Сот жүйесіндегі биылғы жылдың басты жаңалығы кассациялық соттардың құрылуы болып отыр. Құқықтық жүйедегі әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етуде бұл өзгерістің маңызы зор болып отыр. Сот шешімдерінің заңдарға сәйкестігін тексеру және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін кассациялық соттар қоғамдағы әділ шешімдердің қатарын арттыра түсетіні даусыз.
Кассациялық соттың ерекшеліктері:
Осы орайда айта кетсек, кассациялық сот тек заң нормаларының дұрыс қолданылуы мен түсіндірілуіне қатысты мәселелерді қарайды. Бұл сот процесінің тиімділігі мен сапасын арттырады деп күтіліп отыр. Кассациялық соттың шешімі заңды күшіне енген соң қайта шағымдануға жатпайды, бұл құқықтық тұрақтылық пен сенімділікті қамтамасыз етеді. Кассациялық сот құқық қолдану тәжірибесін біріздендіруге және заңнаманы түсіндіруде нақты бағыттар беруге ықпал етеді. Бұл кейінгі сот істерінде негіз болатын маңызды құқықтық ережелерді қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда кассациялық соттың тиімділігі қоғамда құқықтық мәдениеттің артуына, азаматтардың сот жүйесіне сенімінің нығаюына ықпал етеді. Бұл сот жүйесінің тұрақтылығы мен әділеттілігін қамтамасыз ететін маңызды институт.
Әділетті Қазақстан құру жолында атқарылып жатқан шаралар негізінде кассациялық соттарды құру қажеттіліктен туындап отырған қадам.
Қазақстанда енгізіліп жатқан кассациялық соттар – сот жүйесін жаңғыртуға арналған жаңа саты болмақ. Олардың негізгі міндеті – әділдікті қамтамасыз ету, заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ апелляциялық соттардың шешімдерін қайта қарау мүмкіндігін ұсыну. Қазіргі уақытта, бірінші сатының шешіміне көңілі толмаған тараптар апелляциялық алқаның шешімінде тоқтай қоймайды. Тараптар кассациялық алқаның шешіміне үміттеніп, Жоғарғы Сотқа шағымданады.
Сондықтан қазіргі таңда кассациялық соттарды құру уақыт талабы болып отыр. Кассациялық сот – құқықтық жүйенің ажырамас бөлігі. Оның шешімдері қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтып қана қоймай, сот жүйесінің әділдігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соңғы және түпкілікті кепілі болып табылады.
Алмабекова Кулмира Абиловна
Әуезов аудандық сотының судьясы