Жаңа оқу жылы қарсаңында Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінің қызметкерлері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысты.
Акция аясында Семей қаласындағы мектептердің бірінде білім алатын 9-сыныптың 14 жастағы оқушысына көмек көрсетілді. Қыз бала анасы мен әжесінің тәрбиесінде. Анасы денсаулығына байланысты жұмыс істемейді, ал әжесі жәрдемақы алады.
Отбасын қолдау және оқушының жаңа оқу жылына қажетті құралдармен қамтамасыз етілуіне жәрдемдесу мақсатында мекеме қызметкерлері қажетті мектеп керек-жарақтары мен заттарды жинап, табыстады.
Бақылау қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Жандос Нұғымаров балалар мен қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету әлеуметтік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Балалардың оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастап, өздерін қоғам тарапынан қолдау бар екенін сезінуі маңызды. Біздің көмегіміз – баланың әл-ауқатына қосқан шағын үлесіміз. Біз әрдайым мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге тырысамыз», – деді Жандос Нұғымаров.
Оқушының анасы да мекеме қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
«Қызымның жағдайына назар аударып, көмек көрсеткен мекеме қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау. Қамқорлықтарыңыз бен мейірімділіктеріңіз үшін рақмет. Сіздердің көмектеріңіздің арқасында қызым жаңа оқу жылын қуанышпен бастай алады», – деді оқушының анасы.
«Мектепке жол» акциясы дер кезінде көрсетілген қолдаудың отбасы үшін маңызды екенін және балаға жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауға мүмкіндік беретінін көрсетті.


