Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) ең алғашқысы – «Кедейлікті жою», ол 2030 жылға дейін жер бетіндегі кедейлікті толықтай жоюды көздейді. Бұл мақсат барлық адамдардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, теңсіздікті азайту және әлеуметтік әділеттілікті орнату арқылы орындалады. Кедейлікті жою –тұрақты даму мақсаттары орындалуы үшін іргелі қадам болып табылады, себебі кедейлік қоғамның барлық саласына теріс әсер етеді.
Әлемде әлі күнге дейін шамамен 700 миллионға жуық адам күніне 2,15 АҚШ долларынан аз қаражатқа өмір сүреді. Әсіресе, Африка, Оңтүстік Азия және Латын Америкасы елдерінде кедейлік деңгейі жоғары. Соңғы жылдары COVID-19 пандемиясы, климаттық өзгерістер және экономикалық дағдарыстар кедейлікті азайтуға жасалған көптеген күш-жігерді тежеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы білім алушыларымен осы өзекті мәселені дөңгелек үстелде талқыладық.Студенттер өз ойларын айтып,кедейліктен қалай шығуға болатынын айтып өтті.Бірнеше фактормен мысалдар келтіріп өтті:
1.Абсолютті кедейлікті жою
Әлемнің барлық өңірлерінде күнкөріс минимумы деңгейінен төмен өмір сүретін адамдардың санын азайту.
2.Әлеуметтік қорғау жүйелерін жетілдіру
Халықтың ең осал топтары, әсіресе әйелдер, балалар, қарттар мен мүгедектер үшін әлеуметтік көмек көрсету бағдарламаларын кеңейту.
3.Қаржылық және экономикалық мүмкіндіктерді арттыру
Кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік беру үшін халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және білім беру салаларын дамыту.
4.Төтенше жағдайларға қарсы төзімділік
Табиғи апаттар, экономикалық дағдарыстар және пандемия сияқты форс-мажорлық жағдайларға жауап беру жүйелерін күшейту.Шара барысында студенттер кедейліктің негізгі себептеріне де тоқталып өтті.
1. Экономикалық теңсіздік
Табиғи ресурстар мен қаржының әділетсіз бөлінуі. Бай және кедей елдер арасындағы айырмашылықтың ұлғаюы.
2. Білім мен денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігі
Сапалы білім мен медициналық қызметтерге қолжетімділіктің болмауы кедейлікті одан әрі тереңдетеді.
3. Климаттық өзгерістер
Құрғақшылық, су тасқыны және басқа да табиғи апаттар көптеген адамдарды кедейлік шеңберіне итермелейді.
Білім алушылармен талқылау барысында Қазақстанда кедейлікті азайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқандығы жайлы айтып өттік. Соңғы жылдары «Еңбек», «Бақытты отбасы» және «Әлеуметтік қамсыздандыру» сияқты мемлекеттік бағдарламалар іске қосылды. Еліміздегі кедейлік деңгейі басқа дамушы елдерге қарағанда төмен болғанымен, ауылдық аймақтар мен қала маңындағы кедейлік мәселелері әлі де өзекті.
Кедейлікті жою – адамзат үшін маңызды миссия. Бұл тек қаржылық мәселелерді шешу ғана емес, ол теңдікке, әділеттілікке және адамның қадір-қасиетін құрметтеуге бағытталған қадам. Әлемдік деңгейде тұрақты даму мақсаттарына жету үшін барлық елдер мен ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Кедейліксіз қоғам – тек арман емес, нақты жоспар арқылы қол жеткізуге болатын болашақ.
Базартаева Е.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушысы