spot_img
spot_img

Исатай Сматов,
Маңғыстау облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
«Әмірге емес, әкімшілік әділдікке
сүйенген соттың болашағы жарқын»

– Әкімшілік әділет институтының енгізілуі азаматтар мен бизнес­ті мемлекеттік органдардың теріс әрекетінен қорғауға бағытталғаны белгілі. Жаңа соттар сол үдеден шыға алып отыр ма? Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға шағымданып, өз құқығын қорғағандар көп пе?
– «Мың қадам бір қадамнан басталады» дейді бабаларымыз. Сол айтпақшы, кез келген жұмыс бірден арнасына түсіп кете қоймайтыны түсінікті. Ол үшін тек жоспар құрып, бағыт-бағдар беру аздық етеді. Әкімшілік әділет институтының Мемлекет басшысы тапсырғандай ел игілігіне, мемлекет дамуына қызмет етуі алдымен ақпараттық, насихат жұмыстарының белсенді қолға алынуына тікелей байланысты. Көпшілік Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің артықшылығы неде екенінен, жаңа әкімшілік соттарды құрудағы басты ұстанымнан хабардар болуы маңызды. Себебі, біздің негізгі сыншымыз да, тұтынушымыз да – халық. Халық қалаған, халықтың көңілінен шыққан, елдің мүддесімен үндес бастамалардың өміршең болатыны сондықтан. Міне, сондықтан да, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңашылдықтарын жұртшылыққа жеткізу, таныстыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әкімшілік әділет институтының тиімділігін насихаттаудан ешкім шет қалмады. Аз ғана уақыттың ішінде азаматтардың сауатын ашатын, құқықтық білімін көтеретін танымдық материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп жарияланды. Бүгінде азаматтар әкімшілік істерге байланысты өзін мазалаған сұраққа қиналмай жауап ала алады.
Жаңадан ашылғанына қарамастан әкімшілік соттардың жүктемесі қазірдің өзінде жоғары. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов атап өткендей, былтыр­ғы жарты жылда республика соттарына 14 мың талап арыз түскен. Мемлекеттік органдар әрбір екінші істе ұтылған. Ал бұрын қаралған істердің 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешілетін. 2021 жылдың екінші жартыжылдығында Маңғыстау облысы бойынша мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік сотына 348 әкімшілік іс түскен. Бұл мемлекеттік органдар қызметін әлі де жетілдіру керектігін, тұрғындардың құзырлы орындар жұмысына көңілі толмайтынын көрсетеді.
– Азаматтар қай құрылымдардың жұмысына көбірек шағымданады?
– Былтырғы қаралған 348 істің 111-і, яғни 31,8% сот орындаушыларына қатысты істерді құраған. Яғни, судьялар қараған істердің 1/3 бөлігі сот орындау­шылар әрекетіне немесе әрекетсіздігіне байланысты болып отыр. Қаралған істердің 47,3 % қанағаттандырылып, сот орындаушыларының әрекеттері заңсыз деп танылған. Заң бұзушылықтар алақандағыдай айқын. Мұндай жүгенсіздік әрі қарай да жалғаса бермес үшін, жеке сот орындаушыларға қатысты 18 жекеше ұйғарым қабылданып, сот талабын орындамаған 5 сот орындаушыға ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылды.
Бір рет жіберілген қатені – білместік дейді, ал қайталап заңбұзушылық жасау – жеке сот орындаушының өз ісін білмейтінін, жауаптылығының аз екенін көрсетеді. Біздің өңірде де үстінен бірнеше рет іс қаралған сот орындаушылар бар. Тіпті, соттың талабын немесе сұрау салуын орындамағаны үшін кейбір жеке сот орындаушыға қатысты төрт рет ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы да қолданылды. Мұндай пәрменді шараның өзі сабақ болмай отырғаны өкінішті.
