Алматы облысы Ұйғыр ауданында 85 мыңнан астам ірі қара мал болғанымен, небары екі бордақылау алаңы мен бір ғана тауарлы сүт фермасы бар. Сол сияқты бұл ауданда да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мәселесі өзекті. Бұл туралы жуырда облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың Ұйғыр ауданына барған сапары кезінде сөз болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ұйғыр ауданының тұрғындарымен кездесуінде Қанат Бозымбаев 5 маусымда Конституцияға түзетулер енгізуге қатысты өтетін республикалық референдум туралы қысқаша айтып берді. Мемлекет басшысының ұсынып отырған реформасы елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталғанына тоқталды.
Облыс басшысы баяндамасында ауданның негізгі көрсеткіштерін айтумен қатар кемшін тұстарын да жасырған жоқ. Сол олқылықтардың орнын толтыру мен ілгерілету бағытында тапсырмалар берді.
— Алматы облысы әкімі лауазымына тағайындалғаннан бері 12 аудан мен қалада тұрғындармен кездесу өткіздім. Осы кездесулерде әлеуметтік сипаттағы 200-ден астам проблемалық мәселе көтерілді. Бұл ретте әрбір ауданда пайдаланылмайтын жер учаскелері, жеке мал жаятын жайылымның жоқтығы туралы айтылды. Соңғы жылдары Ұйғыр ауданының тұрғындары жайылымдық және тұрғын үй құрылысы үшін жердің жетіспеуі, ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс бойынша алу, ірі шаруашылықтардың пайдаланбайтын жерлерін қайтару мәселелерін жиі көтеріп жүр. Суару жүйелерін жөндеуде аудан басшылығының нақты шаралар қабылдамауы да наразылық тудырып отыр, — деп атап өткен Қанат Бозымбаев осы мәселелерге байланысты аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берді.
Осы тұста, жер мәселесімен арнайы облыстық комиссия айналысып жатқанын айта кету керек. Қазір бұл комиссия Панфилов ауданында жұмыс істеуде. Облыс әкімінің айтуынша, жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде 61 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 1,9 млн. гектар ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, 167 мың гектарға қатысты материалдар қаралуда.
Ұйғыр ауданында жеміс-жидек алқабы 4,3 мың гектар немесе облыстағы көлемнің 18%-іне жеткен. Дегенмен мұнда сыйымдылығы 40 тонна болатын бір ғана көкөніс қоймасы бар. Ол жиналған өнімнің 0,1% ғана сақтай алады. Бір атап өтерлігі, ауданда құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. «OTAN Green Food» кәсіпорны өткен жылы 13 мың тонна өнім шығарған. Бұл 2020 жылғы деңгейден 7 есе артық. Бұдан басқа бройлер өсіріп, соютын және өңдейтін толық циклді қамтитын «Прима Құс» фабрикасы салынуда, қуаты жылына 35 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Фабрикада 1500 жұмыс орны ашылады, 97 млрд. теңге инвестиция тартылады. Биылғы жылдың қазан айында кәсіпорын алғашқы өнімін алуды жоспарлап отыр. Жалпы аудан экономикасын дамытуға қаңтар-сәуір айларында 4 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 7 есе ұлғайған.
Ұйғыр ауданының туристік әлеуеті зор. Шарын шатқалы, ыстық су көздері сияқты бірқатар нысандарымен танымал өңірде өткен жылы 116 мың адамға 538 млн. теңгеге қызмет көрсетілген.
Сол сияқты халықты сапалы ауыз сумен қамту, жол жөндеу, елді мекендерді газдандыру мәселелері де талқыланды. Шарын ауылында газ құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылы басталады. Бюджет қаражаты есебінен Шарын, Бахар, Тасқарасу ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жерде аудан тұрғындарының наразылығын тудыратын мәселе — газға қосылу бағасы. Сондықтан Қанат Бозымбаев аудан әкіміне газға қосылу құнын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі жалпы ауданда барлық салаларда резервтер мен мүмкіндіктер бар екенін айтты. Оны халық игілігіне жарату үшін аудан әкімі аталған проблемаларды шешу мен ауданды одан әрі дамытудың нақты шараларын қабылдауы қажет.
