Ел экономикасының алға қарай дамуы үшін бірінші кезекте іргелі өндіріс орындарының санымен қатар сапасының да өсуі маңызды. Бұл екі қолға бір күрек іздеген адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, өнеркәсіптер тұтас мемлекеттің болашағының баянды, әрі халқының әлеуетінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Осы орайда еліміздің әр аймағындағы кеңес заманында пайдалануға беріліп, кейін тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында құлдырап кеткен ескі өндіріс ошақтарының кейбірінің қайта түрленіп, жаңғырып жатқаны көзге қуаныш отын ұялататыны сөзсіз. Солардың бірі Атбасар ауданындағы «Аждар және К» компаниясы өңірде дамуы жағынан өзгелерден көш ілгері тұрған кәсіпорындардың бірі…
«Аждар және К» компаниясы – өңірдегі ең көне кәсіпорындардың бірі. Өндіріс ошағы бұрынғы вагон жөндеу депосының орнында пайда болған. Қазіргі уақытта кәсібін қайта жаңғыртып, етек-жеңін жинап болашаққа нық қадам жасаған зауытта жүк вагондарының барлық түрлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, өндіріс ошағы жүк вагондарына қажетті ірілі-ұсақты бөлшектер мен тораптарды дайындауға да машықтанған. Заманға сай түрленген өндіріс орны аймақтың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуымен қатар, жүк вагондарын жөндеудің толық цикліне көшіп, жұмыс қарқынын еселеп арттырып отыр. Дамудың даңғыл жолына түскен өндіріс ошағы бүгінде диверсификация шеңберінде Атбасар ауданындағы тұрақты тұтынушыларын сұйытылған оттегі баллондарымен қамтамасыз ете бастаған. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Қазақстанда сонау 2010 жылдары небары 12 вагон жөндеу кәсіпорындары болса, бүгінде олардың саны 26-ға жетіп жығылды. Вагон парктерінің ұлғаюына қарамастан жылжымалы құрамды жөндеу қызметтері бәрібір қатаң нарықтық негізде жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, осындай күрделі жағдайдың өзінде де «Аждар және К» ЖШС-і бірінші жарты жылдықтағы өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға дейін көтергенін атап өткен жөн, – дейді «Аждар және К» компаниясының директоры Аждар Тайшытаев. Деподағы жоспарлы жөндеуден кейін 7 жүк вагоны мен ағымдағы жөндеу ден өткізілген тағы төрт-бес вагон кезекті ауысымға кетеді. Жалпы ұжымда 220 адам еңбек етеді. Мұндағы орташа жалақы 390 мың теңгені құрап отыр. Өнеркәсіп орындары бір қалыпта қалып қоймауы үшін үнемі алға жылжып, инвестиция салып тың жаңалықтарды енгізіп отыру аса маңызды. Бұл жағынан өндіріс ошағы басқаларға қарағанда көш ілгері қадамдар жасай бастаған. Биыл өз қаражаты есебінен вагон жөндеу серіктестігі жаңа өндірістік желіні ашып көлемін ұлғайтуды қолға алған. Жылдың төртінші тоқсанында мұнда дөңгелекті жұп элементтерін ауыстырудың күрделі жөндеуін игеруді көздеп отыр. Сондай-ақ, тек жүк вагондары ғана емес жолаушылар пойызы вагондарының дөңгелек жұптарын жөндеуді де қолға алмақ. Жаңадан құрылатын вагонды-дөңгелекті шеберхана деполарында іс жүзінде пойыздардың жаңа дөңгелектері дайындалмақ. Яғни, кәсіпорын ендігі кезекте тұтынушыларына жөндеудің толық циклін ұсына алады. Жаңа жөндеу желісі іске қосылғаннан кейін қосымша тағы он бірдей жаңа жұмыс орындары пайда болып, өндіріс ошағындағы жұмыс көлемі бастапқы кезеңмен салыстырғанда 15-17 пайызға дейін өспек. Қазіргі уақытта компания көршілес Қытай мен Ресейден жаңа станоктардың жеткізілуін күтуде. Өндіріс орнындағы осынау ірі жұмыстардың бәрін жүзеге асыру