Абай облысындағы ҚАЖ мекемесінде 50-ден астам сотталған отбасы құндылықтары мен әкелік жауапкершілікке арналған кездесуге қатысты

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде «Мен қандай әке болдым және бостандыққа шыққаннан кейін қандай әке боламын?» тақырыбында іс-шара өтті.

Кездесудің басты мақсаты – сотталғандарға отбасының маңыздылығын түсіндіру, әкелік жауапкершілік сезімін арттыру және жақындарынан жырақта жүрсе де, балаларымен байланысты үзбеудің қаншалықты маңызды екенін жеткізу.

Іс-шараға 50-ден астам сотталған қатысты. Әңгімелесу барысында олар балалық шақтарын еске алып, отбасылары туралы айтып, сотталғанға дейін қандай әке болғандарын және бостандыққа шыққаннан кейін өмірлерін қалай өзгертуді жоспарлап отырғандарын ортаға салды.

Әр қатысушының өзіндік тағдыры мен өмірлік тарихы бар. Іс-шараға қатысқан 30 жастағы сотталған азаматтардың бірі өз отбасы және жасаған қылмысынан кейін өмірінің қалай өзгергені туралы баяндады.

Іс-шара барысында ол өз отбасын – өзін, жұбайын және балаларын бейнелеп сурет салды. Осы сурет арқылы жақындарын қаншалықты сағынатынын және олармен қайта қауышуды армандайтынын жеткізді.

– Үш жыл бұрын есірткі таратқаны үшін жеті жылға бас бостандығымнан айырылдым. Оған дейін отбасым, жұбайым және үш балам болды. Қазір қызым 12 жаста, ұлдарым 8 және 6 жаста. Бұрын отбасымызда бәрі жақсы болатын. Алайда кейін қаржылық қиындықтарға байланысты арамызда түсініспеушіліктер басталды. Жұмыс істесем де, тапқан табысым жеткіліксіз болды. Ақырында есірткі таратумен айналысып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтым. Осы жағдайдан кейін жұбайым ажырасуға өтініш беріп, басқа қалаға көшіп кетті. Үш жылдан астам уақыт бойы балаларымды көрген жоқпын. Қазір ойласам, өмірімдегі ең бақытты сәттер отбасыммен бірге өткізген күндерім екен. Өз қолыммен отбасымды ойрандағаныма қатты өкінемін. Ең үлкен арманым – балаларымды қайта көріп, олардың тәрбиесіне араласу, қолдау көрсету және әкелік ақыл-кеңесімді беру. Олардың жетістіктеріне қуанып, менімен мақтануы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасағым келеді, – деп бөлісті сотталған азамат.

– Әрбір баланың өмірінде әкенің орны ерекше. Балалар әкенің мейіріміне, қамқорлығы мен қолдауына мұқтаж. Адам бас бостандығынан айырылған жағдайда да өзінің әке екенін және балалары алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы тиіс. Біздің басты міндетіміз – сотталғандарға өткен өміріне ой жүгіртіп, жасаған қателіктерінен сабақ алуға және бостандыққа шыққаннан кейін отбасына, қоғамға жаңа өмір бастауға деген ниетпен оралуына көмектесу. Мұндай іс-шаралар сотталғандарға өмірдегі ең қымбат құндылықтар – отбасы мен балалар туралы терең ойлануға мүмкіндік береді. Олар өткенін еске алып, қателіктерін мойындап, болашақта қандай адам және қандай әке болғысы келетінін түсінуге ықпал етеді. Бала үшін әкесінің айтқан сөзінен гөрі, оның іс-әрекетімен көрсеткен үлгісі маңызды, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Нурболат Сапаргалиев.

В Жарминском районе проведён психологический тренинг с лицами, состоящими на пробационном учёте

Службой пробации Жарминского района совместно с представителями прокуратуры Жарминского...

«Әке жүрегіндегі сағыныш»: сотталғандар балаларына деген сезімдерімен бөлісті

Дүниежүзілік балалар күні қарсаңында Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің...

В учреждении №20 ДУИС по области Абай проведён психологический тренинг

В учреждении №20, подведомственном Департаменту уголовно-исполнительной системы по области...