7–10 тамыз аралығында Макао қаласында мектеп оқушылары арасындағы ең ауқымды – FIRST LEGO League Asia Open Championship халықаралық робототехника чемпионаты өтеді. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 9 команда бақ сынайды. Командалар ұлттық жоба аясындағы жаңа форматтағы «Келешек мектептері» желісінің оқушыларынан құрылған.
Ұлттық құрамаға Шымкент, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Түркістан және Қызылорда облыстарынан оқушылар енді. Барлығы да ел ішіндегі іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, инженерлік, бағдарламалау бойынша жоғары дайындықтарын дәлелдеді. Енді жас қазақстандықтар әлемнің 30 елінен келген 500 командамен бәсекеге түсіп, 12 мың көрерменнің алдында үздіктер атағына таласуға дайын.
Бұл еліміздің білім беру жүйесі үшін маңызды белес.
«Бүгінде елімізде 300 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа форматтағы 128 мектеп салынды. «Келешек мектептерінің» заманауи STEM-зертханалармен жабдықталуы – әр өңірдегі оқушылардың инженерлік әрі ғылыми әлеуетін дамытуға жол ашты. Нәтижесінде, олар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар ретінде қалыптасып келеді», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.
Алматы қаласынан шыққан жаңа форматтағы мектеп командаларының жуырдағы жетістіктері де ерекше атап өтуге тұрарлық. Қытайдың Санья қаласында өткен World Robot Contest Championships жарысында олар FIRST Tech Challenge санатында Point және Almaty RobKz командалары Connect Award және Promote Award марапаттарын иеленіп, Қазақстанның жоғары деңгейдегі дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Макаодағы чемпионат қатысушылар үшін тек техникалық сын ғана емес, мәдени алмасу, әлемдік тәжірибе жинақтау және халықаралық ынтымақтастықтың мүмкіндігі болмақ. Биылғы жарыс тақырыбы мұхит пен су ресурстарын зерттеуге арналған. Қазақстандық оқушылар осы бағытта өздерінің инженерлік шешімдері мен ғылыми жобаларын ұсынады.