– Қор нарығында қазір қандай халықаралық трендтер бар?
– Алина Өтемісқызы, қазіргі уақытта биржалардың сауда-саттықты жетілдіру, тәуекелдерді азайту және қатысушылардың қор нарығына тиімді қол жеткізу мақсаттарында цифрлық трансформацияға көшуін әлемдік тренд деп атауымызға болады. Биржалар бизнес-процестері мен үлгілерін қайта пішімдеп, жасанды интеллектіні қолдану өрісінің артуына байланысты жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізуде. Биржалардың технологиялық дамуына роботтандыру мен бұлтты есептеулерді жаппай енгізу жағдайы әсер етеді. Осылайша, көптеген акция нарықтары инвесторлардың портфельдерін қамтамасыз ету және кенеттен болған дағдарыстар мен күтпеген дефольттар тәуекелдері туындаған жағдайда шұғыл әрекет ету мүмкіндігіне байланысты есептеулердегі кідірістерді қысқарту үшін Т+1 қысқа кезеңін қолдануға ұмтылады. Бұл тәжірибе кейбір нарықтарда криптовалюта биржаларының жинақталған тәжірибесі және цифрлық технологияларды қолдану есебінен әртүрлі активтерді басқару кезінде қолданылады. Т+1 есептеулеріне көшу үшін сауда-саттықтың жаңа жағдайларын құру және капитал нарықтарында таратылған тізілім технологияларын енгізу қажеттілігі туындайды, оның ішінде қолмен жасалатын операцияларды автоматты процестерге ауыстыру, бұл болашақта Т+0 есептеулерге көшуге мүмкіндік береді.
– Соңғы уақытта инвестицияларды қолдануға қолжетімділікті кеңейтуіне, оны делдалдардың аз санымен мәмілелер жасау кезінде ашық және қауіпсіз етуіне және уақыт өте келе әлемдік ЖІӨ-нің өсуіне айтарлықтай әсер етуіне байланысты блокчейнге негізделген активтерді токенизациялау тақырыбы да өзекті болып, жанжақты зерттелуде ғой?
– Қаржы құралдарын токенизациялауда блокчейн технологиясын енгізудің артықшылықтарына қарамастан, халықаралық рейтинг агенттіктері цифрлық облигацияларды бағалау кезінде туындайтын бірқатар тәуекелдерді атап өтті. Олардың қатарында: жүйенің бір немесе бірнеше компоненттері істен шыққан кезде платформа жұмысының үздіксіздігінің болмауын, дизайндағы қателіктер және қателерді түзетудің мүмкін болмауын, платформада токендермен алмасу кезінде базалық активке меншік құқығының берілмеу мүмкіндігін атап өтуге болады. Киберқауіпсіздіктегі осал жерлердің болуына және кредиторлар үшін белгісіздікке байланысты ойын жүргізудің реттеуші қағидаларын енгізу қажеттілігі туындады.
– Бүгінгі таңдағы аса маңызды мәселе осы нарықтың тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық негіздер мен стандарттарды әзірлеу болып отыр ма?
– Сондықтан биыл олардың бизнес-логикасының түрлі аспектілерін ескере отырып, цифрлық облигацияларды немесе цифрлық активтердің басқа да түрлерін сәтті шығару үшін лицензиялау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қоса алғанда, реттеуші ұйымдармен заңнамалық аспектілер бойынша белсенді жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз. KASE DIGITAL жобасын жоспарлаған алғашқы іске қосу Қазақстанның қор нарығында жаңа цифрлық құралдарды біркелкі енгізуге және бейімдеуге мүмкіндік береді. Токенизацияланған активтер саудасын іске қосу жобасынан басқа, біз бұлттық технологияларды, жасанды интеллект пен роботтандыруды пайдалану арқылы қолданбалы тиімділікті арттыруға бағытталған технологиялық дамуымыздың шеңберінде бірқатар инновациялық пилоттық жобаларды қарастыру жоспарын қолға алдық.
– Бизнес-процестерді роботтандыру технологияларын (RPA) енгізу саласын да назарға алып, биржаның жұмысына роботтарды қосу бойынша пилоттық жобаны іске қосқан екенсіздер.
