12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Гүлнар ҚУАНЫШЕВА, Ақмола облысы Астрахан аудандық ауруханасы Бас дәрігерінің орынбасары: «ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕННІҢ КӨМЕГІ КӨП»

– Гүлнар Шалабайқызы, ел Президенті 2022 жылы денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен, дәрігерлік амбулаториямен, көлік медицинасымен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл тапсырма Астрахан ауданында қаншалықты орындалды? Ауданнан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек қолжетімді ме?

– Елімізде денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөлініп жатыр десек, бұл ретте «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын бөліп атауға болады. Өйткені осы жоба аясында әрбір азамат сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етілуде. Мысалы, Ақмола облысының Астрахан ауданында 20 418 адам тұрса, мұның 15037-сі – ересектер, 711-і – жасөспірім, аудандағы 5381 баланың 204-і – бір жасқа толмаған бүлдіршіндер. Ауданымызда 60 төсектік аурухана, жоспарлы қуаты бір ауысымда 230 адам қабылдайтын емхана, алты дәрігерлік амбулатория, атап айтқанда, Жалтыр, Первомайка, Петровка, Зеленое, Новочеркаск, Старый Колутон ауылдарында бар. Оларда білікті дәрігерлер мен мамандар қалыпты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Камышенка ауылы мен Колутон станциясында екі фельдшерлік-акушерлік пункт орналасқан, бұған қоса 23 медициналық пункт жұмыс істейді. Ауданымызда жоғары санатты дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер жеткілікті. Олар халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Айрықша атап өтерлігі, ауылдарға, әсіресе, орталықтан алыс тұратын тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту мақсатында мемлекеттен ауданның 28 елді мекенінде 9890 адамды қамтитын жылжымалы медициналық кешен (автобус) бөлінді. Жылжымалы медициналық кешен жұмысы әр жыл сайын кестеге сәйкес жүргізіледі. Жылжымалы кешеннің артықшылығы – автобустар сандық рентген аппаратымен, УДЗ, ЭКГ, қанның, қанттың, холестериннің жалпы талдауын, қанның биохимиялық талдауын анықтау үшін арнайы зертханамен жабдықталған. Бұған қоса, көздің қысымын өлшеу, импульстік оксиметрия, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігері қабылдайтын кабинет, хирург, оториноларинголог, рентгенолог бар. Мұндай жылжымалы медициналық кешендер халықты дер уақытында дәрігер көмегімен қамтамасыз етіп, қауіпті ауруларды дер кезінде анықтайды. Осы арқылы адам өмірінің сақталуына ықпал етеді. Сонымен қатар 2023 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке патронаж қызметі үшін қосымша жеңіл автомобиль бөлінді.