мақсатында вагон жөндеу кәсіпорнының бюджетінен 200 миллион теңге қаражат бөлініпті. – Бүгінде осындай вагонды-дөңгелекті шеберханалар республикадағы 26 вагон жөндеу деполарының 16-сында құрылған. Зауыт теміржолдағы қауіпсіздікке жауапкершілік пен ұсынылған қызметтің сапасын тұрақты түрде жетілдіруге ұмтылады, – деп толықтырды «Аждар және К» ЖШС директоры. Жасалған жұмыстардың сапасына келсек, компанияда алғашқы бақылау тікелей жұмыс орнында жүргізіліп, әрбір тораптар мен бөлшектер ақауының бар-жоғы мұқият тексеріледі. Құйылмалы бөлшектер бұзбайтын бақылау әдісі – феррозонды дефектоскоптармен тексеріледі. Мұнымен қоса жұмыс орындарында жұмыс істеуіне тікелей слесарьлар мен бригадир жауап беретін өзінің техникалық бақылау сатылары бар. Бұдан әрі техникалық бақылау бөлімі бақылаушысы құқығына кіреді. Жұмысшылардың іске ынталылығын қамтамасыз ету мақсатында еңбек адамдарына қомақты әлеуметтік пакетті қарастыратын және жыл сайын серіктестікпен жасалатын ұжымдық келісімшарт жолданады. Бұдан жұмысшыларына барынша жағдай жасайтын кәсіпорынның өткен жылы тіпті республикалық «Парыз – 2023» байқауында «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымында қола жүлдегер атануы да тегін емес екенін байқауға болады. Өкінішке қарай бұл кәсіпорынды да жұмысшы кадрлардың тапшылығы мен мамандардың қартаю факторы айналып өтпепті. Депода қазіргі уақытта газэлектр дәнекерлеушілер қасқалдақтың қанынан қат болып отыр. Серіктестік бірнеше жылдардан бері Атбасар қаласының аграрлық-индустриалды колледжімен маман оқытуда ынтымақтасып келеді. Меморандум шеңберінде өндіріс ошағы болашақ токарьь, газ-электр дәнекерлеушілер мен электршілердің іс-тәжірибеден өтуін қамтамасыз етеді. Дегенмен, кәсіпорында кадрлардың жетіспеушілігі әлі де бар. Біздің өңір негізінен аграрлы аймақ. Көктемгі және күзгі уақытта жастар ауыл шаруашылық кәсіпорындарына кетіп қалады. Өйткені олар да көктемгі егіс пен күзгі егін орағы кезіндегі табыс табатын уақытында жұмыс қолдарының тапшылығынан қиналып жатады. Жастар жазда құрылыс алаңдарында жұмысшы болып жатады. Қыста тағыда депоға келіп жұмысқа қабылдауды өтінеді, – дейді Аждар Тайшытаев. Мұнымен қоса кәсіпорын басшысы өндіріс процесіне шетелден оның ішінде Ресейден вагон жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен құйылған бөліктерін сатып алу қажеттігі бағаға қатты әсер ететінін атап өтті. Бұл орайда валюталардың курстық айырмашылығы да теріс ықпалын тигізетін көрінеді. – Электр энергиясын жеткізу де күрделі мәселелер туындатады. Ақмола облысын қамтамасыз ету келісімшарты жақында «АРЭК» акционерлік қоғамына өткен. Содан не болды дейсіз ғой. Жылдың басында біз электр энергиясын кВт-сағатына 24 теңгеден қолданып келгенбіз, ал соңғы үш ай бойы 44 теңгеден төлеп келеміз. Мұнымен қоса тариф күрт көтеріліп кетті. Яғни, еш ескертусіз ешқандай келісімшартсыз жасалды. Осылайша қазіргі уақытта барлық шағын, орта және ірі бизнес те зардап шегіп отыр. Алайда тарифтің көтерілгенімен бұл электр энергиясы жеткізілуінің сенімділігін еш жақсартқан жоқ. Өкінішке орай жарық ешқандай ескертусіз сөніп қалатын жағдайлар аз болмайды. Кәсіпорын күрделі қиындықтарға қарамастан өзіндік даму жолын қалыптастырып, келешекке нық қадам басып келеді. Алдағы уақытта вагон жөндеу кәсіпорны нарықтың қысымына қарамастан алға жылжудың тың жоспарларын жүзеге асыруды көздеп отыр.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