– Роботтандыру технологияларын пайдалану күнделікті міндеттерді автоматтандыру арқылы биржа қызметкерлерінің тиімділігін арттыруды көздейді. Пилоттық жоба сәтті болып, жақсы нәтиже көрсеткен жағдайда, біз аталған технологияны компанияның барлық бөлімшелерінде қолдануды жоспарлап отырмыз. Осыған қоса біз биржаның бизнеспроцестерінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуді зерделеу үшін талдамалық зерттеу жүргіземіз. Бұл зерттеулер жасанды интеллектінің қолданылуын талдайтын бірнеше бағыттарды қамтиды. Талдамалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жасанды интеллект технологияларын пайдалану бойынша пилоттық жобаларды жүргізу, содан кейін оларды биржа процестеріне имплементациялау жоспарлануда. Сонымен қатар, биржа сенімділіктің, өнімділіктің және ақауларға төзімділіктің барлық қажетті өлшемшарттарын қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, компанияның IТ-инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөледі. Биржаның іске асырылған метрокластері, Алматы қаласының аумағындағы алаңдарында бұрын енгізілген ақауларға төзімділік пен қолжетімділікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру бойынша жобаның соңғы кезеңін өткізу жоспарлануда. Компания Астана қаласында орналасқан дата-орталықты жалпы контурға қосу арқылы IТ-инфрақұрылымның георезервтік алаңы жобасын іске асыруды жоспарлап отыр.
– Биржаның 2024 жылы қор нарығын дамытуға бағытталған қандай жоспарлары бар?
– Биржаның 2024 жылға арналған даму стратегиясын іске асыру шеңберінде KASE маркет-мейкерлерді тарту есебінен нарықтардың өтімділігін арттыруды, бөлшек инвесторлар санының өсуіне тікелей ықпал етуді, деривативтер нарығында жаңа валюта жұптары мен қаржы құралдары бойынша сауда-саттықты ашуды, KASE Global секторын жетілдіруді, қатысудың клирингілік сертификаттарымен сауда-саттықтың белсенділігін арттыруды және корпоративтік облигациялар нарығын дамытуды жоспарлап отыр. ESG қаржыландыру секторын дамытуға баса назар аударылмақ. Сонымен қатар, биржа мерзімді нарықтың қарқынын арттыру, деривативтер нарығы мен туынды бағалы қағаздар нарығына әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында құралдар желісін кезең-кезеңімен кеңейтуді жүргізеді. Биржалық өнімдер мен қызметтерді көрші нарықтарға тарату, атап айтқанда KASE сауда-саттық тізімдеріне өңірлік биржалардың бағалы қағаздарын енгізу, MarketData жаңа өнімдерін әзірлеу және тарату үшін халықаралық биржалармен ынтымақтастық, сондай-ақ клирингілік қызметтер мен Орталық контрагенттің қызметтерін едәуір кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.
– 2024 жылы биржаның еншілес ұйымы – KASE клиринг орталығына берілген орталық контрагенттің қызметін ESMA талаптарына сәйкес келтіру және рейтингтік бағалаудан өту де жоспарланған деп естіген едік.
– Рас. Биыл Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде орталық контрагентті ұлттық реттеуді European Securitiesand Markets Authority (ESMA) реттеуіне тең деп тану бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақын арада KASE ақпараттық өнімдерді пайдалану ыңғайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында нақты уақыттағы биржалық ақпаратты, мұрағаттық және анықтамалық деректерді қамтитын KASE-нің жаңа сайтын іске қосуға ниетті. Сервистерін дамыту шеңберінде биржа IRIS Web-терминалы модулін жетілдіруді, ақпараттық өнімдердің жаңа түрлерін қайта құрылымдауды және енгізуді жалғастырады, осы бағытта жеке және корпоративтік пайдаланушылармен жұмыс жүргізуге баса назар аудару жоспарланды. Биржа ESG облигацияларын шығару инфрақұрылымын жетілдіру, жаңа ESG қаржы өнімдерін енгізу, ESG қағидаттары форматы бойынша ақпаратты ашу стандарттарын дамыту, сондай-ақ өз алаңында «жасыл», әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін мүмкіндіктер ашу арқылы орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуді жалғастырады. Ұйымдастырылған нарықта кәсіпкерлікті қаржыландыру шеңберінде Биржа «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚмен 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ШОБ сегменті мен ірі бизнестің эмитенттерін қор нарығына тарту бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