Әрине, жеке сот орындаушыларға қатысты шағымның көптігіне түрткі болып отырған мәселелерді айтпай кетуге болмайды. Бұған негізгі себеп дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібінің заңнамалық тұрғыда қарастырылмауымен байланысты. Шындығында көптеген талап қоюшылар алдын ала жеке сот орындаушыға арызданбай, құжаттарын ұсынбай бірден сотқа жүгінеді. Егер азаматтар алдымен палатаға барып, мәселені шешуге тырысқанда мұндай істердің басым бөлігі сотқа жетпей шешілетін еді. Қазірдің өзінде мұндай істердің көбі сот отырысында татуласу тәртібімен реттелуде. Осыдан көріп тұрғанымыздай, алдағы уақытта жеке сот орындаушылардың әрекеті не әрекетсіздігіне қанағаттанбаған жағдайда, алдымен палатаға арызданып, содан кейін сотқа жүгіну тәртібін енгізген дұрыс. Сонда мұндай даулардың саны едәуір азаятыны анық. Сот орындау­шыларының іс-әрекеттерінің көп дау­лануына тағы бір себеп – Әкімшілік әділет институтының жаңадан пайда болып, көпшілік сеніміне ие болуы десек қателеспейміз.
– Жеке сот орындаушылар қандай заңсыздыққа жиі жол берген?
– Сот орындаушыларының өз қыз­метіне немқұрайдылықпен қарап, саналы түрде заң бұзушылықтарға жол беру фактілері аз емес. Мысалы, ЖСО-ның бірі борышкердің тұрақты жұмыс жасап, жалақы алатынын біле тұра, жұмыссыз деп көрсетіп, алимент бойынша берешегін республикалық орташа айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептеген. Ол аздай, қаулысын борышкерге уақытылы жолдамаған. Ал заң талаптарына сай, алимент көлемі борышкердің нақты алатын жалақысына сәйкес анықталуы қажет. Сонымен бірге, тараптар танысу үшін қаулы дереу жолдануы тиіс. Өкінішке орай, азаматтар жеке сот орындаушылар берешек мөлшерін дұрыс анықтамаған соң, қау­лыны жедел бермеген соң амалсыздан сотқа арызданып жатады.
Жеке сот орындаушылар тарапынан жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі – мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға қатысты. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 3-бабында заңдылық, атқарушылық іс-әрекеттерді жүргізу мен мәжбүрлеп орындату шараларын қолданудың, уақытылы және айқын болу принціптері айқындалған. Ал кейбір ЖСО-лар мұны ескере бермейді. Мысалы, борышкерлер тұрақты жұмыспен қамтылса да оған мән бермейтін сот орындаушылар талапкерлерді әуре-сарсаңға салады. Осыдан кейін берешекті қайтарту бо­йынша ешқандай шара қолданбаған, атқару құжатын қозғалыссыз қалдыр­ған орындау­шының үстінен азаматтар шағымданбағанда қайтеді? Өзіне жүктелген сот актісін үнемі назарында ұстайтын маман борышкердің жұмысқа тұруын, жалақысынан берешекті өндіруді ғана емес, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендері болса жұмыс табуына, қарызынан ертерек құтылуына көмектесуі керек емес пе?
– Әсіресе, соңғы кездері алимент өндіруге қатысты істердің көбейгені байқалады? Жеке сот орындаушылар алиментке берешекті дер кезінде қайтара алып жүр ме?
– Расында ең көп кездесетін талап қоюлар ЖСО-ның алимент бойынша қарызды анықтау және сот орындаушының қызмет ақысын белгілеу қаулыларын даулауға байланысты туындауда. Мысалы, есепті кезеңде алимент бо­йынша берешекті анықтау қаулысымен келіспей 19 талап, ЖСО-ның қызмет ақысын белгілеу қаулысымен келіспей 15 талап қою түскен. