– Сот жүйесін жаңғырту, сотқа деген сенімді нығайту мақсатында көптеген реформалардың жүзеге асырылғаны белгілі. Дербес кассациялық соттар – сол ілкімді жобалардың бірі. Бұл бастаманың қолға алынуына не себеп болды?
– Кез келген реформаның түпкі мақсаты – құқықтық, зайырлы мемлекет орнатып, халыққа жайлы да қауіпсіз орта қалыптастыруға, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауға бағытталған. Жүйелі реформа бір күнде жасалмайды. Жаңа реформалар – сөзсіз жаңа өзгерістердің бастауы, мұны жаңа кезеңге қарай жасалған батыл қадам десек қателеспейміз. Жалпы алғанда, бүгінгі күні қолға алынған реформалардың формуласы қарапайым. Ол: «Күшті Президент, ықпалды Парламент, еститін Үкімет» ұстанымына негізделген. Дербес кассациялық соттардың қолданысқа енуі дәл осы формуланың өлшемі, үлгісі іспеттес. Өйткені, кассациялық сатыға қатысты қоғамда жиі өкпе-реніштің айтылып келгені ешкімге жасырын емес. Ел тілегін естудің, халық үніне құлақ асудың нәтижесінде көпшіліктің базынасы Мемлекет басшысының назарына жетті. Республиканың түкпір-түкпірінен түсетін істерді түгелдей қарап таразылауға кассациялық алқаның мүмкіндігі жоқ екенін білген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кассациялық алқада қаралатын істер аз, ол азаматтардың қажеттілігіне сәйкес келмейді. Сондықтан дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қоғамдастықпен консультациялар өткізу қажеттілігі пісіп-жетілді» деп құзырлы орындарға нақты тапсырма жүктегені есімізде. Осы тапсырмадан кейін кассацияның жұмысын жаңғырту бойынша іргелі ізденістер қолға алынды. Өркениетті елдердің тәжірибесі сарапталып, шетел соттарындағы кассациялық алқаның жұмыс барысы, нәтижесі, тиімділігі жан-жақты зерделенді. Яғни, жақында қолданысқа енгізілгелі отырған дербес кассациялық соттар – халық қалауынан туындаған бірегей жоба. Сонымен бірге, жаңа соттар – азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту мақсатында сүзгіден өткізілген, терең талдау мен таңдаудың жемісі десек шындықтан алыстай қоймаймыз.
– Жаңа бастамаларда озық елдердің сот реформаларына үңілу, ізденісі мен іркілісін сараптау қалыпты үрдіс. Озық елдер кассациялық соттың қандай моделіне басымдық береді екен?
– Бір елде өзін ақтаған, оң нәтиже көрсеткен реформа басқа елде жақсы көрсеткіш көрсетпеуі мүмкін. Себебі әр елдің менталитеті бөлек, халқының тұрмыс-тіршілігі басқа. Мұндай тұжырымға бұған дейінгі заң дайындау, жобаларды қарастыру барысында көзіміз анық жеткен болатын. Ал шетелдік сот тәжірибелерін зерделеу жаңа жобаның қандай нұсқасы қазақстандық сотқа оңтайлы екенін білу үшін керек. Сонда аңғарғанымыздай әлемде кассациялық қайта қараудың француз, герман, ағылшын-саксон, ресейлік модельдері бар. Осы төрт модель де өзіндік ерекшелігімен дараланады. Мәселен, Ресей мен Германияда кассацияның мақсаты ұқсас. Ол төменгі саты соттарының шешімдерін қайта қарауға бағытталған. Бірақ процедурасы мен негіздері бойынша ерекшеленеді. Ресейде кассация кеңірек, заңды түсіндірудегі қателіктерді ғана емес, дәлелдемелерді қолданудағы қателіктерді де қарайды. Ал Германияда кассация неғұрлым тар сипатта болады және шешімнің нақты дұрыстығын емес, заңдылығын тексеруге бағытталған. АҚШ Жоғарғы Соты мен Ұлыбритания лордтар палатасындағы ағылшын-саксон моделі шектеулі түрде жұмыс істейді әрі ол құқықтың негізгі мәселелеріне бағытталған. Ұлыбритания мен АҚШ-та кассациялық соттар құқықтың принципиалды мәселелеріне басымдық бергендіктен, істердің аз ғана