Қаңтар қақтығысынан кейін қоғамның заңгерлер мен психологтар көмегіне сұранысы өскенін байқадық. Орын алған жағдайға орай, Республикалық адвокаттар алқасы тегін көмек беруді қолға алып, халықпен бірге екенін әу бастан-ақ білдірді. Мұндай игілікті істен психолог, әлеуметтанушылар да шет қалмады. «Өзгерістер агенттері» коучтар қозғалысы – сондай жанашыр жандардан құралған топ. Осы топтың жұмысы жөнінде Анаргүл Баймұқановадан сұраған едік.
– Анаргүл ханым, «Агенты перемен», «Өзгерістер агенттері» қозғалысын құрудағы мақсаттарыңыз не?
– Сіздің бірінші сұрағыңызға жауап бере отырып, қаңтардың алғашқы күндері туралы айтып өтпеу мүмкін емес. Мен отбасыммен Алматыда тұрамын. Түні бойы біздің терезенің жанынан таяқтары, қалқандары, арматуралары бар адамдар өтті. Топтың айқай-шуы әлі құлағымызда тұр. Ал келесі күндері интернет болмады. Мынандай белгісіздіктен кейін бойымызды қорқыныш билегені рас. Сол сәтте, маған және менің отбасыма алаңдап, көмектескісі келген түрлі елдердегі әріптестерім қоңырау шала бастады. Кейбіреулер өз еліне келуді ұсынды.
6 қаңтар күні қаладағы тұман мен тыныштық еңсемізді басты. Жақын жердегі барлық дүкен жұмыс істемеді. Жолдасым екеуміз Әуезов көшесінен төмен түсіп бара жатқанда, бір дүкеннің иесі азық-түлікті жазба арқылы қарызға беріп жатты, өйткені адамдарда қолма-қол ақша болған жоқ. Шевченко көшесінде бір жігіт картоп толы қаптарды асфальтқа жайып, жиналған адамдарға қажетінше жинап алуды ұсынды. «Ақшаңыз болмаса, телефон нөмірімді жазып алыңыз, бәрі қалыпқа түскен кезде төлерсіз», – деді ол. Яғни, мен сол күндері кейбір адамның бойынан батыл шешімге дайын екенін, кейбірінен қорқыныш пен үрейді көрдім. Шындығында әрі қарай не болатыны бәрімізге белгісіз еді. Мұндай сәтте елдің қажетіне жарау, қолдау – бәрімізге парыз.
Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма 30 жыл болды. Бұған дейін жоғары математикадан сабақ бердім, қазір коучингпен айналысамын. Халықаралық коучинг федерациясының (International Coaching Federation, ICF) анықтамасы бойынша, әлемнің 138 елінде 42500-ден астам тәжірибелі, кәсіби жаттықтырушы бар. Коучингтің басты міндеті – клиенттің жаңа білім алуы емес, ішкі ресурстарды ашуы. Қаңтар оқиғасы кезінде маған үздіксіз қоңыраулар түсті. Көпшілігі: «Әрі қарай қалай өмір сүру керек?» «Мына жағдайдан кейін не істерімді білмей қалдым», «Бизнесті қалай алға жылжытамын?», «Үйден шығудан қорқамын, үрейді қалай жеңемін?», «Қазақстаннан кеткім келеді, балаларымның болашағы үшін алаңдаймын», «Мен өз елім үшін бірдеңе жасағым келеді, бірақ не жасайтынымды білмеймін», «Көз алдымда әріптесім көз жұмды, осыдан кейін жұмысқа барудан қорқамын, күш жоқ» деп хабарласып, көмек сұрағандар көп болды.
– Топ құруға көпшіліктің қоңырауы түрткі болған екен ғой.
– Иә, интернет пайда болған сәтте мен әріптестеріме қазақстандықтарды тегін қолдау туралы ұсыныс жасадым. Бұл оңай болған жоқ, өйткені, барлық коучтар тынымсыз жұмыс істейді және өте жақсы ақша табады. Ұсыныстан кейін коуч сессияларын тегін өткізуге келісе ме деген күмән болды. Біз ZOOM-ға жиналып, осындай қозғалысты ұйымдастыру жөніндегі мәселелерді талқыладық. Осылайша «Өзгерістер агенттері» қозғалысы пайда болды. Әлемнің 100-ден аса кәсіби коучтері Қазақстан тұрғындарына, қазақ бизнесіне ақысыз ProBono сессияларын өткізуге қолдау көрсету туралы шешім қабылдадық.
