Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде әркімнің жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылық құқығына кепілдік берілген. Конституцияның 18-бабымен бекітілген бұл қағидат ұлттық заңнаманың басты негізі болып табылады. Сондай-ақ, 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау арқылы мемлекетіміз халықаралық деңгейде де адам бостандығын қорғау міндеттемесін өз мойнына алды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәжірибесінде ең өзекті мәселелердің бірі – құқық қорғау органдарының баламалы бұлтартпау шараларының (үйқамақ, кепіл, ешқайда кетпеу туралы қолхат) мүмкіндіктерін ескермей, негізінен ең ауыр шара – күзетпен ұстаудысұрауға бейімділігі. Бұған келесі факторлар әсер етуде:
— сотқа ұсынылатын өтінішхаттардың басым бөлігі әлі де болса қылмыстың ауырлық дәрежесін ғана басшылыққа алып, күзетпен ұстауды санкциялауға бағытталады;
— заңнамада күзетпен ұстаудың тиімді баламасы ретінде электрондық бақылау құралдарын (электронды білезіктер және т.б.) пайдалану бекітілгенімен, олардың жетіспеушілігі мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігі бұл құралдардың кеңінен қолданылуына кедергі келтіреді;
— орталықтан алшақ орналасқан ауылдық елді мекендерде байланыс құралдарының нашарлығы және интернеттің сапасыздығы электрондық бақылауды жүзеге асыруды қиындатады.
Күзетпен ұстау — бұл ең ауыр және соңғы болып қаралуы тиіс бұлтартпау шарасы болып табылады. Сондықтан бұл процесте тергеу судьяларының рөлі өте маңызды. Олар айыптау тарапының жетегінде кетпей, ұсынылған уәждерді мұқият тексеруі қажет. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, судья тек айыптың ауырлығына ғана емес, күдіктінің тұлғасына, денсаулығына, жасына, отбасылық жағдайына және әлеуметтік байланыстарына және т.б. іс бойынша маңызды мән-жайларға баса назар аударуға міндетті.
Тергеу судьясының күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тартуына мынадай жағдайлар негіз болуы мүмкін:
— күдіктінің тергеуден бой тасалау немесе дәлелдемелерді жасыру қаупінің жеткілікті дәрежеде негізделмеуі;
— ұсынылған материалдарда күдіктінің қылмысқа қатыстылығын дәлелдейтін айғақтардың жеткіліксіздігі;
— күдіктінің тұрақты мекенжайының болуы, асырауында жас балаларының немесе мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) туыстарының болуы және Қылмыстық процестік кодекспен көзделген басқа да мән-жайлар.
Сот, күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын санкциялаудан бас тартқан жағдайда сот балама ретінде үйқамақ немесе кепіл қолдануға құқылы. Алайда бұл шараларды жүзеге асыруда да өзіндік қиындықтар бар.
Мысалы, күдіктінің меншік құқығында немесе жалдау шарты бойынша тұрақты баспанасы болмағанда, немесе бірге тұратын өзге тұлғалардың қауіпсіздігіне қатер төнгенде бұл шараны қолдану мүмкін болмайды. Заңда кепіл мөлшері нақтыланғанымен, кейбір жылжымайтын мүліктің нарықтық құны өте төмен, сондықтан олар кепіл ретінде қабылданбайды. Бұған қоса, ұсынылатын мүлік басқа міндеттемелер бойынша кепілде тұрса, сот оны қабылдаудан бас тартады. Тергеу органдарының мүліктің заңдылығы мен нақты құнын анықтаудағы кәсіби деңгейінің төмендігі де кедергі келтіреді.
Осы айтылғандардың барлығын қорыта келе, тек қана заң талаптарына толық сай келетін, сауатты әрі әділ сот шешімі ғана Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының мызғымас кепілі бола алады.
Ұлытау облысы Жезқазған қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы У.С. Таласбаев
__________________