бөлігін қарастырады. Мұндай іріктеу азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуін шектейді. Француз моделі де өзінше дара. Бұл елде кассация істің нақты мән-жайларын қозғамай, тек құқық мәселелерін қарастырады. Француз кассациялық соты құқық қолдануды табысты түрде біріздендіруімен үлгі болып отыр. Осы елдер тәжірибесінің ішінде Германияның федералды соты төмен тұрған соттардың қателіктерін түзетіп, сот төрелігіне деген сенімді күшейткен. Мұндағы соттарда тұрақты практиканың орнығуы инвесторлар үшін де маңызды аргумент болып табылады. Себебі заң үстемдігіне көз жеткізетін құқықтық тұрақтылық елге қаржы салсам деп ниеттенген отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторларды ынталандыруға айтарлықтай оң әсерін тигізеді. Осыдан көріп отырғанымыздай, әлемдегі көш басында тұрған елдердің кассациялық сатысы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұлардың әрқайсысының өзіндік басымдықтары мен кемшіліктері бар. Міне, осы сот тәжірибелерін таразылай келе кассациялық соттың қазақстандық моделі жасақталды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Кеңескен істе кемшілік болмайды» дегенді дана халқымыз тегін айтпаған. Біздің дербес кассациялық соттар да ел азаматтарының белсенділігі мен заң үстемдігін орнықтырсақ деген ынтасының арқасында үлкен талқылаулардан өтті. Әр сала өкілдері бас қосқан жиындарда кассацияның маңызын арттырып, азаматтар құқығын қорғаудағы пәрменін көтеруге қатысты ұсыныстар мен тілектер сараланды. Кассациялық соттың бүгінгі моделі – сот реформасына бейжай қарамайтын барша белсенді тұлғалардың ой-пікірінің түйіні дегеніміз дұрыс.
– Астанада жұмысын бастағалы отырған үш дербес кассациялық соттың жаңалығы мен артықшылығы неде?
– Жаңа модельді таңдағанда қоғамның қажеттілігі, азаматтардың талап-тілегі толық ескерілді. Негізі мұндай өзгерістің қолға алынуына «таңдап қарайтын кассация» тәртібіне байланысты қоғамның өкпе-реніші тікелей әсер еткені белгілі. Мұндай әдіс азаматтардың сот арқылы қорғану құқығын шектеп келген еді. Істерді бір судьяның таңдап барып алқалық құрамға ұсынуының нәтижесінде іс-материалдарының тек 5 пайызы ғана кассацияның қарауына беріліп келді. Ал жаңа модельге сай кассациялық соттар жаппай қарау немесе үздіксіз кассация моделін басшылыққа алады. Мұндай модель әкімшілік істер бойынша қолданылып жүр, істердің барлығы кассацияда қаралып жатыр және бұл оң нәтиже беруде. Мұндағы артықшылықтар аз емес. Ең алдымен кассациялық соттар бірыңғай сот практикасын қамтамасыз етіп, құқықтық ұстанымды қалыптастыра алады. Соның арқасында заңды тәжірибеде қолданудағы ала-құлалыққа жол берілмейді. Бір заңның сан түрлі түсіндірілуі азаяды. Шешімдердің заңға сәйкестігі жан-жақты тексерілетіндіктен, кассациялық қайта қарау барысында сот қателіктері кемиді. Кассациялық соттар «Жаппай кассация» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түседі. Жаңа соттардың Астанада құрылуы кассациялық органның тәуелсіздігіне кепіл болады. Бүгінгі күнге дейін кассациялық соттардың жұмысын жүйелеуге байланысты ауқымды шаралар қолға алынды. Әсіресе, сот сатыларының өкілеттіктерін нақты бөлетін жүйені сауатты ұйымдастыру, жаңа соттарда қызмет ететін судьялар мен мамандардың сапалы болуына көңіл аударылды. Сондай-ақ шағымдарды оңтайлы саралауға, процестерді автоматтандыру және цифрландыруға терең назар аударылды. Кассациялық сотта бұл мәселелерді оңтайлы шешудің маңызы зор.
– Кассациялық соттың қазақстандық моделі несімен ерекше?
