Жұмыс сапарымен Ақмола облысында болған Премьер-Министр Олжас Бектенов әуелі өңір егіншілерімен кездесіп, дала жұмыстарының барысын тексерді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен пікірлесіп, Макинск қаласындағы құс фабрикасының жұмысын көрді.
Шаруалар
Үкімет басшысы барған «Журавлевка-1» ЖШС-не қарасты шаруашылық қазір майлы дақылдар егуді бастаған. Серіктестік – Бұланды ауданындағы жетекші ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі. Шаруашылық тұқыммен және жанар-жағармаймен толық қамтылыпты. Биылғы егіс алқабы 88 771 гектарды құрайды. Соның ішінде күнбағысқа баса көңіл бөлінген. Аталған дақылға 16 мың гектар жер бөлінсе, оның 4 мыңға жуық гектарына тұқым себіліпті. Сонымен қатар биыл мұнда сұлы, бұршақ, зығыр және рапс өсіріледі. Жалпы алғанда, өңірде көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Қазір ақмолалық диқандар 510 мың гектар алқапқа егін егуде. Сапар барысында Үкімет басшысы өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Жұмыртқа, сүт өнімдері, құс еті, ұн және мал азығын өндіретін «Ижевский» ӨК бас директоры Тимур Жангуразов отандық тыңайтқыштар өндірісінің көлемін арттыру жайлы сауалмен жүгінсе, майлы дақылдар өсіретін облыстың «Журавлевка-1» ірі кәсіпорнының бас директоры Арман Құдайбергенов дизель отынын есептеу нормативтерін арттыру қажеттігін айтты. Ал дәнді, майлы дақылдар, етті бағыттағы жылқы және ірі қара мал өсірумен айналысатын «Ен-Дала» ЖШС директоры Тимур Пшенов ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді инвестициялық субсидиялау бағдарламасына қатысты сауал жолдады. Олжас Бектенов көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіріп, әкімдік пен тиісті министрліктерге аталған мәселелерді бақылауда ұстауды және шаруашылықтарды субсидиялар мен жеңілдікті несиелер түріндегі мемлекеттік қолдаумен барынша қамту жөнінде тапсырма берді. Мұнан соң Премьер-Министр Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасының өндірістік процесімен, алдағы жоспарларымен танысты. Осы жылдың басынан бері құс фабрикасы 18,6 млрд теңгеге 18,7 мың тонна ет өндірген. Мұнда әлемдік өндірушілердің жабдықтары қолданылып, инкубациялау, өсіру, сою және қалдықтарды қайта өңдеуде заманауи технологияларға басымдық берілген. Аталған құс фабрикасы өнімін ішкі нарыққа, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды. Бүгінгі таңда Макинск құс фабрикасынан бөлек, Өскеменде өз өндірісіндегі құс етінен шұжық өнімдері мен деликатестер шығаратын зауыт жұмыс істейді. Сондай-ақ, Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарының аумағында өндірістік қуаты 240 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын ашу жоспарланған. Жоба ТМД-дағы ең ірі жоба болмақ.
Қыс айында қиындық тудырмас үшін
Өңірге арнайы келген Олжас Бектенов Көкшетауда қазандықтарды жаңғыртуға бөлінген 816 млн теңгені игеру бойынша жұмыс жоспарларын да тыңдады. Жылыту маусымына дайындық және инженерлік құрылыстардың, атап айтқанда, Көкшетау қаласының №2 аудандық қазандығының жай-күйімен танысты. Үкімет басшысына Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса энергетика кешені инфрақұрылымының жағдайы туралы баяндады. Бүгінде қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Жылыту маусымына қарсы 6 шақырым коммуникацияны жөндеу жоспарланған, бұл жыл қорытындысы бойынша көрсеткішті 41%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланы «Көкшетау жылу» кәсіпорны жылумен қамтып отыр. Ұйым балансында 4 қазандық бар. Үкімет қаулысына сәйкес, биыл екі жылу көзін – №1 және №2 аудандық қазандықтарды жөндеуге резервтен 816 млн теңге бөлінген. Жаз айларында мұндағы қазандық агрегаттары, конвективтік бөлік пакеттері, қыздыру беттерінің және шикі көмір бункерлерінің ақауларын жою жоспарланып отыр. Олжас Бектенов №2 қазандықтың жағдайын тексерді. Нысан 1998 жылы пайдалануға берілген, 56 мың абонентті жылумен қамтып келеді. Қазандықтың өндірістік шекті қуаты сағатына 300 Гкал-ға жетеді.
