландыру» да маңызды мәселенің бірі. Сондықтан Парламент депутаттары мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірге «жасыл қаржыландыру» үшін барынша тиімді заңнамалық негіздер ойластыруы тиіс. Жалпы, қазіргі таңда ел бизнесті орнықты дамыту мақсаттары мен принциптері және ESG стандарттары туралы көп біле бермейді. Осыған байланысты бизнесті ақпараттық және әдіснамалық тұрғыдан жүйелі қолдау қажет.
А. ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