– Облыста медицина мамандарының біліктілігін арттыруға қаншалықты көңіл бөлінген, жалпы ауданда дәрігерлер тапшылығы бар ма, болса, бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Халыққа сапалы қызмет көрсету көбінесе білікті әрі қажетті мамандардың болуына тікелей тәуелді. Осы себепті мемлекет тарапынан ұлттық жобаның бірінші бағыты аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентуралық білім беру гранттарының санын арттыру, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқынды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігерлер санын көбейту көзделген. Мұндай шара еліміздің барлық аумағында дәрігерлер тапшылығын жоюға ықпал етеді. Сұрағыңызға тікелей келсем, біздің облыста дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіледі, яғни, әрбір бес жыл сайын барлығы оқуға жіберіледі. Сонымен қатар мамандар Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы, медициналық жоғары оқу орындары, біліктілікті арттыру орталықтары тарапынан ұйымдастырылатын өз мамандығына қатысты арнайы семинарлар мен тренингтерге үздіксіз қатысады. Біздегі дәрігерлердің санаттылығы 66,7% құрайды, оның ішінде 12 дәрігер – жоғары санатты. Ал орта медицина қызметкерлерінің санаттылығы 60,4 %, олардың 68-і – жоғары санатты маман. Айтып өтерлігі, ауданда офтальмолог, акушер-гинеколог, кардиолог, ультрадыбыстық дәрігер, онколог сынды дәрігерлер әлі де жетіспейді. Бірақ жоғарыда айтып өткен игі бастамалар, сондай-ақ қазіргі таңда жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін берері анық. Мысалы, жас мамандар мен тәжірибелі кадрларды ауданға тарту үшін жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс жолға қойылған. Бүгінгі таңда әкімдік есебінен Астана қаласының медицина университетінде төрт студент білім алып жатыр, сонымен қатар резидентурада акушер-гинеколог, УДЗ дәрігері оқиды. Сондай-ақ аурухана әкімшілігі жыл сайын Астана және Қарағанды медициналық университеттерінде, Көкшетау қаласының медициналық колледжінде Бос орындар жәрмеңкесіне қатысады. Жұмысқа келген жас маманға жергілікті әкімдіктен 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде көтермеақы, ал дәрігерлерге облыстық әкімдіктен 5 млн теңге беріледі. Сонымен бірге оларға тұрғын үй алу үшін аудан орталығынан 2500 АЕК, ауылдардан 2000 АЕК мөлшерінде несие алу мүмкіндігі қарастырылған. – Ауданда ана мен бала денсаулығын жақсарту, өлім көрсеткішін азайту бағытында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр, нақты фактілермен айтсаңыз? – Біздің облыста ана мен бала денсаулығын сақтауға баса мән беріледі. Мәселен, аудандық емхана жанынан отбасын жоспарлау кабинеті ашылған, мұнда әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау, жоспарланбаған жүктіліктің, түсік жасау мен ЖЖБИ-дің (жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың) алдын алу, контрацепция әдістерін насихаттау, гинекологиялық ауруларды емдеу, қалаған жүктілікке дайындық, бедеу жұптарды тексеру және емдеу бағытында кеңестер беріледі. Жыл сайын мемлекет ЭКҰ (экстракорпоральды ұрықтандыру) үшін квота бөледі. Биыл ауданға төрт квота бөлінді, қазіргі уақытта ЭКҰ-ға жіберу үшін жұптарды тексеру жүргізілуде. Перзентхана жанындағы әйелдер консультациясына жүкті әйелдерге көмек көрсету үшін емханадан бес орын бөлінген. Созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерді аймақтандыру қағидатына сай Астана қаласының №2 көпсалалы облыстық ауруханасына, Көкшетау қаласының перинаталдық орталығына, Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жібереміз. Сондай-ақ аталған ғылыми орталық жанынан ашылған бір күндік клиникаға да жүкті әйелдерді тексеруге жібере аламыз. Бұдан басқа, алғашқы буындағы медицина қызметкерлері жүкті әйелдердің жай-күйіне күнделікті мониторинг жүргізеді, әлеуметтік, медициналық факторлар, толық тексеруге жіберудің уақыты, ультрадыбыстық және пренаталдық скрининг, 12 және 32 апта мерзімінде пренаталдық патронаж жүргізу бағаланады. Мысалы, 12 аптаға дейін диспансерлік есепке алу, қандай да бір асқынуларды болдырмау үшін ауыр экстрагенитальды патологиясы бар әйелдерге контрацепция жүргізуге, дені сау бала туу үшін оларды уақытылы сауықтыруға үнемі назар аударамыз. Егер ананың денсаулығы мықты, жүктілік қалаулы болса, бала да сау және бақытты болады.

– Тұрғындардың өз денсаулықтарына деген жауапкершілігі көңіліңізден шыға ма, бұл ретте жұртшылыққа қандай кеңес берер едіңіз?

– Мықты денсаулық салауатты өмір салтын ұстанумен тікелей байланысты десек, өкінішке қарай, пациенттердің өз денсаулығы үшін жауапкершілігі әлі де төмен. Үнді халқының қайраткері Махатма Гандидің «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек» деген қағидасына жүгінсек, әрбір адам өзінің мінез-құлқы мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Денсаулықтан артық байлық жоқ, сондықтан аурудың асқынуына жол бермеудің маңызы зор. Әсіресе, мұны емханаға тіркелуге кеш келетін, көптеген созылмалы аурулары бар жүкті әйелдерге қарата айтқым келеді. Олардың кейбірі дер уақытында мамандарға келіп тексерілмейді, оның салдары учаскелік дәрігерге жауапкершілік арқалатады. Жалпы алғанда, жүкті әйелдің денсаулығына өзінен бастап, отбасы мен туыстары да жауапты, немқұрайдылық танытпай оның дәрігерге келуіне жағдай жасаулары керек. Бұл ретте халықтың көші-қоны мен елорданың облысқа жақындығы маңызды рөл атқарады. Себебі халықтың көбісі Астана қаласында жұмыс істейді, пәтер жалдап тұрады. Солар ауырған кезде Астрахан ауданына тіркелген жеріне келеді, тексеру барысында онкология, туберкулездің асқынған жағдайлары анықталады. Дегенмен учаскелік қызмет тіркелген халық санын нақты тұрғындар санымен үнемі салыстырып отырады, оларды телефондарын тауып, кәсіби тексерулерге, скринингтерге, өкпе флюрографиясына шақырады. Өкініштісі, шақыртуға солардың бірі келсе, бірі келмейді. Пациенттер біздің медициналық ұйымға бекітілген күйінде қалады, өйткені оларды тіркеуден шығару функциясы жоқ. Аудан тұрғындарына жыл сайынғы профилактикалық тексерулерден, мәселен, қан айналым жүйесі ауруларын, глаукоманы, қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтерден, онкологиялық аурулар сүт безі, жатыр мойны, колоректальды обырларды ерте анықтауға арналған скринингтерден уақытылы өтуін, сондай-ақ кез келген аурудың ерте белгілері кезінде өз дәрігеріне уақытылы жүгінуін ылғи да айтып отырамыз. Уақытылы келсе, бізге де жеңілірек болар еді, сондықтан азаматтардан өз денсаулықтарына бейжай қарамауды сұраймыз. Ерте анықталған дерт уақытылы емделуді, денсаулықтың қалпына келуін қамтамасыз етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жарғысында денсаулық – физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі екені көрсетілген. Яғни, адам тек он екі мүшесі сау болып қана қоймай, сонымен қатар еңбек етуге қабілетті, қоғаммен араласа алатындай болу тиіс.

