«Келешек мектептері» ­- заманауи білім берудің озық үлгісі

Жұртшылық арасында әлі күнге дейін «Жайлы мектеп» пен «Келешек мектебі» жобасын шатастыратын тұрғындар аз емес. Кейбірі тіпті бұл ауыл мен қаладағы білім беруде теңестірудің орнына одан ары алшақтата түседі деп ойлайды. Шындығында бұл жобаның алдына қойған басты мақсат-міндеті заманауи білім берудің озық үлгісін қалыптастырып, білім беру мекемелерін теңестіруге қолайлы жағдай туғызу. Сондықтан жұртышылықтың ұсыныс-тілегі бойынша «Жайлы мектеп» атауы былтыр «Келешек мектебі» деп өзгертілді.

Жалпы бұл мəселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2022 жылғы жолдауында көтеріп: «орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Əрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы жəне үш ауысыммен оқитын мектеп мəселесін толық шешеміз. Бұл ауыл жəне қала мектептерінің айырмашылығын едəуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет жəне əкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек» деген болатын. Ал былтыр «Білім келешегі: адал азамат, кəсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артып, осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылғанын айтты. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланған. Қазір оның 128-і салынып, бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп ашылғанын жəне тағы 30-ға жуығы салынып жатқан хабарлады. Осы арада айта кететін бір жағдай бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынды. Жаңа форматтағы мектептер заманауи сəулетімен жəне тиімді жоспарланған инфрақұрылымымен ерекшеленеді. Олардың жалпы ауданы типтік мектеп ғимараттарымен салыстырғанда 15-20 пайызға кең, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Өңірлердің қажеттілігіне қарай жоба аясында 300-ден 2500 орынға дейінгі əртүрлі сыйымдылықтағы мектептер салу қарастырылған. Бұл ретте аумақтардың климаттық жəне инфрақұрылымдық ерекшеліктері де ескеріледі. Барлық мектептер заманауи жиһазбен жəне құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш жəне жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілуде. Мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда. Сондай-ақ «Келешек мектептері» алғашқылардың бірі болып жасанды интеллектті пайдалану арқылы оқыту əдістерін енгізуде. Мəселен, Астана қаласындағы №107, №101, №99 жəне №104 мектептер базасында апробациядан өтіп жатқан жобада жасанды интеллект мұғалімдердің күнделікті жұмысын оңтайландыруға пайдаланылады. Ондағы педагогтар отандық жасанды интеллект құралдары – Roqed AI, Kashgari жəне Stem-solutions, Kahoot платформаларын пайдалануда. Бұдан бөлек мұғалімдерге бақылау жəне тест нəтижелерін автоматты түрде бағалауға «RobotAI» көмектесіп, оқушылардың материалды өз бетімен əзірлегенін немесе жасанды интеллектті пайдаланғанын анықтау үшін «Google Past» жүйесі қолданылады.

Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»

Қос дипломнан – жаңа белеске: Еуразия ұлттық университеті мен Наньнин педагогикалық университеті Қытайда бірлескен институт ашты

Қытай Халық Республикасындағы Наньнин педагогикалық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы...

Профилактикалық тексеру

Алматы қаласы Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесінде...

Сот отырысын ұйымдастырудың маңызы мен тәртібі

Сот төрелігін жүзеге асыру – кез келген құқықтықмемлекет жағдайында...

INTEGRA CITY представляет AI-технологии для экосистемы цифрового управления городами на GITEX Africa 2026

Международная группа компаний INTEGRA CITY принимает участие в выставке...