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 169-бабының 3-тармағына сай, егер алимент төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемеген болса немесе оның жалақысы мен өзге де кірісін растайтын құжаттар ұсынылмаса, ай сайынғы төлемдер және алимент бойынша берешек, сол берешекті өндіріп алу кезіндегі Қазақстандағы орташа айлық жалақының мөлшері негізге алына отырып айқындалады. Дегенмен, борышкерлердің қарызын анықтау барысында «мен баламды асырауға үлес қосып келдім, балабақшасын төледім, киім алып бердім» деген уәждері қабылдануға жатпайды және сот орындаушыларының қаулысын заңсыз деп тануға негіз болмайды. Себебі, ел Конституциясының 27-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. Сондықтан, алименттен бөлек әр ата-ана баласына киім-кешек, тамақ, тағы басқа қажетті заттарды сатып алып бергені, қолына қосымша ақша ұстатқаны алимент төлеген болып есептелмейді. Борышкер барлық қаржылық жауапкершілікті көтерген, жасөспірім баласының асырауына көмегін тигізіп, оның тәрбиесіне қажетті деңгейде атсалысқан және тағы басқа себептер болса Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 170, 175, 176-баптарына сай, алимент бойынша берешекті төлеуден босату, алимент мөлшерін өзгерту немесе алимент төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтату туралы талабымен сотқа жүгінуге құқылы. Ал ЖСО-ның алимент төленгенін дәлелдейтін түбіртектер немесе қолхат болмаған жағдайда, өз бетімен берешекті кемітуге, өзгертуге құқықтық уәкілеттілігі жоқ. Мұндай әрекеттер сот актісі арқылы ғана іске асуы мүмкін.
– Сот актілерін орындауға қатыс­ты мәселе бүгін туындап отырған жоқ. Бұл Жеке сот орындаушылар палатасындағы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмайтынын білдірмей ме?
– Шындығында, жеке сот орындау­шыларының аумақтық палатасының өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отырғаны рас. Кемшіліктердің жүйелі түрде қайталануы палатада жеке сот орындаушылар жұмысына қадағалау жүргізілмейтінін, қатемен жұмыс қолға алынбайтынын көрсетеді. Егер кемшіліктер талқыланып, істерге мониторинг жасалып, соның нәтижесіне қарай заңды дұрыс қолданудың тәртібі үнемі назарға са­лынып отырса жеке сот орындаушылар­ға қатысты сот даулары бірден азаяр еді. Ал бізде, керісінше, палата мұндай мәселелерге көз жұма қарап, істі ақсатып келеді. Тіпті, сот тарапынан қабылданған жекеше ұйғарымдардың тәртіптік комиссия тарапынан уақытылы қаралмауын қалай түсіндіруге болады? Сол себепті, палата басшысына ҚР ӘҚБтК-нің 664-бабымен екі дербес әкімшілік хаттама толтырылып, сот қаулыларымен кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айта кеткенім жөн. Енді осыдан нәтиже шықса, қанеки.
– Жеке сот орындаушыларға қатысты талап қоюлар санын азайту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болғандықтан, жеке сот орындаушылар жұмысының жақсарғаны бізге де, азаматтарға да пайдалы. Айталық, бір азамат жеке сот орындаушының алимент бойынша берешекті анықтау жөніндегі қаулысын даулады. Сотқа қойған талабында ол өзінің кәсіпкерліктен түсетін табыс мөлшері дұрыс есепке алынбағанын алға тартқан. Ал сот отырысында борышкердің сот орындаушысына өзінің бухгалтерлік, есептік құжатын ұсынбағаны, сол себепті берешек дұрыс есептелмегені белгілі болды. Егер борышкер алдын ала ЖСО-ға арызданып, құжаттарын ұсынғанда, даудың сотқа жетпей шешілуі мүмкін еді. Сотта тараптар өзара келісімге келіп, ол бо­йынша борышкер 14 күннің ішінде бухгалтерлік құжаттарын ЖСО-ға ұсынуға міндеттеніп, татуласу келісімі бекітілді. Демек, сотқа дейінгі дауды реттеу тәртібі енгізілсе, талап қоюлардың саны айтарлықтай азаяды.
