Қылмыстық сот ісін жүргізудегі процестік келісім институты қалай қолданылып жатыр?
Қазақстанның қазіргі қылмыстық-процестік жүйесінде процестік келісім институты қылмыстық сот ісін жүргізуді оңтайландырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады Бұл институт қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі – ҚР ҚПК) қылмыстық істерді тергеп-тексеру мен сотта қарауды жеделдету, қылмыстық сот төрелігі тиімділігін арттыру мақсатында енгізілген.
Процестік келісім қалай жасалады?
Қылмыстық сот ісін жүргізудегі процестік келісім – қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор, күдікті немесе айыпталушы (не олардың қорғаушысы) арасында жасалатын арнайы құқықтық тетік. Заңнамаға сәйкес, процестік келісім кінәні мойындау туралы мәміле немесе ынтымақтастық туралы келісім ретінде жасалуы мүмкін. Процестік келісім жасасу тәртібі ҚР ҚПК-нің 612-621-баптарында реттелген. Онда мынадай бірқатар негізгі талап белгіленген. Соның бірі – еріктілік. Онда күдікті немесе айыпталушы процестік келісім жасасуға өз еркімен ниет білдіруі тиіс. Егер мәлімет нақты болса, күдікке ілінген адам өзіне тағылған айып пен іс бойынша жиналған дәлелдерге дау айтпауы тиіс.
Процестік келісім жасасу туралы өтінішті қарау қорғау тарапының өтініш беруінен немесе прокурор бастамасынан басталады. Қылмыстық іс жүргізетін органдар өтінішті прокурорға жолдайды. Прокурор келісім жасасу мүмкіндігін тексеріп, оның талаптарын қорғау тарапы және жәбірленушімен талқылайды. Осыдан соң процестік келісім жазбаша түрде рәсімделеді.
– Келісімде қылмыстық құқық бұзушылық сипаттамасы, тараптардың міндеттемелері, жаза түрі мен мөлшері, жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеу мәселелері және ҚР ҚПК-нің 616-бабында көзделген өзге де талаптар көрсетіледі. Заңнамада келісім жасайтын тұлға мен қорғаушысына олардың құқықтарын міндетті түрде түсіндіру көзделген. Сондай-ақ келісімге қол қойылғанша оның талаптарын құпия түрде талқылау мүмкіндігі қарастырылған, – делінген сот мәліметінде.
Жалпы, процестік келісім институты сотқа дейінгі тергеу сатысында ғана емес, сот талқылауы басталмай тұрып та қолданылып келеді. Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында процестік келісім жасалған істерді қарау ерекшеліктері түсіндірілген. Бұл сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Өскеменде қаралған қылмыстық іс
Мәлім болғандай, биыл тоғыз ай ішінде Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты процестік келісім жасалған 8 қылмыстық іс қараған. Бұл жерде кінәні мойындау түріндегі мәміле ескерілгенін айта кету керек. Сегіз қылмыстың біреуі – аса ауыр емес, жетеуі – ауыр қылмыс санатына жатады. Тәжірибе көрсеткендей, сот ісінің көбінде келісім айыпталушы ауыр қылмыс жасады деп тағылған айыппен келіскен соң жасалады. Жәбірленушінің сол жерде болып, келісімге келуге ықпал жасауы аталған тетіктің іс жүзінде қолданылуына елеулі әсер етеді.
Айталық, сот өткен былтыр ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы 1-бөлігіне сәйкес яғни куәнің көрінеу жалған айғақ беру фактісі бойынша Ж. Есімді тұрғынға қатысты қылмыстық іс қараған. Аталған іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле түріндегі процестік келісіммен түскен. Сот процестік келісімнің ҚР ҚПК-нің 616-бабы талаптарына сәйкес келетінін анықтады. Содан құжатқа прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қол қойған.
– Сот отырысында сотталушы Ж. процестік келісімнің барлық талабымен танысқанын растады. Ол келісім мазмұны өзінің ерікті түрде айтқан сөзімен сәйкесетінін, құжатта көрсетілген талаптардың өзіне түсінікті болғанын айтқан.
Жасалған қылмыстық құқық бұзушылық сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесі, сондай-ақ сотталушының жеке басын ескере отырып, сот оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сот актісіне тараптар шағым түсірмеді және ол заңды күшіне енген.
Салада сақталған мәселеле
Мамандар сөзінше, процестік келісім институтының бірқатар артықшылығы бар. Нақты айтқанда:
- тергеу және сот әрекеттері көлемі қысқаратындықтан, қылмыстық процесті жеделдетуге мүмкіндік береді;
- жәбірленушіге келтірілген зиянды өтеп, оның мүдделерін қысқа мерзімде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
- ҚР Қылмыстық кодексінің 67-бабына сәйкес, келісім талаптарын орындау және өкіну кезінде қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, процестік келісім институтын қолдану практикасы бірқатар проблеманың бар екенін де көрсетеді. Олардың қатарында процестік келісім жасасу кезінде жәбірленушінің құқықтарын қорғау жеткілікті деңгейде нақтыланбағанын айтуға болады. Мұнымен қоса, прокурорлар мен қорғаушылардың кәсіби біліктілігін одан әрі арттыру қажеттілігі туындап отыр.
Жалпы алғанда, процестік келісім институты республика аумағында қазіргі қылмыстық-процестік қатынастар кезінде маңызды рөл атқарады. Ол қылмыстық сот ісін жүргізу тиімділігін арттыруға сеп.
Өскемен қаласының
қылмыстық істер жөніндегі
ауданаралық сотының төрағасы Нургуль Айтбековна Жаксыбекова


