– Кабира Мұхамедсағиқызы, соңғы кездерде сот саласында болып жатқан жаңашылдықтар мен өзгерістер жайлы не айтасыз?
– Тәуелсіздік жылдарынан бері сот саласында үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Мемлекеттің құқықтық жүйесі толықтай жаңашылдыққа бет бұрды. Судьялар корпусы қайта жасақталды, ҚР заңдарына заманға сай толықтырулар мен өзгерістер енді, одан өзге де жаңа заңдар қабылданды. ҚР Қылмыстық, Азаматтық процестік кодекстері мен «Медиация туралы» заңды, тағы басқа көптеген заңдарды айтпағанның өзінде жақында ғана Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Мұның бәрі сот саласы жұмысының алға ілгерілегенін көрсетеді. Сандық жүйенің енгізілуі судьялар жүктемесін азайтты, халыққа қолжетімді бола түсті. Сот кабинеттерінің қайта құрылымдалуы, сотқа дейінгі татуласулар осының дәлелі. Егіндікөл аудандық соты да мұндай жаңашылдықтардан шет қалып жатқан жоқ. Уақыт көшімен бірге дамып, жетіліп, түрленіп, біліктілігін арттырып келеді.
– Әңгіме басында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң жайлы айтып қалдыңыз. Бұл заң қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам болып есептеліп жатыр. Осы мәселеге қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Бұл ретте басты жаңалық деп тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыс қатарына жатқызуды, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаның қатайғанын және тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кеңейту артықшылығын айтуға болады. Атап айтатын болсақ, бұрын зайыбын, туыс-жақындарын ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендер Әкімшілік құқық бұзушылық бабымен жауапкершілікке тартылатын. Жаңа өзгерістер бойынша бұл тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық ісінде дәлелдеме жинау міндеті жәбірленуші адамдарға емес, полиция бөліміне жүктелген. Бұл өте жақсы, өзі таяқ жеп, зардап шеккен адамға, дәлелдеме іздеу қиынға соғады. Бұрын осы тектес істер тек жәбірленушінің арыз жазуымен ғана хаттама толтырылатын, ал қазіргі өзгеріс бойынша, жәбірленуші тарапынан арыз күтпей-ақ, кез келген мәлімдеме, ақпарат негізінде тұрмыстық зорлық-зомбылықты тіркеуге міндетті. Бұл ретте интернет желісінде осыған ұқсас хабарлама болса, полиция көңіл бөліп, тексеру керек. Бұрынғы заң бойынша тараптарды бірнеше рет татуластыруға болатын еді. Енді жаңа заңда құқық бұзушыны жәбірленушімен бір рет қана татуластыруға болады. Бірнеше рет ұрып-соқса немесе денсаулығына жеңіл зиян келтірсе құқық бұзушының татуластыру жолымен жазасын жеңілдетуге рұқсат жоқ. Кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық жасалатын болса жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынған және татуласуға мүмкіндік берілмейді. Денсаулыққа қасақана ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіргендерге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынған. Бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетсе өмірлік бас бостандығынан айыру жазасы енгізіледі. Кәмелеттік жасқа толмағандарды ұрлағандар, оларды заңсыз бас бостандығынан айырғандардың да жазасы қатайды. Жасөспірімдерді жәбірлегендердің, буллинг, кибербуллинг жасау арқылы балаларға теріс әсер еткендердің әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны алғаш рет қарастырылған. Білім мекемелері кәмелеттік жасқа толмағандарға жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекет болса, құқық қорғау органына хабарлауға міндетті. Талапты орындамаса жаза қолданылады. Балаларды қоғамдық көліктен түсіруге тыйым салынады. Адамды өзін-өзі өлтіруге итермелеп не адамның өлміне себепші болса 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Суицидті насихаттағандарға 200 АЕК айыппұл көзделген. Бұл заңның осындай артықшылықтары бар. Қай қоғам болсын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қатаң айыптайды.
– Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы сот саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қандай? Жалпы, сот тәжірибесіндегі тіл ахуалына да тоқталсаңыз.