Сондай-ақ, осы санаттағы арыздар бойынша талап қоюшының баж салығынан босатылуы мәселесін қайта қараған дұрыс деп ойлаймын. Неге? Себебі, борышкерлер баж салығын төлемеген соң, істі үздіксіз және негізсіз созбалаңға салу мақсатында сотқа жүгіне береді, Егер талап қою алдында мемлекеттік баж төлеуге міндетті болса, талап қоюшылар бажды төлемес үшін, ең алдымен ЖСО-ның өзіне арызданып, дауды өзара шешуге ұмтылар еді.
Өз кезегінде сот орындаушылар заңмен белгіленген міндеттерін тиісті деңгейде орындап, тараптарға заң талаптарын түсіндіріп, уақытылы олардың өтініш-арызын қарап отырған жағдайда, талап қоюлар саны азаяры анық.
– Жаңа әкімшілік соттардың жұмысқа кіріскеніне де он айдың жүзі болыпты. Судьялар өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқара алып отыр ма?
– Талдау көрсеткендей бірінші сатыдағы сот судьялары әкімшілік істерді қарауда заң талаптарының бұзылуына жол бермеген, соның арқасында сот актілерінің бұзылу немесе өзгеру фактілері орын алмаған. Жаңадан тәжірибе жинақтап жатқан сот ұжымы үшін бұл жақсы көрсеткіш. Дегенмен, әкімшілік әділет институтының мақсаты – жария-құқықтық дауларды әділ қарап, халықтың сот, мемлекеттік орган жұмысына деген сенімін нығайтумен өзектес екенін ұмытпауымыз керек. Соған орай, алдағы уақытта тәжірибеде кездескен кемшіліктерге жол бермеу үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның талаптарын сақтауды қамтамасыз ету; судьялардың мұрындық болуымен жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен дөңгелек үстел, семинар сабақтарын өткізу; дауды сотқа дейін реттеу мақсатында аумақтық палатада келісім комиссиясын құру кезек күттірмейді. Бүгінде дауды сотқа дейін реттеу тәртібін заңнамалық тұрғыда қарастыру бойынша ұсынысымызды Әділет министрлігіне жолдадық. Болашақта бұл мәселе де өз шешімін табарына сенімдіміз. Сондай-ақ, әкімшілік соттың судьялары заң бұзушылықтарға жол беріп, атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқығына нұқсан келтірген сот орындаушыларына қатысты жекеше ұйғарым қабылдау тәжірибесін жалғастыра береді. Бұған қоса заң бұзушылықтарға ұдайы жол берген сот орындаушыларына қатысты қатаң шаралар қолдану туралы Маңғыстау облысы Әділет департаментінің басшысына ұсыныс енгізу де кемшіліктерді біртіндеп жоюдың бір тетігі болмақ.
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңыз­ға рақмет. Жаңа соттың жұмысы жұртшылық көңілінен шыға берсін деп тілейміз.

Айнұр Сембаева,
«Заң газеті»

Под маской локализации

В ЯНВАРЕ 2026 ГОДА ФАРМАЦЕВТИЧЕСКИЙ РЫНОК КАЗАХСТАНА ПОТРЯС ОДИН ИЗ КРУПНЕЙШИХ В ЕГО ИСТОРИИ КОРРУПЦИОННЫХ СКАНДАЛОВ.

Балалар мекемелерін санитарлық қадағалау күшейтіледі

Енді тексерулер алдын ала ескертусіз, кенеттен жүргізіледі.

Қазақстан халқының саны 20 495 975 адамға жетті

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны жайында мәліметті жариялады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бахтияр Абайұлы Мұхаметқалиев ҚР жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Қызылордадағы Ұлттық құрылтай: Президент тапсырмалары қалай жүзеге асып жатыр?

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы мазмұны мен маңызы жағынан алдыңғы жиындардан айқын ерекшеленді. Мемлекет басшысы бұл жолы өңірлік мәселелермен шектелмей, елдің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін энергетика, көлік-логистика, су ресурстары, цифрландыру, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты нақты міндеттер жүктеді.