– Кассациялық соттар – сот төрелігінің сапасын көтерудегі маңызы зор қадам. Былтыр кассациялық сот құрудың заңдық тәртібі бекітілді. Соған орай Президент бірнеше заңнамаға қол қойды. Құқықтық құжаттарда кассациялық соттардың өзіндік ерекшелігімен қатар, сот төрелігінің сапасын жақсарту, судьялардың кәсіби біліктілігін көтеру, олардың жауапкершілігіне қатысты тетіктер де қарастырылған. Кассациялық соттың бірнеше артықшылығын тізбелеп көрсетуге болады. Біріншіден, бұл дербес соттардың жұмысы сот шешімдерінің заңдылығын бақылауға бағытталған. Соған орай кассациялық сот төменгі сатылар қабылдаған шешімдердің заңдылығын тексеріп, қателіктерді анықтауға және түзетуге мүмкіндік береді. Мұндағы негізгі міндет – заңды дұрыс қолдануды қамтамасыз етуді және сот шешімдерінің заңға сәйкес әділ болуын қадағалауды көздейді. Екіншіден, кассациялық соттар елімізде бірыңғай сот тәжірибесін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Соның арқасында соттар заңды бірізді және түсінікті түрде қолданып, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыруға басымдық береді. Сот тәжірибесіндегі әртүрлі түсініктемелер мен қайшылықтардан аулақ болу үшін заңды дұрыс түсіндіруде және қолдануда кассациялық соттың маңызы зор. Үшінші тетік азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді. Сот шешімдері заңсыз немесе негізсіз қабылданған жағдайда, кассациялық соттың араласуы арқылы азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік мол. Бұл сот процесіне қатысушыларға әділдікке жету үшін соңғы мүмкіндік ұсынып, сол арқылы сот жүйесіне деген сенімділікті күшейтеді. Сот процестерінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, процестердегі қателіктерді түзету де кассациялық сот құзырындағы мәселе. Төменгі сатыларда орын алған заңдық және процессуалдық қателіктер де кассациялық сотта қаралып, түзетіледі. Бұл сот процестеріндегі әділдік пен заңдылықты сақтауға мүмкіндік береді. Осының бәрінен шығатын түйін: кассациялық сот құқықтық жүйенің дамуына ықпал етіп, заңдарды тиімді қолдануға жол ашады.
– Президентіміз «кассациялық сотты құру жөнінде ортақ пікірге келсек, сот жүйесінің бюджетін ұлғайтуға жол бермейміз», – деп атап өткен еді. Жалпы, дербес кассациялық соттарды құру қазына қаржысына шынымен теріс әсер етпей ме?
– Дербес кассациялық соттар қосымша қаржыны қажет етпейді. Тіпті судьяларға берілетін бірлік те соттың мүмкіндігін ескере отырып, мемлекеттік бюджетке салмақ салмайтындай етіп жасалған. «Кадр бәрін шешетіндіктен» кассациялық сот құрамын салада еңбек етіп жүрген, тәжірибесі мол, кәсіби біліктілігі жоғары судьялармен толықтыруға көңіл бөлінген. Кассациялық сот судьяларына қойылатын талап та осал емес. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 29-бабы 4-1-бөлігінің талабына сәйкес, кассациялық сот судьясы болу үшін заңгерлік мамандық бойынша кемінде 18 жыл жұмыс өтілі немесе кемінде 8 жыл судьялық өтілі, оның ішінде облыстық сотта кемінде 3 жыл тәжірибесі болуы қажет. Ал 30-баптың 4-бөлігіне сәйкес, кассациялық соттардың төрағаларына үміткерлердің судья лауазымында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде облыстық сотта кемінде 5 жыл қызмет етуі шарт. Мұндай талаптардың өзі кассациялық сотқа тек үздіктердің іріктеліп жатқанын көрсетеді. Кассациялық сотта сот саласының барлық сатысынан өткен, жұмыс көрсеткіштері өте жақсы, абыройлы судья ғана жұмыс істегені дұрыс. Сонымен қатар, Жоғарғы Сот төрағасы А.Мерғалиев өз сұхбатында жеке кассациялық соттарға ғимараттарды салуға мүмкіншіліктің барын, ол өзіміздің 6,5 пайыз бюджеттен беріліп жатқан қаражаттың есебінен жасалатынын, кассациялық сот судьялары мен мамандарын арамыздағы бірінші сатыдағы, апелляциялық сатыдағы жүктемелерді қарап соның ішінен бөлетінін атап өткен. Демек, кассациялық соттарды құруға мемлекеттен қаражат бөлінбейді, қазына қаржысына әсер етпейді. Жаңа соттың кадрлық әлеуеті ескерусіз қалмайды. Осы ретте Жоғарғы Соттың штат саны 35 судьяға дейін қысқартылуы мүмкін. Жоғарғы Сот төрағасы атап өткендей «Кассациялық қадағалауды жетілдіру – сот реформасының негізгі аспектілерінің бірі. Бұл әділеттілік пен заң үстемдігінің толық орындалуына ықпал етеді. Енді азаматтар кассациялық сотқа алдын ала сүзгіден өтпей тікелей жүгіне алады. Бұл «үлкен прогресс». Мұндай өзгерістің орын алуымен кассациялық сотта шағымдар алқалы түрде, тараптардың қатысуымен қаралатын болды. Сондай-ақ шешімдердің ақылға қонымды мерзімде, яғни 6 айдан аспайтын уақыт ішінде шығарылатыны да қоғам күткен өзгерістің бірі.