Өнеркәсіп өрісі
Бұл сапарда Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын дамытуға күш салу қажеттігін қадап айтты. Үкімет басшысының өзі де Ақмоладағы бірқатар жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындарға барып, құрылыс және жылу оқшаулағыш материалдар, ауыл шаруашылығы және жүк техникасы өндірісімен танысты. Алдымен Премьер-Министр Kazrost engineering Ltd. компаниясы цехтарын аралап көрді. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға маманданған, бағдарламаланатын талшықты-оптикалық лазерлік станоктармен, заманауи табақ ию және құбыр бүккіш станоктармен, жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу аппараттарымен, CББ бар жону-фрезерлік жабдықтарымен және өндіріс процесіне қажетті басқа да құрылғылармен жабдықталған. Зауытта жыл сайын мың комбайн мен мыңға жуық трактор шығарылады. Кәсіпорын астықты өңірлердің бірінде орналасқандықтан өндірілетін өнімге сұраныс жоғары. Негізгі тапсырыс беруші – «ҚазАгроҚаржы» АҚ. Кездесуде компанияның басқарушы директоры Дарын Иманмұсаев өндірісті кеңейту мен ұлғайтуға қатысты жоспарларын баяндады. Алдағы уақытта окализацияны тереңдету және қазақстанды қамту көлемін ұлғайту мақсатында кабиналар, көлбеу камералар мен капоттар өндірісі бойынша қосымша цех салынып, заманауи жабдықтармен жарақтандырылатын болады. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласында машина жасауды дамытуға Үкімет отандық кәсіпорындарды қолдауға ниетті екенін айтты. Мұнан соң Премьер-Министр Макинск жылу оқшаулау зауытында да болды. Кәсіпорын құрылыс индустриясы үшін жоғары экспорттық әлеуеті бар жылу оқшаулағыш материалдар шығарады. Зауыттың бас директоры Жасұлан Мұхаметжан өнім қуатын жылына 34 мың тоннадан 50-55 мың тонна дайын өнімге дейін арттыру үшін словакиялық серіктестерімен заманауи центрифугаларды жеткізу жөніндегі бірлескен жоба туралы айтты. Бұдан өзге жаңғырту аясында қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды қысқарту жоспарланып отыр. Көкшетауда болған Үкімет басшысы керамикалық қаптама кірпіш өндіруші жергілікті ENKI кәсіпорнымен танысты. Бір жыл ішінде өндіріс көлемі 16,5%-ға өсіп, 4,3 млрд теңгеден асты. Биыл қаңтар-ақпан айларында 629 млн теңгенің өнімі шығарылған. Жобалық қуаты жылына 90 млн кірпішті құрайды. «Жалпы, жылына 95 млн-ға жуық кірпіш шығарылады. Қазіргі уақытта зауытта 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Кірпіштер еліміздің түкпір-түкпіріне жіберіледі, мектептер мен тұрғын үйлер салуға да бөлінеді. Бүгінде 120-ға жуық кірпіш түрі өндірілуде. Сондай-ақ, зауытта үлкен блоктар, тротуар плиткалары шығарыла бастады», – дейді «ENKI Plus» ЖШС директоры Мырзабай Әбдіқалықов. Айта кетейік, Ақмола облысында 1290 өнеркәсіп кәсіпорны, оның ішінде 27 ірі, 53 орта және 1210 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл қаңтар-ақпан айларында өңірдің өнеркәсіп өндірісінің көлемі 279,9 млрд теңгені құрап, былтырғымен салыстырғанда 8%-ға ұлғайды. Ал өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,1%-ға өсіп, 204,4 млрд теңгені құраған. Негізі жалпы көлемнің 16,6%-ы машина жасау саласына тиесілі.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