– Ел Конституциясының 7-бабында Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі, деп көрсетілген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу, іс қағаздарын жүргізу тілі» деп тұжырымдалған. Олай болса бүгінгі мемлекеттік тілге қатысты заң шығарудың деңгейі қандай? Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізудің тетіктері толығымен қамтамасыз етілген бе? Дәл осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп, өз көзқарастарымен бөлісіп жүрген әріптестерімді қолдаймын. Мысалы, Азаматтық процестік кодексте (14-бап) «Сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайда басқа да тілдер қолданылады. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді» делінген. Қылмыстық-процестік кодексте (30- бап) «Қылмыстық сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі. Қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады», деп жазылған. Ал Азаматтық процестік кодексте (91-бап) сарапшының құқықтары мен міндеттерінде «ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге құқығы бар» делінген. Осыған сүйенген сарапшылар қорытындыны көбіне орыс тілінде береді. Соның салдарынан сотта іс қараудың барысында мемлекеттік тілде аударма жасау қажеттілігі туындайды. Сонда сарапшы маман мемлекеттік тілді білмейтін басқа ұлт өкілі болса қорытынды сол тілде берілуі керек пе? Бұл жерде аталған баптағы норманың Конституцияның 7-бабы және ҚР «Тіл туралы» заңның 4-бабындағы талаптардың орындалуына кереғар екені аңғарылады. Мұндай қайшылықтарды жою үшін сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту үшін (оны қолдану мен дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес) сот органдарында біршама жұмыстар атқарылды. Қазір Тілдерді дамыту саласындағы 2020–2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Сот ісіне қатысты прокуратура және полиция органдарындағы дайындалатын құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі ақпараттық құжаттардың тілін де мемлекеттік тілде талапқа сай әзірлеу шешімін тапты. Мемлекеттік тілге қатысты кез келген мәселені ұсақ-түйек деп қарамай, оған маңыз беріп, жіті көңіл бөлген орынды. Бүгінгідей алмағайып, әлемдік жаһандану үрдісі белең алған заманда қазақы жайбасарлығымыз бен тәубешілдігімізден арылатын уақыт жеткен сияқты. Тарихи уақыттың шапшаңдығына ілесу үшін – бүгінгі тындыратын ісімізді ертеңге шегеруге болмайды. Біздің ұлтымыз үшін өткен уақытта кеткен есемізді толтыру бірінші кезектегі мәселе болып қала береді деп ойлаймын. Ол үшін әр саланың басында отырған тұлға мемлекеттік тілдің қолданылу аясын пайыздық көрсеткішпен емес, нақтылы атқарылған шаралардың өміршеңдігімен есептеуі қажет. Себебі, мемлекеттік тілдің мәртебесі – тұтас тілдің, елдің мәртебесі. Егіндікөл аудандық сотында барлық құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады. Сырттан келген хаттарға жауап мемлекеттік тілде қайтарылады. Сотта қазақша қаралатын істердің санын көбейту үшін, құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен жиын, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, онда сотқа арызды мемлекеттік тілде жазуға көмектесу, қылмыстық істерді мемлекеттік тілде рәсімдеудің қажеттілігі талқыланады. Судья болғаныма жиырма жыл болды, сонда байқағаным, құзырлы органдар да, адвокаттар да тіл таңдауда өзі жетік білетін орыс тілін таңдайды. Сот отырысында олардан, неге деп сұрасаң, олар заңдардың мемлекеттік тілде аудармасы түсініксіз екенін және өздері орыс сыныбын бітіргендерін айтады. Ауданда тергеушілер мен қорғаушылардың бәрі қазақ, алайда сотқа істерді орыс тілінде жолдайды. Сондай кезде іштей қынжыласың да, тараптардан арыздарын алып, азаматтық және қылмыстық, әкімшілік істерді қазақ тілінде қараймыз. 2024 жылы 5 айдың ішінде, орыс тілінде сотқа түскен азаматтық істердің 43 пайызы қазақ тіліне айырбасталып, шешім шығарылды. Әкімшілік істердің 27 пайызы қазақ тіліне айырбасталып, қаулы шығарылды.
– Жақында сот ғимаратынан мұражай ашыпсыздар, сол туралы айтып берсеңіз.
– Оныңыз рас, жақында тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздер күніне орай Егіндікөл аудандық сотының сот ғимаратында мұражай ашылды. Мұражай мемлекеттік рәміздермен, соттың қызметін баяндайтын құжаттық мәліметтермен, фотосуреттермен және сот жүйесінің даму кезеңін айшықтайтын маңызды құндылықтармен қамтылған. Майдангер судьялармен, бұрынғы төрағалардың суреттері ілініп, өмірбаяндары туралы ақпараттар берілген. Мұражай жыл өткен сайын мәліметтермен толыса береді деп жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз жемісті болсын.
Ж.ҚҰРМАНБАЙ