ProBono – бұл қоғамдық игілік үшін. Бір сессияның ұзақтығы 60 минутқа дейін, мақсаты – нақты сұранысты шешуге қолдау көрсету. Әр адаммен немесе кәсіпкермен барлығы 3-4 сессия өтеді.
Командадағы барлық коучтер – еріктілер, кәсіби сертификатталған жаттықтырушылар. Олар бизнес жобалар бойынша кеңес береді, оның ішінде командалық коучинг, бизнес – мониторинг, қолдау, консалтинг, эмоциялық интеллект бойынша коуч, мансаптық коучинг, білім беру ұйымының бағдарламаларында коуч-кеңесші, кәсіби психологтар қажет болған жағдайда дағдарыстардан өту тәжірибесі бар. Міне осындай мамандар азаматтарға тегін көмектесуде.
– Шындығында қақтығыс кезінде шағын және орта бизнес өкілдері аз шығын көрмеді. Психологтар олардың материалдық шығыннан бөлек, бизнесін қайта жүргізуге батылы жетпей жүргенін, жиі көмек сұрайтынын айтады. Әрине, қазір психолог, психиатрлардың кеңесін алу да аз ақша тұрмайды. Былайғы өмірде коучтардың еңбегі қалай бағаланады?
– Күнделікті өмірде олардың кейбіріне бір ай бұрын жазылып, 1 коуч сессияға кем дегенде 200 еуро төлейсіз. Ал біздің қозғалысқа қосылғандар қазақстандықтар үшін коуч сессияларды тегін өткізуге келісім берді. Сол үшін әріптестеріме алғысым шексіз!
Итальяндық психолог Энниофлиано «Ғылымдар мен машиналардың прогресі пайдалы құрал. Бірақ, өркениеттің жалғыз мақсаты – адамның дамуы» дейді. Яғни, коучинг тек өзін дамытып қоймай, басқалардың дамуына көмектеседі. Шамасы, бізге де осындай уақыт келді.
– Сіздерден көмек сұрап жатқандар көп пе?
– Өкінішке қарай, біз тегін жұмысымызды кең көлемде жарнамалап жатқан жоқпыз. Жарнама көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан біздің қозғалыс туралы ақпарат таратып, қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс айтар едік. Біздің қозғалыс туралы толық білмегендіктен, әзірге көмегімізге жүгінушілер аз. Ал кеңес алғысы келгендер болса, кәсіби коучтар жан-жақты қолдау білдіріп, жол көрсетуге дайын.
– Қаңтар оқиғасынан кейін психологтардың жедел желілеріне хабарласушылар саны артқан. Бұл суицидтің көбеюіне алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?
– Әріптестерімнің арасында кәсіби психологтар да бар. Бұл үшін біздің инстаграмдағы @agenty.peremen парақшамыз құрылды. Онда біздің мамандармен байланысу үшін директке жазып немесе парақшаға кіріп таплинкке өте алады. Телеграм каналында да «Өзгерістер агенттері» арнасы бар.
Сонымен қатар, өзге елде тұратын әріптестеріміз де көмектесуге дайын отыр. Дегенмен, өзге елдермен арада уақыт айырмашылығы бар. Мысалы, Барселонада бір психолог тұрады, бізбен 5 сағаттық айырмашылық болғандықтан көмек сұрағандарға бірден жауап бермеуі мүмкін. Бірақ кез келген жағдайда олар әрқашан жауап береді, жазады.
Тағы бір айта кетерлігі коучтар этикалық кодексті сақтайды, сондықтан біз адамдардан келіп түсетін қандай да бір сұраулар туралы жазуға, адаммен болған жағдайларды сипаттауға, тіпті бір-бірімізбен талқылауға құқығымыз жоқ. Бұл бізге жүгінген адамның өзі туралы құпиясы. Сондықтан, қиын жағдайда, күйзелісте жүрген адамдар бізге еш қысылмай хабарласып, көмек алса болады.
– Көмектеріңіз халықтың қажетіне жарасын! Жұмыстарыңызға сәттілік!
А.Сатыбалды