– Кассациялық соттардың қолданысқа енгізілуі Жоғарғы Сот жұмысына қаншалықты өзгертеді?
– Жаңа соттар шілде айында жұмысын бастайды. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік кассациялық соттар қазіргі кассациялық алқаны жояды, соған орай, Жоғарғы Сот қызметінде белгілі бір деңгейде өзгерістер орын алады. Жоғарғы Сотта сот актілерін қайта қарау Жоғарғы Сот судьясының ұсынысы бойынша ерекше жағдайларда ғана, яғни егер оларды сот тәжірибесіне қайшы жергілікті немесе кассациялық соттар қабылдаған жағдайда ғана мүмкін болады. Ал кассациялық соттар толықтай тәуелсіз болады. Президент бұл ретте «Кассациялық соттардың дербестігі азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді», – деген болатын. Маңызды қағидат болғандықтан, сот билігінің тәуелсіздігі институттық деңгейде де, жеке деңгейде де қамтамасыз етілуі және сақталуы тиіс.
– Кассациялық соттардың төменгі саты соттарының жұмысына ықпалы бар ма?
– Қандай да бір қателік анықталса, кассациялық сот шешімнің күшін жояды, өзгертеді немесе қайта қарауға жібереді. Бұл өз кезегінде төменгі саты соттарының жауапкершілігін арттыруға айрықша ықпал етеді. Азаматтар кассациялық шағымды апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана беретінін білгендері жөн. Кассациялық соттың шағымы қайта қаралмайды, өйткені, бұл – тараптар шағымдануға болатын соңғы орган. Осы ретте медиацияның мүмкіндіктерін назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Яғни, кассациялық сотқа келгендер қол алысып, дауды келісіммен бітіріп шықса, халықтың сот жүйесіне деген сенімі бірден артары анық. Сот істерінің барлық бағытында медиацияның мүмкіндігін толықтай қолдануға тиіспіз. Кассациялық соттарға шағымдар алдын ала қараусыз тікелей түседі. Ең басты тиімділігі осында. Одан кейін сот процесіне тараптар міндетті түрде қатыстырылады. Процестің ауызша өтіп, тараптар талап-тілектерінің тыңдалуын заң үстемдігін орнатудың бірден-бір тетігі ретінде бағалауға болады. Қылмыстық, азаматтық әкімшілік болсын үш кассациялық сотта да сот ісін жүргізудің бірыңғай тәртібі бекітілген. Сондықтан, кассациялық соттар сот төрелігінің сапасын жақсартып қана қоймайды, сот сатыларының тиімді тетігін қалыптастырады. Қоғамның сот билігіне деген сенімін нығайтуда мұндай реформалардың маңызы зор. Санаулы уақыттан кейін дербес кассациялық соттар өз жұмысына кіріседі. Заң өміршең болып, бастама халықтың көңілінен шығуы үшін бүгінде сот тарапынан заңнаманы таныстыру, реформаның артықшылықтарын түсіндіру бағытында кешенді шаралар қолға алынуда. Маңғыстау облыстық соты да жақында құзырлы құрылым өкілдері мен қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйым мүшелерінің басын біріктіріп, «Қазақстандағы сот реформасының жаңа белесі – дербес кассациялық соттар» деген тақырыпта басқосу өткізді. Облыстық сот төрағасы Мақсұт Текетаев жаңа соттың «бірегей кассациялық фильтр» қағидатына негізделіп отырғанын айтып, жаңашылдықтарды жан-жақты түсіндірді. Осы алқалы жиында кассациялық соттардың басымдықтары, күтілетін нәтижелер талқыға салынды. Кассациялық соттарға байланысты туындайтын сауалдарға судьяларымыз да тұрақты жауап беріп, жаңа реформаның жүзеге асуына өз үлестерін қосып отыр. «Көптің қолы көкке жетеді» дейді дана халқымыз. Сол айтпақшы, көптің игілігі үшін қолға алынған бұл реформаның ел мүддесіне сай жұмыс істеріне сеніміміз мол.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»