– Аудандық аурухана қанша орындық, медициналық қызмет сапасы мен деңгейіне халық риза ма, ұлт денсаулығын жақсартуда мемлекеттік тұрғыда әлі де болса қандай шаралар қолға алынса дейсіз?

– Ата Заңмен айқындалғандай, еліміздің ең басты байлығы – адам және оның өмірі, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Бізде 60 төсектік аурухананың тәулік бойғы стационары, жалпыбейінді бөлімшелері, балалар, перзентхана, инфекциялық бөлімшелері, сондай-ақ күндізгі стационардың 41 төсегі бар. Медициналық көмек көрсетудің сапасын бұдан әрі жақсарту үшін ауруханада пациенттерді қолдау қызметі бар. Осы жерде пациенттердің проблемалары мен өтініштерін қаралып шешіледі. Тағы бір айтып өтерлігі, 2023 жылдың маусымынан бастап Қоғамдық сенім комиссиясы құрылды, оның құрамына медицина қызметкерлерінен басқа жергілікті жұртшылықтың, кәсіпкерліктің өкілдері кірді. Комиссия сонымен қатар халықтың барлық өтінішті қарап, оларды тоқсан сайын талдап отырады. Бұған қоса, бізде саll орталығы үздіксіз жұмыс істейді, сенім телефоны бар, ондағы жауапты мамандар тұрғындардан барлық қоңырауларды қабылдайды. Мұның бәрі ұлт денсаулығын жақсарту мақсатында жұмыс істейді.

– Медициналық көмекке қолжетімділікті арттыруда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қаншалықты тиімділігін көрсетуде?

– Тұрақты жұмысы жоқ, жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар қоғамымызда жетерлік. Мысалы, үй шаруасындағы әйелдер белгілі бір іспен айналысса да, МӘМС жүйесінде ай сайынғы төлемдерді төлеуге мүмкіндігі болмайды. Сондықтан науқастардың бұл санаты емханаларға келмей, көбіне қатерлі ісік, туберкулез және басқа да ауруларды асқындырады. Ал МӘМС жүйесіне тіркелгендер шақыртумен келіп, түрлі скрининг, тексерулерден өтеді. Жүйенің тиімділігін аурудың алдын алуымен байланыстыруға болады.

– Емханаларда жұмыс істейтін медбикелердің функциялары кеңейтілмек, бұл қаншалықты тиімді болады деп ойлайсыз?

– Медбикелер дәрігерлердің алғашқы көмекшілері, сондықтан олар ауылдағы медициналық пункттерде, фельдшерлік-акушерлік пункттерде шұғыл көмек көрсетеді. Балаларға, жүкті әйелдерге, босанған аналарға, созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын пациенттерге, мүгедектігі бар адамдарға үнемі патронаждар жүргізеді, олардың көмегі мен еңбегіне баға жетпейді. Ылғи да учаскелік дәрігерлермен байланыста болады. Шұғыл көмек берілген соң, олар пациенттерді білікті медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлері бар амбулаторияларға, аудандық ауруханаға жеткізеді. Дейтұрғанмен халық медбике дәрігерді алмастыра алмайтынын және орта білімді болғандықтан, жеке қабылдау жасамайтынын түсінуі тиіс. Пациенттердің де медбикенің қабылдауына баруы екіталай. Менің ойымша, медбикенің жұмысын бақылау учаскелік дәрігерге қосымша жүктеме артады. Себебі негізгі жауапкершілік бәрібір дәрігерде қалады. Ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты күші болса, денсаулық – адамның ең қасиетті де құнды қазынасы. Бабаларымыз «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» немесе «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегенді бекер айтпаған. Сондықтан халқымыз салауатты өмір салтына, спортқа көп көңіл бөліп, өздерін әртүрлі зиянды әдеттерден аулақ ұстаса, дұрыс тамақтанса деген тілегіміз бар. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері адам саулығының 50 пайызы оның өмір сүру сапасы мен денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне, өмір салтына тікелей байланысты екенін көрсетеді.

– Сұхбат бергеніңізге үлкен рақмет!

Әңгімелескен Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Как проходит модернизация досуговых центров в Алматы?

В Алматы постепенно развивается инфраструктура для молодежи города. Одним...

Алматыда жастарға арналған  демалыс орталықтар жаңғыртылуда

Алматы қаласындағы ең маңызды жастар жобаларының бірі – 100...

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар...

Мемлекеттік қызметшілердің үздік жобалары мен бастамалары бойынша конкурс өтті

2024 жылдың 20 желтоқсан күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің...

Жоспарлы тексеру аясында мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және...