Кездесу бұдан әрі залдағы халықтың сұрақтарымен жалғасты. Тұрғындардың айтуынша, Шонжы ауылында Халыққа қызмет көрсету орталығы мәдениет үйінде орналасқандықтан қиындық туғызып отыр. Түрлі анықтама қағаздарын алу үшін күніне мұнда 600-800 адам келіп-кетеді. Осыған орай ХҚКО-ға жеке ғимарат керек.
Облыс әкімі орталыққа жаңа ғимарат салу жоспарда бар екенін айтты. Алайда құрылыс материалдары құнының өсуіне байланысты қолда бар ЖСҚ-ға түзетулер енгізілуі қажет.
Жергілікті педагогтар 550 орынды мектепте 600-ден астам бала оқып жатқанын, оған қоса ғимаратта өнер мектебін ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Олар бұл оқу процесіне кедергі келтіреді деп есептейді.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменованың айтуынша, балаларға қосымша білім керек, үйірмелер қызметін ұйымдастыру әлі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, осы мектептің базасында мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істеген, облыста қосымша білім беру деңгейінің төмен екенін ескеріп, осы бағытты дамытудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр.
Тұрғындар мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу мәселесін де өзекті деп санайды. Бұл тараптан халықты аудан басшылығының жұмысы қанағаттандырмайды. Қанат Бозымбаев көптің пікірімен келісетінін айтып, өз баяндамасы барысында аудан әкіміне осы мәселеге басар назар аударуды тапсырды.
Атап өтсек, ауданда тұрғын үй кезегінде 1160 адам тұр. Өткен жылы ауданда 8,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 14 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Шонжы ауылында жыл соңына дейін 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тағы бір кредиттік тұрғын үй салуға 1 млрд. теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер басталды. Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылы тұрғын үйлер үшін 20 жер учаскесі бөлінеді. Сонымен қатар 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталады. Бұл жұмыстардың жеткіліксіз екенін айтқан облыс басшысы 60 пәтерлі үйдің кемінде екеуінің құрылысын жоспарлауды тапсырды.
Шонжы ауылының тұрғындары бірнеше үйдің жанынан жоғары вольтты электр желілері тартылғанына алаңдайды. Бұл адам денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін дейді олар. Қанат Бозымбаев комиссия құрып, тиісті тексеру жүргізуді, соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдауды міндеттеді.
Өзге де сауалдар Бахар ауылының аумағындағы Жаркент-Шонжы республикалық трассасында жаяу жүргінші жолы мен жол белгісін орнату, Шонжы ауылында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін оңалту орталығын ашу, орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеу, ауғандық ардагерлерді жұмыспен қамтуға және үйлеріне жеңілдікпен газ қостыруға ықпал етуге қатысты айтылды.
Аудан атауын ауыстыру туралы сауалға берген жауабында облыс әкімі өткен жылдың желтоқсан айында болған тұрғындармен кездесуінде ақсақалдар осы мәселені көтергенін, ауданның төл тарихи атауын анықтау үшін ғалымдардың да бұл іске қосылуын сұрағанын айтты. Соған байланысты Тіл және Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институттары жасаған сараптамасы тиісті мемлекеттік органға ұсынылғанын жеткізді. Әзірше нақты бір саяси шешім жасалған жоқ. Дегенмен қазір алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Кездесуде қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар берілді.
Атап өтсек, биылғы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына аудан бойынша 489 адам тартылды. Жыл басынан бері 654 жұмыс орны ашылды, соның 368-і – тұрақты жұмыс орны болды.
Өз тілшіміз
Алматы облысы