Биыл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алғанына 7 жыл толады. Қазіргі таңда ол тұрғындар санының жылдам өсуі жағынан екінші орында тұр. Сол себепті қаладағы ауыз су, кәріз және электр қуаты жүйелерінің сапасын арттыру үлкен жұмыстарды талап етуде.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлының айтуынша, Шымкенттегі 81 шағын ауданның бәрі электр қуатымен қамтылған. Қаладағы электр энергиясын тұтыну көлемі 360-420 МВт аралығында. Қаланың энергетикалық инфрақұрылымы да тұрақты даму үстінде. Қалада 6 917 км электр желісі, 45 қосалқы станция және 2 434 трансформатор бар. Электр желілерінің жартысынан көбі коммуналдық меншікте болса, қалғаны «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС меншігінде. «2024 жылы қаладағы 8 нысанның құрылысы жүзеге асырылды. Оның ішінде 1 қосалқы станция және 7 ішкі орамдық жүйе бар. Нәтижесінде 14,7 мың адам сапалы электр қуатына қосылды. 2025 жылы тағы да 8 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. Бұған қоса, қаладағы жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында қаржы бөлініп, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталмақ. Алдағы жылдары қалада 7 жаңа қосалқы станцияның құрылысы жоспарланған. Олар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қала тұрғындары үшін сапалы коммуналдық қызмет көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жақсы. Су, кәріз және электр қуатымен қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру бойынша жоспарланған жұмыстар жүзеге асқан жағдайда, Шымкент қаласы тұрғындары сапалы қызмет ала алады. Бұл – қаланың болашақ дамуына негіз болатын, өте маңызды қадамдардың бірі», – дейді Сәрсен Абайұлы. Қала әкімі орынбасарының сөзіне қарағанда, коммуналдық қызметтің түйткілді мәселелері жеткілікті. Мәселен, шаһардағы 81 шағын ауданның қазіргі таңда тек 26-сы ғана кәріз жүйесімен толық қамтылған. Қала аумағындағы 1135,1 шақырым құбыр желісінің 672 шақырымы «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына, 463,1 шақырымы «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не қарайды. Алайда кәріз жүйелерінің 73,52 пайызы тозған. Қаланың кәріз жүйесіндегі тозуды төмендету үшін 2025–2026 жылдары 23,5 шақырым кәріз желісін ауыстыру жоспарлануда. 2024 жылы 10 нысанның құрылысы жүзеге асырылды. Оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторы және 8 ішкі орамдық жүйе бар. Бұл жұмыстардың нәтижесінде кәріз жүйесімен қамтылған аудандардың үлесі 65-тен 70 пайызға артты. 2025 жылы тағы да 8 нысанның құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Базарқақпа тұрғын алабына кәріз жүйесінің құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Қаладағы 81 шағын ауданның 60-ы толық газбен қамтылған, 20-сы газға жартылай қосылған, тек Айкөл шағын ауданы ғана әлі табиғи газ жүйесіне қосылмаған. 2024 жылы 15 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оның 9-ында құрылыс аяқталды. Соның нәтижесінде 90 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылып, қаладағы газбен қамту деңгейі 96-дан 97 пайызға артты. Шымкенттегі 6714 көшенің 51,7 пайызы немесе 1 343-і ғана жарықтандырылған. 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш 14 пайызды ғана құраған болатын. Биыл қаладағы барлық көше жарық шамдарымен қамтылмақ. Бұл қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, көше мәдениетін жақсартуға мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы 838,6 шм жылу құбыры желісінің 152 шақырымын магистралды, 686,6 шақырымын ішкі орамдық жылу жүйелері құрайды. Жылу жүйелерінің тозу деңгейі биыл жыл басында 37% құрады. 2024 жылы жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету үшін қала бюджетінен 2,4 млрд теңге бөлініп, бұл қаражатқа қаланың ішкі орамдық 29,4 км жылу желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жылу жүйесін жаңғыртуға арналған ірі жобалар да іске асырылуда.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»